Бектеновтің беделі... Ақорда «Мұрагер операциясын» бастады ма?

Oinet.kz 24-07-2025 92

65c1d78dbcfa6.jpg

Өткен аптада Үкімет алты айды қорытындылады. Әдетте жартыжылдықтың есебі берілетін жиын Президенттің қатысуымен өтуші еді.  Бұл жолы қалыптасқан дәстүр бұзылды.

Алдымен Үкімет отырысында Бектеновтің командасы жартыжылдықты  толағай табыстармен атап өтті. Алты айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 6,2%-ға жетті. Бұл соңғы 14 жылдағы ең жоғары мән екен.  Вице-премьер Жұманғариннің жасаған баяндамасындағы мәліметтер осылай дейді.

Бұдан кейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен вице-премьерлер журналистерге арнап баспасөз мәслихатын берді. Осы баспасөз мәслихаты қоғамда қызу талқыланды. Өйткені тәуелсіз Қазақстанның тарихында Премьер-министр ешқашан журналистерге арнап 3-4 сағаттап брифинг бермеген көрінеді. Бізде көбіне журналистермен, көпшілікпен емін-еркін пірік алмасуларды Президент жүргізетін. Ертеректе Назарбаев бірнеше сағат бойы қазақстандықтардың сұрақтарына жауап беретін. Бірақ бұл дәстүрдің кейінгі кездері үзіліп қалғаны рас. Осы олқылықтың орнын Бектенов толтырмақ болды ма?

Неге Бектенов? Бір жарым жыл бойы тып-тыныш жұмыс істеп келген Премьердің көлеңкеден шығып, жарқырай көрінуінің себебін немен түсіндіруге болады??

  Төрт сағатқа жуық уақытқа созылған баспасөз мәслихатында Бектеновтің басшылық стиліне, жеке басына қатысты сауалдар да қойылды. 

«Сіз шынымен Әділбек Жақсыбековтің күйеу баласысыз ба?» деген сұраққа Үкімет жетекшісі: «Бұл мәлімет шындыққа сай емес. Мен қазіргі немесе бұрынғы ешбір шенеунікпен туыстық байланыста емеспін», деп жауап берді.

 Бектеновтің осы жолғы белсенділігін сарапшылар да әрқилы болжап жатыр. Біреулер биліктің Ата Заңға өзгерістер енгізіп, Премьердің құзыретін кеңейтуі мүмкін деген мағынада пікір білдіріпті. Алайда 2022 жылы Конституциялық реформа жасап, оны референдум арқылы бекіткен Ақорданың негізгі заңды тағы да өзгертуі неғайбыл сияқты. Оның үстіне Тоқаев президенттік билікті күшейте беруге мүдделі екендігін бұған дейін де бірнеше рет білдірген. Гәпті басқа жақтан іздеу керек.

Біріншіден, бұл күннен-күнге әлсіреп бара жатқан Үкіметтің беделін көтеру үшін жасалған әрекетке ұқсайды. Жартыжылдықта ауыз толтырып айтарлықтай істер бар болса, оны неге жұртқа жарияламасқа?!  Үкіметтің халық үшін күн демей, түн демей жұмыс істеп жатқанын неге көрсетпеске?! Бір жағы «Үкімет отставкіге кетеді», «Бектенов құзырлы органдарға қайта оралады» деген әңгімелерге нүкте қою қажет болды. Премьер «ҰҚК-қа басшы болып барады» деген өзіне қатысты болжамдардың негізсіз екендігін ашық айтты.  Яғни, жақын арада ешкім отставкіге кетпейді, Бектеновтің кабинеті тастүйін жұмыс істей береді деген сөз.

Екіншіден, бұл расында да Бектеновтің беделін, танымалдылығын көтеру үшін жасалған шараға да ұқсайды.

 «Бектенов Қазақстанның болашақ Президенті болуы мүмкін» деген пікірлермен келісуге  болады. Өйткені Тоқаев президенттік  мерзімінің жартысына жуығын өткеріп қойды. Мұрагер мәселесін ойланатын кез келді. Осы жерде Назарбаевтың Тоқаевты билікке алып келу үшін үш жыл дайындалғанын еске түсіріп көріңіз. Яғни, Бектеновтің қалыптан тыс баспасөз мәслихаты «мұрагер операциясының» бастамасы болуы әбден мүмкін.

P.S. «Стратегия» саяси және әлеуметтік зерттеулер орталығы жуырда саяси элитаның екінші тоқсандағы  рейтингісін шығарды. Бұған дейін рейтингте өзінің орынбасары Қанат Бозымбаевтан төмен тұратын Олжас Бектенов бұл жолы жетінші орыннан бірден төртінші орынға секірді.  Бозымбаевқа жетінші орын бұйырыпты.



4 миллиард теңгені жымқыру... Елге «аңыз-ертегі» айтқан Қалқаманов тағы құтылып кете ме?
«Nazira Gold» ісі сотқа түсті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу