«Талибан»
1979-1989 жылдары Совет Одағы мен Ауғанстан арасындағы соғыста қаза тапқан мыңдаған пуштундардың жетім балаларына арнап Пәкістанда медреселер ашылды. Бұл медреселерде балалар негізінен ислами білім алды. Соғыс ардагерлерінен қалған жетім балаларға арнап әскери немесе діни оқу орындарын ашу ілгеріден бар үрдіс. Ресейдегі «Суворов» әскери училищелері де кезінде соғыста қаза тапқан офицерлердің жетім балаларына арнап құрылған болатын. Сол Пәкістанда жетім балаларға арнап ашылған медреселерде білім алған шәкірттерден-- араб тілімен айтқанда «тәлибтерден» 1994 жылы «Талибан» ислами қозғалысы құрылды.
Әлем қауымдастығы террорлық ұйым деп таныған ұйымдардың ішінде елдегі билікті қолына алып, оны 5 жыл бойы ұстап тұрған жалғыз ұйым – осы «Талибан» ислами қозғалысы. Бұл «Ауғанстан Ислам Әмірлігі» деп аталған мемлекетті дүниенің үш елі – Пәкстан Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясы мойындап, қозғалыстың көсемі Молда Мұхамед Омар бастаған Ислам мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатты. Молда Омарды Әділ халифалардың кезіндегідей «Момындардың Әмірі» - «Әмир-ул мумъинун» деп атады.
Қозғалыстың тарихы 1995 жылы талибтердің Гильменд өлкесін басып алып, Гульбеддин Хекматиярдың әскерін талқандауынан басталады. Елдің оңтүстік-шығысының үштен бірін илеген талибтер Ауғанстанның астанасы – Кабулға бет алады. Бірақ ауған тәжіктерінің арыстаны аталған Ахмад Шах Масудтың дивизиялары тәлибтерге тойтарыс беріп, Молда Омардың шәкірттері бұл жылы Кабулды басып ала алмады.
Ал келесі жолы, яғни 1996 жылдың 27 қыркүйегі күні «Талибан» қозғалысы Кабулды қантөгіссіз алып, ол жерде Ауғанстан Ислам Әмірлігін құрып, өз бақылауындағы аумақтарда шариғат заңдарын енгізді. Елдің солтүстігіндегі Ахмад Шах Масуд бастаған «Солтүстік альянс» пен Генерал Абдул-Рашид Дустумның әскерлері «Талибан» билігінің басты оппозициясына айналды. Ахмад Шах Масуд пен Ауғанстандағы өзбек қаумының лидері генерал Дустумды Ресей қолдап тұрғанын айта кету керек. Молда Омар бастаған Талибтер үкіметінің Бамиандағы Будда статуяларын қиратуы мен «Әл-Қаиданың» басшысы Усама бен Ладенге баспана беруі – Америка бастаған әлем қауымдастығының үлкен наразылығын тудырды. 2001 жылғы 11 қыркүйектен соң Америка Ауғанстан Ислам Әмірлігіне қарсы соғыс ашты. Бұл агрессия елдің солтүстігіндегі тәжіктер мен өзбектерді біріктірген «Солтүстік альянс» тарапынан қолдау тауып, Талибтер үкіметінің құлауына әкелді. Талибтердің бір бөлігі астыртын қызметке көшсе, екінші бөлігі – Пәкістанның Уәзірстан провинциясына бет алды. 2000 жылдардан бастап, Уәзірстан «Талибан» қозғалысының тірегіне айналды. Ал 2004 жылға қарай Уәзірстандағы билік толығымен тәлибтердің қолына өтті. 2006 жылы 14-ақпанда тәлибтер Уәзірстан Ислам Әмірлігін құрып, жаңа Әмірліктің жерін Оңтүстік Уәзірстанның территориясы есебінен кеңейте бастады. 2009 жылы тәлибтер Пәкстанның Сват аңғарында 30 пәкістандық әскерилер мен полиция қызметкерін тұтқындап, ресми Исламабадтан осы аймақта шариғат заңдарын енгізуді талап етті. Пәкістан елінің басшылығы бұл талапты орындауға мәжбүр болды. Арада біраз уақыт өтіп, тәлибтер Пәкістанның Бунер провинциясын толығымен өз бақылауына алды.
«Талибан» қозғалысы жасақтарының командирлері бүгінде тәлибтер Ауғанстанның 70 пайыз территориясын бақылап отырғанын айтады. Америка әскерлерінің күшімен билікті ұстап отырған Кабулдағы Ауғанстан әкімшілігі негізінен ел астанасы – Кабул мен солтүстік аймақты ғана бақылап отыр. Осылай соңғы жылдары Ауғанстан халқы қос үкімет жағдайында өмір сүріп келе жатқанын айта кету керек.
«Талибан» қозғалысы идеологиясының негізінде ел басқару жүйесін шариғат заңдарына сәйкес жүзеге асыруға бағытталған ұстаным жатыр. Тәлибтер бақылауындағы аймақтарда шариғат талаптарының орындалуы қатаң бақылауға алынған. Ер адамдардың сақал қоюы міндетті, әйелдердің қоғамдық орындарға күйеуі немесе ер азамат туысынсыз келуіне тыйым салынған, сондай-ақ тәлибтер қыздардың мектептерде білім алуын құптамайды, ұрлық жасаған, некесіз жыныстық қатынастарға барғандар Шариғат жолымен жазаланады. Тәлибтер еркек пен еркек және әйел мен әйел арасындағы жыныстық қатынастар үшін өлім жазасына кеседі. Батыстық демократиялар мен зайырлы мемлекеттер тарапынан «Талибан» қозғалысының осы шектеулері мен тыйымдарына сын айтылып келеді.
Ауғанстанмен шекаралас Орталық Азия мемлекеттері «Талибан» қозғалысын өз қауіпсіздігіне төнуі ықтимал басты қауіп санайды. Американың тәлибтер үкіметіне қарсы 2001 жылы қазан айында басталған агрессиясы Өзбекстан басшылығы тарапынан қызу қолдау тапты. Өзбекстанның Ауғанстанмен шекаралас орналасқан Сурхандария облысында АҚШ-тың әскери базасы ашылып, Ташкент Вашингтонның аймақтағы ең жақын ынтымақтасына айналды. 2005 жылғы Әндіжан оқиғаларынан кейін бұл ынтымақтастыққа сызат түсіп, Ташкент Американың әскери базасын жауып, Мәскеуге қарай қайта бет бұрды. Ресей басшылығы ұжымдық қауіпсіздік шарты шеңберінде Өзбекстан мен басқа да Орталық Азия елдерін Тәлибтер басқыншылығынан қорғауға кепілдік берді. Өзбекстан президенті «Талибан» қозғалысын ауыздықтықтаудың амалын таппай келеді. «Талибан» қозғалысының ұзақ жылдар бойы қамқорлығын көріп келе жатқан Өзбекстан Ислам қозғалысы Каримов үкіметін биліктен кетіріп, өзбек жерінде Халифат үлгісіндегі ислам мемлекетін құруды өзінің басты миссиясы санайды. Бұл қоқан-лоқы тек риторика күйінде қалмай, 1999-2000 жылдары түрлі террорлық әрекеттер сипат алды. Молда Омардың: «Егер біз қаласақ, бамдат намазын Термезде, ал түскі намазды – Бұхарада оқимыз» деген сөзі 2000 жылдары көп айтылып жүрді. «Талибанның» – Пәкістанға ығыстырылуы мен Өзбекстан Ислам қозғалысының басшылары Жума Намангани мен Тахир Юлдаштың қаза табуы өзбек билігінің үрейі мен қаупін біраз сейілткендей болды. Өзбекстан үкіметінің «Талибанға» қарсы күресінде сенімді одақтас болады деп күтілген ауғанстандық өзбектердің лидері – Абдул-Рашид Дустум ресми Ташкент ойлағандай одақтас болмады. Қырық ру Ауған елі мен сан түрлі мүдделер ұстанған ауған қоғамында мәңгі дос табу мүмкін еместігін Ташкент те түсіне бастады. Ауғанстанның Мазари-Шарипінде туып өскен Дауд Қаризада деген бір ауған досым: «Генерал Дустумның анасы қайтыс болып, Ташкентте асын беріп жатыр. Генералға көрініп, анасының қазасына көңіл айтайық» деп мені сол асқа алып барды. Тойхана төңірегіндегі бізге тансық сан алуан қымбат көліктер мен Генералға келіп көрісіп жатқан Ташкент пен Мазари-Шариптің мәртебелілерін көріп, ауғандардың барлығы мен ойлағандай аш-жалаңаш, жоқ-жұпына емес екенін аңғардым. Уақыт өте генерал Дустумның Ташкентке келуі сирей бастады. Ресми Ташкент те Американың көмегімен сыртқы жаулардан құтылып, бар күшін ішкі жаулары – уахибилер мен хизбуттахриршілерге қарай бағыттады.
«Талибан» қозғалысы туралы айтылғанда міндетті түрде есірткі жайы сөз болады. Қатардағы елдерді былай қойғанда, 1999 жылы Біріккен ұлттар ұйымы қауіпсіздік кеңесінің өзі арнайы резолюция қабылдап, Ауғанстанда – тәлибтер бақылауындағы территорияда апиын өндіру көлемінің күрт артуына байланысты өз алаңдаушылығын білдірді. Есірткі саласының мамандарының айтуынша, Тәлибтер үкіметі Ауғанстанды апиын өндіру бойынша әлемдік көшбасшыға айналдырды. 1996 жылы 2248 тонна героин өндірілсе, 1999 жылға барып бұл көрсеткіш 4565 тоннаға жетті. Ал 2000 жылы шілде айында тәлибтер есірткі өндіруге тыйым салды. Мамандар тәлибтердің бұл шешімін елдің экономикалық дамуына кедергі болып жатқан санкцияларды жұмсарту, сондай-ақ әскери әрекеттерді қаржыландыру қажеттігі бұрынғыдан гөрі төмендей бастағанымен түсіндіріп жатты. Молда Омардың осы шешімінің арқасында 2001 жылы бар болғаны 185 тонна, яғни 2000 жылмен салыстырғанда есірткі өндіру 25 есеге қысқарды. Бұл жылы алынған есірткі негізінен «Талибан» қозғалысының бас қарсыласы болып табылатын «Солтүстік альянстың» бақылауындағы аумақта – тәжіктер мен өзбектер тұратын өлкеде өндірілген болатын.
2001 жылы АҚШ агрессиясының нәтижесінде «Талибан» үкіметі құлаған соң Ауғанстанда героин өндіру бірден арта түсті. Ресейдің есірткі айналымын бақылайтын федералдық қызметінің басшысы Виктор Ивановтың мәлімдеуінше, 2001-2008 жылдары ел тәлибтер бақылауынан Америка әскерлерінің бақылауына өткен жылдары апиын мен героин өндіру көрсеткіші 2-2,5 есеге өсті. Пәкістанның Ауғанстанның оңтүстігімен шекаралас Белужстан округінің билеушісі генерал Зафар Абаздың мәлімдеуінше, есірткі фабрикалары мен есірткі қоймалары тығыз орналасқан Ауған жарлерін Америка әуе күштері бомбыламай айналып өтіп жатты. БҰҰ мәліметтеріне қарағанда, есірткі өндіру, өңдеу және тасымалдау саласына ауғанстандықтардың 75 пайызы тартылған, қазір әлемдегі есірткі нарығының 65 пайызын осы ауған есірткісі құрайды. Еуропада бұл көрсеткіш 80 пайызға, ал Американың өзінде 35 пайызға жетіп отыр.
2009 жылдан бастап «Талибан» қозғалысы терроризмнің өзін-өзі жаратын жанкештілік түрін кеңінен пайдалана бастады. Қауіпсіздік қызметтерінде тіркелген мәліметтерге қарағанда, тәлибтер 2009 жылдың 28 қазанынан 2014 жылдың 17 қаңтарына дейін 11 террорлық актіні жүзеге асырған. Бұл лаңкестік әрекеттерден 400-ге жуық адам қаза тауып, 1000-ға жуық адам жарақат алған. Террорлық әрекеттерден қаза тапқандардың басым көпшілігі – бейбіт мұсылмандар. Америка мен Еуропа елдері азаматтарынан қаза тапқандар саны – 21 адамды құраған. Қаза тапқан мұсылмандар негізінен Ислам дінінің шиа бағытынан екенін айта кету керек. Осылай «Талибан» қозғалысының террорлық әрекеттері дін немесе өркениет аралық сипатта емес, суннилер мен шиалар арасындағы қанды қақтығыстардың жалғасы немесе сол ғасырлар бойы тоқтамай келе жатқан ымырасыз әрі мағынасыз күрестің бір бағыты болып қалуда.
Қазақстан Жоғарғы сотының 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес республика аумағында «Талибан» қозғалысына тыйым салынған. Бұл қозғалысты БҰҰ-ы мен басқа да бірқатар елдер террорлық ұйымдар қатарына енгізгенін айта кетейік.
Мұрағаттан: 30.10.2014