Төлеби ауданына жыл басынан бері 22 500 демалушы келген

Oinet.kz 25-07-2025 60

image.png    

Қазақстан  мұхитпен шектеспейтін мемлекет.  Десе де еліміз туристерді керемет жағалауымен таңқалдырмаса да, қазақ жерінде кісі қызығарлық  табиғат  өте көп. Біздің географиямыз алуан түрлі. Яғни республикамыз  жылдың төрт мезгілінде де  туристерді қабылдай алады. Еліміздің Оңтүстігі  адамдарды қашанда қонақжайлылығымен, тұмса табиғатымен  баурап алатын мекен. Әсіресе, Қазақстанның Швейцариясы атанған Төлеби ауданына бір келген қонақ қайта келгісі келетіні анық. 

   Аудан шығысында Талас Алатауы, оңтүстік батыста Өгем, Қаржантау, Қазығұрт тау сілемдерінің бөктерінде орналасқан.  Таулы аймақ болғандықтан жаздың күндері мұнда салқын болады. Сондықтан Оңтүстіктің шіліңгір шілдесінде қала тұрғындары тауға ағылады. Бұл өз кезегінде ауданда тау туризмінің дамуына жол ашты. Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша ең көп демалыс орындары осы Төлебиде. Аудан заманауи демалыс кешендерімен ғана мақтанатын өлке емес. Тасын түрсең тарихы сайрап қоя беретін аймақ тарихи, аңызы мен ақиқаты ұштасып жатқан киелі мекендерге бай.  Ғайып Ерен Қырық шілтен әулие шатқалы, Жылаған ата үңгірі, Көз әулие, Мың шейіт әулие тағы да басқа қасиетті орындар осы сөзіміздің дәлелі. 

  Мамандардың айтуынша биылғы 5 айда Түркістан өңіріндегі тарихи орындарға 424 мың адам саяхаттап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға артқан. Табиғи аумақтарға саяхаттаушылар саны 58 мыңға жуықтап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көбейіпті. Ал Төлеби ауданына ағымдағы жылдың 5 айында 22 500 демалушы келген.  «Төлеби ауданында 2025 жылдың бес айында жалпы өнім 53,1 миллиард  теңгеге жеткен. Ал биылғы жылдың жартысына дейін ауданға 22,5 мың турист келді. Олардан өңір бюджетіне 681 миллион теңге пайда түсті»,- Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов аймақта атқарылған жұмыстар бойынша БАҚ өкілдеріне берген брифингте осылай деп мәлімдеді. 

Тау етегінде орналасқан Төлеби ауданының табиғаты туризмге сұранып-ақ тұр. Бүгінде бұл мүмкіндікті аудан басшылығы да,  ауыл тұрғындары да игілікке пайдалануда. Әсем табиғаттың сыйын одан әрмен туризммен дұрыс үйлестіре білсе Төлеби ауданы облыстың ғана емес республиканың басты туристік аймағына айналатынына күмән жоқ.   

«Жоғалған көтеншек» бүкіл елді ду күлдірді
12 туристік нысан іске қосылмақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу