Әулие аралап, әруаққа сиыну «ширк» пе?

Oinet.kz 30-10-2014 11031

Тәуелсіздігімізді алып, «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген» замандағы атқарылған игі тірліктің бірі--тарихи тұлғаларымызды ұлықтадық, өшіп бара жатқан ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді қайта жаңғырттық. Халқымыз ежелден қасиет тұтқан әулиелердің басына кесенелер салынды, ескілері жаңаланды.  Бүгінде  осы әулиелі орындарға, кесенелерге барып, әруақтардың құрметіне құран бағыштаушылар көбейді. 

Әулиеден медет сұрау, әруақтарға құрмет көрсету бұл қазақтың санасында ежелден бар түсінік. Әсіресе дертіне дауа іздегендер, бір перзентке зар болғандар, өмірде жолы болмай, бағы ашылмағандар «Арыстан бапқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген тәмсілді алға тартып, бірнеше жүз шақырым жолды артқа тастап әулиелі орындарға ағылып жатады. Рас, кейінгі жылдары әулие аралатуды, зиярат етуді табыс көзіне айналып жібергендер де кездесті. «Ата жолы», «Аққу», «Сұңқар» сияқты секталар соңына дүйім жұртты ертіп, елді соқыр сенімге иландырмақ болды. «Пәлен әулиеге барсаң, дертіңнен айығасың, жолың ашылады, сұрағаныңды береді» деп жұртты адастырды. Бірақ пайда қуғандардың әрекеті ақыры әшкереленді.  

Screenshot_14.jpg

Қазақ қай уақытта да киелі орындардың қасиетін ұғына білген халық. Осындай киелді мекендерде бір тылсым құдыреттің барын сезіне білген. Ислам дінін қабылдағаннан кейін де «Алдымен Алладан сұраған» қазақ әулиелерге, әруақтарға құрмет көрсетуді қалыптасқан дәстүр ретінде алып келеді. Дегенмен шариғат жолын қатаң ұстанушылар бұған қарсы пікір айтады. Құран Кәрімде «Егер оларға жалбарынсаңдар - дауыстарыңды естімейді. Мүбада, олар естісе де, сендерге жауап қайтара алмайды. Толық хабар беруші Аллаһтай сендерге ешкім түсіндірмейді» деп жазылған. Бұдан ұққанымыз әулие-әнбиелерге сиыну ислам дініне қайшы келетіндігі. Осындай аят, хадистерді алға тартушылар әулиеге зиярат жасауды ширк деді. Тіпті кейбір өңірлерде теріс ағымдардың жетегінде кеткен азаматтар бейіттерді бұзуға дейін барды. 

Қоғамда әулиелерге зиярат жасау мәселесі ұдайы айтылып келеді. Бұл жөніндегі талас-тартыс қайта-қайта тұтанады. Біреу дұрыс, біреу бұрыс дейді. Кейінгі кездері дінге мойынұсынған жастардың қатары көбейіп келеді. Бұған шүкіршілік дейміз. Алайда шариғат жолын ежелден қалыптасқан дәстүрмен байланыстырғысы келмейтіндердің де көбейіп келе жатқаны рас. Мұның бұрыс-дұрыстығын кім айта алады?

Асылында біз әруаққа сиыну мен сыйлауды ажырата білу керек секілді. Ал осы сыйыну мен сыйлаудың ара-жігі қайсы? Бұған біз тілдескен азаматтар не деді, дін өкілдері не деді? 

Байғали Есенәлиев, актер: «Әруақтарға құрмет көрсету салтымыз»

Адамның тылсым дүниелерге деген әуестігі мен оған деген құрметіне шектеу қоюды дұрыс санамаймын. Әруақтарға құрмет көрсетіп, олардан медет сұрау атадан қалған салтымыз. Астамшылық пен дүние-жалғанды мойындап, өзімнің бойымдағы өлімге деген қорқынышты жеңу үшін Кеңсайды екі-үш айда бір аралап қайтамын. Ауылға барғанда бейіттерге құран бағыштаймын. Реті келсе әулиелі жерлерге тоқтап, қазақ даласына осындай тұлғаларды сыйлаған Аллаға алғысымды білдіріп, құран оқимын.

Назира Байырбек, журналист:  «Қазақ бейіттерге жанына медет іздеп барады »

Жер-дүние, барлық жаратылыс - Алладан. Сондықтан да, мен әруаққа табынуды дұрыс деп есептемеймін. Бірақ, кейде әулиелі жерлерге барып, адам жанына медет іздесе, оның айтарлықтай айыбы жоқ деп ойлаймын. Неге десеңіз, тазару, жақсылық іздеу күнә емес. Ислам дінінде де жалпы бейіт басына баруға шек қойылмаған. Қателеспесем шариғатымыз бойынша біріншіден, қабір басына құран оқу үшін баруға болады делінсе, екіншіден, өлімді еске алып, бір сәт ойлану, толғану үшін баруға болады делінген. Жалпы атам заманнан қазақ әулиелі жерлерге қиналғанда жанына медет іздеп барады. "Жақсыдан шарапат" демекші, қасиетті орынның да бір септігі тиетін шығар деп ойлайды. Ал Мекке мен Мәдиненің мұсылман қауымы үшін қастерлі, қасиетті орнына айналып кеткені секілді төңірекке аңыз болып таралған киелі жерлер болады. Кейбір адамдар қызығушылықпен, яғни туристік мақсатта көруге барса, кейбіреулер шынымен сол жерде шарапат болар деп, бір үміт арқаланып жатады.

Ислам дініндегі барлық тыйым мен шектеудің парыз бен сүннеттің адамның өз игілігі үшін екенін ескерсек екен демін. Онда түбегейлі қатып қалған қағида жоқ. Адам қиналғанда әр түрлі жол іздейді. Өз басым адаспау үшін негізінен ортаңғы жолды ұстанамын. 

Нуриддин Бидосов, тележүргізуші: «Ата-бабаны қастерлеу парыз»

Әулиеге сену-сенбеу ол әркімнің өз құқы. «Алдымен Аллаһ, сосын әулие» деп сенетіндер бар, сондай-ақ  әруақтарға табыну «Аллаһқа серік қосқандық» деген қағиданы ұстанатындар бар.  Жалпы бізде, қазақтарда Әулиеге табыну дәстүрі ежелден бар. Жалғыз біз емес  олар туралы түсінік барлық діндерде кездеседі. Әулие аралау, сиыну ислам дініне қайшы келеді ме жоқ па – оны  ашып айта алмаймын. Бірақ өз ойым ол әулие болсын-болмасын, ұлы ата-бабаларымызды қадірлеп, қастерлеуіміз қажет. Бұл – біздің тарихымыз.  Мұндай қасиетті жерлерге жиі болмаса да ара-тұра барып тұрамын. 

Қадырғали Көбентай, бард-әнші: «Әулиелерді жиі аралаймын»

Бұл мәселеге бір жақты пікір айта алмаймын. Себебі зират, кесене басына барып, дұға тілеу ислам дініне қайшы келетін әрекет. Ал қазақтың дәстүрі, ұғымы бойынша дұрыс деп есептелген. Қазақ ежелден дін мен дәстүрді бөлмей, бірге алып келе жатқан халық. Әулиелердің басына барып, тәу етуді халқымыз бағзы заманнан қалыптастырып келеді. Батырларымыз жауға шапқанда «Әруақ» деп ұрандаған, ақсақалдарымыз бата бергенде «әруақтар қолдасын» деп жатады. Мұның барлығын жоққа шығарып, түбегейлі дұрыс емес деп айта алмаймыз ғой. Осы дәстүрмен менде қолым босаған уақытта әулиелердің басына барып, құран бағыштап тұрамын. Атақты күйші Сүгір Бегендікұлының басына арнайы іздеп барып, тәу етіп қайтқанмын. Енді  қазақтың маңдайалды әншісі Әсет Найманбайұлының Қытайдағы Құлжа қаласында жатқан зиратын көзбен көріп, құран бағыштап қайтуды көздеп жүрмін. 

Бейімбет Дүйсенәлі, Орал қалалық мешітінің наиб имамы:  «Аллаһқа серік қосу үлкен күнә»

Біз мұсылман жұрты әруақты сыйлаймыз, алайда сыйынбаймыз. Әулие-әруақ мазарына тек марқұмға құран сауабын бағыштап, Алланың кешірімін тілеуге барамыз. Исламдағы ең үлкен күнә - Аллаға серік қосу. Сол себепті  мазар аралау әдебін білмесек қате сенім арқылы осы үлкен күнәға ұшыраймыз. Ата-бабамыз дінімізге берік болған. Мысалы, «Бірінші тілек тілеңіз, бір Аллаға сыйынып» және «Бір Аллаға сыйынып,

кел балалар оқылық» деген өлең жолдарында   сыйыну сөзі тек жалғыз Аллаға ғана арналган. Ал Құранның Фатиха сүресінде  "Саған ғана сыйынамыз, Сенен ғана жәрдем тілейміз " дейлінген. Сондықтан қабірдегілерден тілек тілеп, Аллаға серік қоспайық. 

Қолшоқпар. «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы»
«Талибан»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу