Келісімсіз дақыл өсіргендерге айыппұл салынады. Министр Н.Нұржігітов шұғыл Мақтааралға келді

Oinet.kz 25-07-2025 174

524581802_1069808158671418_5842908306423068198_n.jpg 

Жетісай және Мақтаарал аудандарында су тапшылығына байланысты  Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, жергілікті диқандарды суармалы сумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімнің баспасөз қызметі хабарлады.

Су ведомствосының басшысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық суды бөлетін «Достық» мемлекетаралық каналына барды. Қазіргі уақытта су біздің елге бұрын қол жеткізілген халықаралық келісімдерге сәйкес жеткізіліп, Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы егіс алаңдарын суаруға пайдаланылады.

Бүгінгі таңда «Қазсушардың» Түркістандағы филиалы Мақтаарал ауданының шаруаларымен суармалы су беруге 3 223 келісімшарт жасасты, Жетісай ауданы бойынша 1 492 келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта Жетісай ауданында суармалы жер көлемі - 47 332 га, Мақтаарал ауданында - 27 255 га.

Одан кейін министр «Машиналық әдіспен су көтеру каналының» жұмысымен танысты. «Қазсушардың» Түркістандағы филиалы нысанды механикалық жолмен тазалауды аяқтап қалды.

 «Келісімшарт жасаған су пайдаланушылармен міндеттемелерді орындау үшін каналдар бойынша кезекпен су беру жүргізіледі, ал министрліктің жұмыс тобы мен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы су пайдаланудың заңдылығын қатаң бақылауда ұстайды. Сондай-ақ суды келісімшартсыз тұтынғандарға және су жеткізушінің келісімінсіз өсірілетін дақылдардың түрін өзгерткендерге айыппұл қарастырылған. Бірақ диқандар да су үнемдеу технологияларына көшіп, ылғалды көп қажет ететін дақылдарды егуді азайту арқылы су ресурстарын үнемдеуге өз үлестерін қосуы керек. Мемлекет бұл үшін субсидиялар түрінде барлық қажетті жағдайды жасады»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Биыл Түркістан облысында күріш егу жоспары 3,3 еседен асып кеткенін еске сала кетейік. Суармалы су тапшылығы қаупіне және 4000 га шекті көлемге қарамастан, «Қазсушардың» жергілікті филиалы диқандармен 13 258 га күріш алқаптарын суаруға 1 047 келісімшарт жасасқан. Осыған байланысты филиалдың бірқатар басшысына қатаң сөгіс берілді.

Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанның оңтүстігінде суару кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін арнайы жұмыс топтарын құрған болатын. Бұл топтар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. Түркістан облысындағы вегетациялық кезең министрліктің бақылауында.

 


Шымкентке уақытша бас дәрігер тағайындалды
Перизат Қайрат пен анасына үкім шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу