Туризм саласындағы көрсеткіштер 3,7 есеге артпақ
Төлеби ауданында туризм саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Жыл сайын мұнда жаңа турситік нысандар бой көтеріп, ауданға аяқ басқан қонақтардың саны да арта түсуде. Туризмнің дамуына ауданның ерекше табиғаты зор үлесін қосуда. Тау сілемдері, шатқалдар мен өзен, бұлақтар және қорықтар туристерді өзіне магнитше тартуда.
Жалпы ауданда 2024 - 2030 жылдары туризмді дамыту үшін жалпы құны 78,1 миллиард теңге болатын 23 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Жоспар бойынша жаңа туристік және демалыс орындары ашылады. Жалпы өңірлік өнімнің көлемі былтыр 145 миллиард теңге болса, биыл 149,8 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Тиісті жұмыстар арқылы 2030 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 369 миллиард теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Яғни, өнеркәсіп өнімі көлемін 49 миллиард теңгеден 115 миллиард теңгеге дейін, құрылыстың көлемін 10 миллиард теңгеден 15 миллиард теңгеге, сауда көлемін 28 миллиард теңгеден 84 миллиард теңгеге, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 62 миллиард теңгеден 154 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2030 жылға дейін өнеркәсіп 2,3 есеге, ауыл шаруашылығы 2,5 есеге, құрылыс 1,5 есеге, сауда 2,9 есеге, туризм саласындағы көрсеткіштер 3,7 есеге артпақ.