Ат-Тәкфір уаль-Хиджра

Oinet.kz 16-04-2019 1211

Screenshot_28.jpg

Бұл ұйым экстремистік деп танылып, Қазақстан аумағында тыйым салынды

Исламдағы ең ауыр қылмыстардың бірі фитна, яғни алауыздық,  іріткі салу болып саналады. Мұсылмандардың арасында іріткі салған адам, исламда жау болып табылады, себебі ол ағайынды ағайынға, діндарды діндарға қарсы қойды.

Фитна – мұсылман қауымының өміріндегі ең жаман кезең. Хадистерде кімде-кім діндес бауырларды бір-біріне қарсы қойып, жалған айыптаулар істесе, сондай-ақ қылмыс істеуге дайын болса, оны ауыр жаза күтіп тұрғаны айтылған. Керісінше, кім ізгі ниет пен татулыққа шақырса, ол адам екі дүниенің бақытына кенеледі. Абу Дауд Мұхаммед пайғамбардың мынандай сөздерін жеткізген: «Бүлік таратудан аулақ болғандар, шын мәнінде бақытты».

Бүгінгі күні ислам іліміне еркін түрде түсінік беру ғаламдық геосаяси күрестің маңызды бөлігіне айналды. Фанатизм мен діни төзімсіздікті жақтаушылар қоғамды іштей бөлу және араб әлеміндегі зайырлы режимдерді бірінен кейін бірін жою арқылы мұсылмандардың сенімдеріне қиянат жасап, түрлі алдау-арбау әрекеттеріне баруда. Діни радикализм ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптарды жоққа шығарып, исламның рухын және бейбітсүйгіштік, діни бостандық болмысын бұрмалап келеді.

Мұсылмандар арасында алауыздық тудырушылардың бірі «ат-Тәкфір уаль-Хижра» экстремисттік ұйымы болып табылады. Биыл тамызда Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты аталған ұйымды экстремистік деп танып, оның Қазақстан Республикасы аумағындағы қызметіне тыйым салды.

Тәкфиризм идеологиясы нені көздейді, оның тәжірибесі қандай? Бірінші кезекте, ол ұйымның атауында негізгі екі элемент бар, олар: тәкфір және хижра. «Тәкфір» - кәпір деп айыптау немесе үкім шығару деген сөз. Осы ұйымның жақтастары өздерінің мүддесіне сай келмеген кез келген мемлекетті «кәпір елі» деп айыптай салады. Тәкфір үкімі билік өкілдеріне, оның ішінде саяси лидерлерге, қарулы күштер мен құқық қорғау органдары өкілдеріне де қатысты шығарылады. Сондай-ақ осындай мемлекетті «тағұт» («пұтқа табынушылар») мемлекеті деп атайды және соңында оған қарсы жихад жарияланады.

Олардың қызметіндегі екінші элемент – «хижра». Классикалық исламда хижра – діни ілімді қорғау мақсатында жер аудару деп түсіндіріледі. Бірінші хижраны Мұхаммед пайғамбар мұсылмандардың өмірін сақтап қалу үшін Меккеден Мединаға өзінің серіктестерімен жасаған. Алайда радикализм идеологтары оны өзгеше түсіндіреді. Олар үшін хижра – ол қоғамнан тікелей немес жанама оқшаулану, басқа елдерге шығу.

Сонымен қатар, тәкфіршілік жолын қуушылар – әсіресе, өздерінің қатарларын көбейтудің бастапқы кезеңдерінде жасырын, күңгірт хиджра-сезім арқылы оқшалауды ұсынады. Тәжірибеде бұл қоғамнан, сондай-ақ өзін қоршаған ортадағы дәстүрлі исламды ұстанушылармен барлық қатынастарды үзу болып табылады. Бұл әдеттегі тұрмыс салтынан бас тарту, сыртқы келбетін және «кәфір» деп атауға себеп болатын барлық нәрселерді өзгерту түрінде көрініс береді.

Діни фанатизмге аса керітартпалықты жақтау, салт-дәстүрден, қалыптасқан таным-түсініктен бас тарту, исламдық ілімге біржақты әрі тікелей түсініктеме беру тән қасиет. Олар туған күнді тойлауды, аптадағы күнді ерекше белгілеуді, түрлі діни мерекелер, мерейтойлар жасауды, танымал адамдарға ескерткіш орнатуды, қазалы күнге қатысты жиындар жасауды және сол жиындардағы түрлі шараларды (мысалы, жоқтау айту) ұйымдастыруды, мазарлар тұрғызуды және тағы сол сияқты шараларды жаңашылдық (бидғад) деп түсіндіреді, бұған жол бермеуге шақырады.

Қазақстанда да белгілі бір деңгейде таралған тәкфіршілдердің  тәжірибесі зайырлы заңдар мен зайырлы мемлекетті жоққа шығарады. Осылайша, радикалдар қоғамның этно-мәдени және конфессионалдық үйлесімін бұза отырып өздерін ислам дінін шынайы ұстанушылармыз және  өздерін осы шынайлықты ұстанушы дара топпыз деп жариялайды. Шындығында, олар салт-дәстүрлері мен мәдениетін мұсылмандық аясында қалыптастырған қазақ халқының бай тарихи тәжірибесін жоққа шығарып рухани нигилизм танытады. Олар үшін біздің өткен тарихымыз бар болғаны адасқан және күпірлік жолы. Сонымен бірге ислам діні Қазақстанға тәкфіршілердің арқасында келді деп санайды.

Сөзсіз, радикалдар өздерінің сенімдерімен мұсылмандық ілімнің рухын да, мағынасын да жоюда. Дәлелсіз «тәкфір» жариялау исламға тән сабырлық пен өзара түсінушілік шеңберінен әлдеқайда шығып отыр. Радикалдар намаз оқымайтындардың барлығын кәпір санайды. Рас, күніне бес уақыт намаз оқуы мұсылмандар үшін маңызды талаптардың бірі болып табылады. Алайда кәпір деп жариялау үшін Алланы жоққа шығару, басқа құдайларды мойындау, Пайғамбар мен Құранға сенбеу немесе тіл тигізу сияқты анағұрлым дәйекті дәлелдер қажет қой. Сондай-ақ, «тәкфір» жариялау тәртібі бірқатар  шарттарды орындауды қажет етеді және бұл исламдық құқық саласындағы атақты ғұламалардың құзыретіндегі іс. Тиісті білімі және өмірлік тәжірибесі жоқ кез келген адам бұндай маңызды шешім қабылдай алмайды.

Радикализмнің қармағына ілінген адам тез арада өз елінің рухани мұрасын мойындамай, патриотизм мен адамгершілік қасиеттерден бас тарта бастайды. Өзінің ата-анасын намаз оқымағандары үшін кәпір деп айыптап, жалған сеніммен тіпті отбасынан да бас тартады. Осының жалғасы ретінде ол әлемнің түрлі бұрыштарында қарулы жанжалдарға қатысатын террористік ұйымның мүшесіне айналғанын өзі де байқамай қалуы мүмкін. Өкінішке қарай, қазақстандық жастардың содырлардың қатарына қосылу фактілері анықталуда. Отандастарымыздың қарулы жанжалдарға қатысу үшін Сирияға кетуі тәкфіршілдікті насихаттаудың салдары деп айтуға болады.

Тәкфіршілік алдымен, пайдакүнемдік мақсаттарға, мемелекеттік құрылымды әлсіретуге және қоғамды тұрақсыздандыруға бағытталған, ислам ілімін бұрмалайтын саяси қозғалыс екенің түсіну қажет. Радикалдық ұйымдар геосаяси күрестің сыналған құралы болып табылатыны мәлім және оларды қаржыландыру шетелден бастау алатыны кездейсоқтық емес. Тәкфіршілдік пен жихадизм идеялары арқылы санаулы уақыт ішінде тұрақты мемлекетті азаматтық соғыстың ошағына айналдыруға болатынына Ливия, Сирия, Египет сияқты мемлекеттердегі қайғылы жағдайлар дәлел.  

«Ат-Тәкфір уаль-Хижра» ұйымының жұмысына Қазақстан аумағында тыйым салынуы баяндылықты, бейбітшілікті және татулықты сақтау жолында маңызды қадам болып табылады.  Дау-дамайға, іріткі жасауға шақыратындар - біздің елімізді дұшпандылық пен өшпенділіктің алаңына айналдырғысы келеді, ақша мен билік үшін бейбіт азаматтардың қандарын төгуге дайын тұрады және өзін заңнан, қоғамнан тыс санайды. Осыны әрбіріміздің біліп жүргеніміз абзал.

Е. Смағұлов, дінтанушы, ғалым.


«Талибан»
Тұмар тағу «ширк» пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу