Қолшоқпар. «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы»

Oinet.kz 16-04-2019 2784

Screenshot_13.jpg 

«Шығыс Түркістанды азат ету ұйымын» 90-жылдарда Шыңжаңдағы сепаратистік қозғалыстың көсемі, Қашғардың белгілі діни қайраткері Хасан Махсум  құрған. Ұлт тәуелсіздігін мұрат еткен саяси көзқарастары үшін Хасан Махсум  үш жыл Қытай түрмесінде отырған. «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымының» көсемі Хасан Махсумды 2003 жылы Қытайдың аймақтағы ең жақын әскери-саяси ынтымақтасы Пәкстан Ислам Республикасының арнайы қызметі өлтірді. «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымының» негізгі мақсаты –  Шыңжаң аумағында  «Шығыс Түркістан исламдық мемлекетін» құру. Цин империясы 1858 жылы ұйғырларды бодан еткенге дейін Шығыс Түркістан жерінде зайырлы және діни билікті ұштастырған Ислам мемлекеті болған.

Қытай баспасөзінің мәліметтерінде айтылатындай, «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы»  «Талибан» және «Аль-Қаида» қозғалыстарымен тығыз қарым-қатынаста болған. 1999 жылдан бері Ауғанстан аумағында қоныс теуіп, ауғандық және араб мужаһидтерінен қолдау тауып отырған. Бұған қосымша «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы» Ахмад Шах Масуд басқарған «Солтүстік альянс» күштеріне қарсы соғыс қимылдарына қатысыпты. 2001 жылы АҚШ-тың және оның одақтастарының Ауғанстандағы агрессиясы кезінде «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымының»  әскерлері  «Талибан» және «Аль-Каида» жағында соғысты. 

Қытайдың «Жэньминь жибао» газетінде жарияланған деректерге қарағанда,  «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымының» шет мемлекеттерде 50-ге жуық ірілі-кішілі ұйымдары бар.  Сол ұйымдардың ішіндегі ең қауіптісі  «Шығыс Түркістанның ислам қозғалысы» атты  террорлық ұйым болып табылады. Аталмыш басылымның жазуынша, «Шығыс Түркстанның» әскерлері «Әл-Қаиданың» базаларында дайындықтан өтіп, террорлық актілер жасау үшін Қытайға жіберіледі. Бұл ұйымды Біріккен Ұлттар Ұйымы да террорлық ұйымдар тізіміне енгізді.Қытай билігінің айтуынша, Шығыс Түркістандағы терроризм исламизм және панисламизм идеологиясына негізделген сепаратистік сипатқа ие. Пекин билігінің ресми пікірінше, «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымының» негізгі мақсаты – Қытай мемлекетін террорлық әдістермен ыдыратып, Шыңжаңда Халифат үлгісіндегі Шығыс Түркістан ислам мемлекетін құру. Батыстың ақпарат құралдарындағы мақалалардың Қытай арнайы қызметтерінің деректеріне негізделгенін айта кету керек. Сол мақалалардағы деректерде «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымын» «Әл-Қаида» ұйымы қаржыландырып отырады. Сондай-ақ аталмыш ұйымның қаржы жүйесі қару мен есірткінің контрабандасынан, ұйғыр ұлтынан шыққан бай  бизнесмендерді қорқытып алған дүниеден және басқа да қылмыстық жолмен табылған мал-мүліктен құралады.

БҰҰ мен әлемнің бірқатар елдерінде террорлық ұйымдар тізіміне енгізіліп, қызметіне тыйым салынған «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымының» тарихы Шығыс Түркістан ұлт азаттық қозғалысымен тікелей байланысты. Осы ұйым іспеттес ұйымдардың болмысы ұйғырлардың  ұлт-азаттық күресі, ал Пекин билігі  сепаратизм мен панисламизмге негізделген террорлық әрекет деп қарастыратын құбылыспен тығыз байланысты екенін тарихшылар да, саясатшылар да мойындайды. Тарихшылардың деректеріне қарағанда, Қытайдың Шығыс Түркістанды толық иеленуге бағытталған күресі екі мың жылдан астам уақытқа созылды. 18 ғасырдың ортасында Жоңғар хандығының толық талқандалуымен мұсылмандар қоныс тепкен өлкені Цин империясы өз құрамына қосып алды. Бірақ бұл өлкені империяның асқазаны біржолата «қорыта» алмады. Өлкені күшпен қытайландыру, мұсылмандардың өз діни ғибадаттарын атқаруын шектеу, «бүлік шығарды» деп айыпталғандарды ел алдында  өлтіру ұйғырлардың қаһарын оятып, ашу-ызасын тудырды. Оларды Қытай билігінің осы саясатына қарсы бірде  ереуілге, тағы бірде қарулы қақтығыстарға, ал 1820 жылы  ұлт азаттық күрес сипатын алған шайқасқа шығуына себеп болды. 1820 жылы Жәңгірқожа бастаған көтерілісті ұйғырлардың Қытай билігіне қарсы көтерілісінің шарықтау шегі деуге болады. Қытай үкіметі Жәңгірқожаны аяусыз жазалады: өлтіріп, денесін кескілеп, етін итке тастады. Жалпы 18-ғасырдың ортасынан бүгінге дейін ұйғырлар өз тәуелсіздігі, сондай-ақ Қытай үкіметі мен оның озбыр саясатына қарсы 30-ға жуық үлкен, кейбіреулері екі-үш жылға созылған көтеріліс ұйымдастырды. Тәуелсіздік тарихын зерттеуші сарапшылар: «Тәуелсіздіктей ұлы нығметке лайықты халықтың бірі--осы ұйғыр халқы» деген пікір айтады. Сол көтерілістерде мыңдаған адамдардың қаны төгілді, кей жағдайларда қытайлар өздері «бүлікші» деп тапқан елді мекендердің тұрғындарын толығымен қырып тастап отырды. Күрес сонда да жалғаса берді, кейде жаздың түніндей қысқа уақытқа тәуелсіздікке қол жеткізіп отырды: 1865-1877 жылдары  ұйғырлар Қытай басқыншылығынан кейінгі бірінші өз тәуелсіз мемлекетін құрды, 20-ы ғасырдың 1933-34 жылдары    Шығыс Түркістан Ислам Республикасы, ал 1944-49 жылдары  Шығыс Түркістан Революциялық Республикасы тарих толқынынан көрінді. Бұл екі Республика да Совет Одағымен тығыз байланыс орнатты. Ұйғырстанның сол кездегі басшылыры Совет Одағына енуге ықылас танытқанымен, Сталин Шыңжаңды  Қытай билігі аяғының астына тастап берді.

 Шыңжаңдағы сепаратистік әрекеттердің қазіргі кезеңі 90жылдары Орталық Азиядағы советтік республикалар тәуелсіздік алған жылдары қайта өрлей түсті. Орталық Азия елдерінде, яғни Батыс Түркістанда Шығыстағы қандастарының да тәуелсіздікке жетуін аңсайтын тұлғалар мен саяси ұйымдар пайда бола бастады. Бірақ көп ұзамай бұл бағыттағы ұйымдардың тамырына балта шабылды. Қытай Халық Республикасымен шекаралас мемлекеттер арасында құрылған Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) бір оқпен екі қоянды емес, бірден үш қоянды атып құлатуға даңғыл жол ашты. Біріншіден – ҚХР көрші елдермен шекара мәселесін өз мүддесі тұрғысынан ұтымды нәтижелермен щешіп алды. Екіншіден – терроризм мен сепаратизм мәселесін ШЫҰ-ның күн тәртібіндегі басты мәселелердің біріне айналдырып, Орталық Азия, яғни Батыс Түркістан тарапынан болуы ықтимал қолдауды құрсағында тұншықтырып, көрші елдерді Шығыс Түркістанға тәуелсіздік тілейтін ұйымдар мен тұлғаларға қарсы күреске жегіп қойды. Ал үшіншіден – аймақ елдері мен Аспан астындағы алып елдер арасындағы саяси-экономикалық ынтымақтастықты өз мүдделеріне қарай бағыттай алды. Мысалы ҚХР бүгінде Қазақстанда өндірілетін мұнайдың үштен бірінен көп бөлігін бақылап отыр.    

Соңғы жылдары Шыңжаңдағы сепаратизмді құрықтау, құрсаулау мақсатында Қытай коммунистік партиясы Шығыс Түркістан өлкесіне  қытайларды тоқтаусыз көшіріп жатыр. Пекиннің бұл саясаты ұйғырларды қатты алаңдатуда. Қытайлардың (хансулардың) көбеюі қай салада болсын әділ бәсекеге жол бермей қойды. Аймақ басшысы ұйғыр болғанымен, билік  коммунистік партияның қолында, ал бұл партияға кіруге ұйғырларға жол жабық. Бұл жағдайлар ұйғырларды тынбай көтеріліс жасауға мәжбүрлеп отыр. 2009 жылы 2 миллион халқы бар Үрімшіде болған толқуларда 130-200 жуық адамның қаны төгілді. Ұйғырлар конгресінің есебінше, бұл толқуларда Пекин билігінің қолынан қаза тапқандар саны 600-ге жуық адамды құрады. Ал Люкшин қалашығындағы полиция учаскесінде болған қақтығыста 35 адам қаза тапты. Пышақ, күрек, балтамен қаруланған ұйғырлардың бұл қақтығысына бір қытай шенеуінігінің дініне берік, атақты ұйғыр қартының  сақалын қырып тастауға мәжбүр еткені себеп болғаны айтылды. 

Қытайда 80-жылдардың басында діни мәселеге тікелей қатысты құқықтық нормалар бекітілді. ҚХР жаңа Конституциясының 36-шы бабында: «ҚХР-ның азаматтары дін ұстану еркіндігін алды. Мемлекет діни қызметтің дұрыс жүргізілуін қадағалайды. Ешкім дінді қоғамдық тәртіпті бұзу, азаматтардың денсаулығына, мемлекеттің білім жүйесіне зиян келтіру мақсатында қолдана алмайды. Діни ұйымдар мен діни қызметтер шетел бақылауынан қорғалады» - деп  жазылған. Бірақ Қытай үкіметінің бұл конституциялық ұстанымы көбірек хансуларға, яғни қытайлардың өзіне қатысты болып шықты.

Ресей мен батыстық БАҚ-та жазылып жатқанындай, ұйғыр жастары тек радикалды көзқарастарды ұстанбайды. Ия, басым бөлігі ұлт-азаттық қозғалыстың идеологиясын сезінеді, кейбірі Батыс жаққа назар аударып, Қытайдан кетуге ұмтылады. Сонымен қатар ұйғыр жастарының бір бөлігі керісінше, Қытай билігімен ынтымақтасуға ниетті, Қытай мектептері мен жоғары оқу орындарында оқуды абырой санайды. Ұйғыр халқының арасында ұлт-азаттық қозғалысқа қатысты  бірлік жоқ. Мысалы, Шыңжаңның шығысындағы ұйғырларда Орталық Азиямен, Ауғанстанмен шектесетін облыстармен салыстырғанда  ислам дінінің ықпалы едәуір төмен, тәуелсіздік үшін күрес идеологиясы онда аса танымал емес. Қалалық және ауылдық ұйғырлар арасында да айырмашылық байқалады. Жалпы алғанда Қытай Халық Республикасынан Шығыс Түркістанның бөлінуі үшін күрес қалаларда шоғырланған.

Соңғы бірнеше жылда Шыңжаң территориясындағы ұйғыр ұйымдары мен топтарының күресі біршама бәсеңдеді, бірақ енді бұл құрылымдар Қытайдан тыс шығып, әлемдік қоғамдастық қолдауына ие болуға тырысуда. Олардың орталықтары негізінен АҚШ (Ұйғыр американдық ұйымының офисі Вашингтонда орналасқан) және Германияда (Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің офисі Мюнхенде) қызмет етеді. Мәскеудегі мұндай бөлімше бірнеше жыл бұрын жабылған. Бұл ұйымдардың айтуынша, ҚХР билігі ұйғыр халқының діни наным еркіндігі мен діни салттарды жүргізу құқығына, өз тағдырларын өздері анықтау құқығына қысымшылық көрсетіп келеді.Бүгінгі күннің бір қатаң болмысы - әлемдегі ғаламдану үрдісі. Бұл жағдайда ұйғыр халқы соңына дейін күресуге бел шешкен. Қытай үкіметінің тарапынан оларды тоқтату үшін жүргізген күресін кейбір мемлекеттердің өз геосаяси мүдделері мақсатында  қолдану мүмкіндігі бүгінде маңызды факторға айналды. Ресейдің бас барлау басқармасының офицері Антоль Тарастың айтуынша, Мәскеудің бұйрығымен өткен ғасырдың 70-і жылдары Шыңжаңда ұйғырлардан жасақталған әскерилендірілген арнайы ұйымдар құрылды. Бұл ұйымдар орыс-қытай соғысы бола қалған жағдайда Совет Одағына қызмет етеді деп жоспарланды. Кейін келе осы ұйымдардың негізінде сепаратистік, ал ресми Пекиннің есебінше террорлық ұйымдар құрылды. Ал ауған талибтерінің көсемі Молда Омардың айтуынша, 1996 жылы Америка «Талибан» қозғалысымен келіссөздер жүргізіп, Ауғанстанда ұйғыр сепаратистеріне арналған лагерлер ашуды ұсынды. Бірақ бұл ұсыныс «Талибан» тарапынан қолдау таппады. АҚШ әкімшілігі де осы әскери лагерлерде дайындалған содырларды Қытай үкіметіне қарсы пайдаланбақ болды. Нақтырақ айтқанда «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымын» қайсыбір ел болмасын өзінің қолшоқпары ретінде пайдалануға ұмтылыстары анық аңғарылады.   

Еліміздің бас прокуратурасының мәліметтеріне қарағанда, ұйымның эмиссарлары Қазақстанда да  ұйғыр ұлтынан шыққан  кәсіпкерлерді қорқытып қаржы алған, адамдарды өз ұйымдарына тартпақ болған. Осыған орай 2006 жылы Астана қаласы сотының шешімімен «Шығыс Түрістанды азат ету ұйымы» террорлық ұйым деп танылып, елімізде оның қызметіне тыйым салынды.

Сақал қою сүннет пе, әлде сән бе?
Әулие аралап, әруаққа сиыну «ширк» пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу