Тұмар тағу «ширк» пе?
Кез-келген ұлттың қадір тұтып, қасиетті санайтын бұйымдары болады. Сол секілді тұмар исі қазақтың киелі де құнды, асыл да ардақты жәдігері. Зиянды тылсым күштерден, тіл-көзден сақтайды деген сенім қалыптастырған тұмар ежелден келе жатқан қазақ халқының бұйымы. Тұмар сөзінің этимологиясы көне түркі тума және йер тіркесінен "туған жер" мағынасын береді. Яғни, көне түркілер тұмарға туған жердің топырағын салып жүрген. Ислам дінінің әсерімен тұмарға туған жердің топырағын салу орнына Құран аяттары жазылған қағаз салу белең алған. Тұмарды әдетте діни ғұламаларға жаздырып алып, былғарымен қаптап, бойға тағып жүреді. Қазақтың ежелден ырымшыл халық екені барашға аян. Әсіресе «көз тию», «тіл тию» дегенге қатты мән берген халықпыз. Сол себепті тұмардың ішіне Құран аяттарын немесе түрлі жамандықтан сақтайтын дұғалар салынған тұмарды тағу арқылы өздерін қауіп-қатерден сақтандырып отырған. Бұрынғы ата-бабаларымыз оны көбіне кішкентай нәрестенің бесігіне тағып қоятын болған. Себебі сәби қорғансыз әрі бесіктің маңайы әрқашан таза болады.
Бүгінде мойнына тұмар тағып жүрген адамдарды сирек кездестіреміз. Заманның ықпалы ма екен, әлде діни ағым өкілдерінің «ақыл, кеңесі» ме екен атам қазақ осы күнге дейін қасиет тұтып келген тұмарды «ширкке» балайтындар көбеюде. Сөз арқылы санаңды жаулап алатын радикалды топтар қазақтың қанына, бойына сіңген салт-дәстүрінен біртіндеп ажыратып жатқандығы бүгінгі күннің ащы шындығына айналып отыр емес пе? Әр салтыңды күнәға балап, ішіп-жегеніңді, отырып, тұрғаныңа дейін дұрыс емес деп халықты шатастырып жүрген кереғар діни ағымның өкілдері тұмарды көргенде ібілісті көргендей шошынып жүр. Тұмар тағу дегеніміз – түрлі қауіптен қорғайды деп, өзіңді-өзің жұбату ғана, психологиясы әлсіз, рухы нашар адамдардың ісі деушілер де табылуда. Себебі ислам дінінде, ақыл-есі толмаған балаларға, немесе есін білмейтін ауру адамдарға тұмарды тағуға рұқсат беріліпті. Ал қасиетті Құран Кәрім тұмар жайлы не дейді? Мұхаммед пайғамбар (с.а.ғ) бір хадисінде: «Кім тұмар тағатын болса, Алла тағала оған денсаулық бермесін» десе, басқа хадисте «Кім тұмар тақса, Аллаға серік қосқаны» делінген. Осыған қарап ғалымдардың бір тобы тұмар тағу дұрыс емес, ол шариғатқа теріс деген пікірде. Әйтсе де кейбір ғалымдар «Ішінде Құран аяттары жазылған тұмарды тағудың әбестігі жоқ» және «аталмыш хадистерде тұмардан медет тілеуге тыйым салынған, ал Құран аяттарын таққан адам Аллаға сыйынары анық» деп Құран аяттары жазылған тұмарды тағуға рұқсат берген. Кейбір діни наным-сенімнің шариғатқа қарсы келетін тұстары да бар. Алайда ислам дінін берік ұстанған ата-бабамызды тұмар тағып адасты, шатасты дей алмаймыз.
Сонымен тұмар тағу Аллаға серік қосқандық па, әлде Аллаға шын сыйынғандықтың белгісі ме? Өзгелердің ойы қандай екен?
Бекен Қайратұлы, журналист:
«Ақымақтық»
Мұсылмандарға тұмар тағуға рұқсат деген ислам шариғатында заңдылық жоқ. Тұмарды тағып алып "бұл мені жын-періден, түрлі қауіптен қорғайды" деп сену үлкен қателік деп санаймын. Қарапайым ғана мысал келтірейін: мойынға таққан тұмарды отқа лақтырса көз алдыңда өртке оранады. Қасиетті деп сенген бұйымың оттан қашып шыға алмайды. Өйткені ол жансыз зат. Демек өзін оттан қорғай алмаған тұмар адамды пәле-жаладан қалай қорғайды? Адам ешқашан өзінен төмен жаратылған затқа сиынбау қажет. Кеудесінде жаны бар, дені сау, ақылы толысқан адамның бір жапырақ тұмарды мықты деп мойындауы ақымақтық емес пе? Одан гөрі тұмар ішінде жазылған Құран сүрелерін, аяттарды жаттап алып, күніне бірнеше рет оқып жүргеннің пайдасы молырақ.
Бақыт Әліпбаева, актриса:
«Тұмар таққанды әбестік көріп, кінә артуға болмайды»
Шынымды айтсам хадистерде тұмарды тағу дұрыс. не бұрыс деп жазылғандығынан бейхабармын. Алайда ата-бабамыз мойнына тұмарды тағып жүрген. Жас балалардың бесігіне жиі таққан, сондай-ақ төрге іліп қойған. Алайда тұмарды пәле-жаладан, жамандықтан сақтайды дегенге сенбеймін. Өйткені адам қиналғанда, медет сұрағанда Аллаға ғана жалбарынуы қажет. Ал тұмар таққан адам сондай сәттерде бірінші кезекте тұмарына сиынып кете ме деп ойлаймын. Сол себепті тұмарды таққан емеспін. Әркімнің көзқарасы әртүрлі емес пе? Сол секілді адамның ішкі сенімі, нанымы да әр қилы. Егер тұмардың қасиетіне сенетін болса ол оның өз еркі. Сондықтан олардың іс-әрекетінен әбестіктік көріп, кінә арту болмайды.
Балғабек Мырзаев, теология ғылымдарының докторы, дінтанушы:
«Теріс пиғылдылардың шығарып жүргені»
Тұмар тағу шариғатымызға ешқандай қарсы келетін әрекет емес. Оны мойынға тағып жүруге, үйдің бір бұрышына іліп қоюға болады. Өйткені тұмардың ішінде өздеріңізге белгілі Құраннның аяттары, Алланың 99 көркем есімдері, сонымен қатар жамандықтан, тіл-көзден сақтайтын дұғалар жазылады. Егер Құранды ақтарып отырсаңыз тұмарға қатысты біраз хадистер, деректер кездеседі. Мысалы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.ғ) «тұмар - мұсылманның қорғаны» деп айтып кеткен. Яғни әрбір мұсылман өзін жаудан сауыт арқылы қорғай білгені секілді, жамандық атаулыдан тұмар арқылы сақтауына болатындығын айтқан. Өкінішке қарай қазіргі таңда дінді бұрмалап, шариғатқа өздерінше өзгерістер енгізіп, соның ішінде ұлттық құндылығымызды, асыл дәстүрлерімізді жоққа шығарып жүргендер қаптап кетті. Осындай теріс пиғылдылар, түрлі радикалды топтар тұмарды да ширкке балап, елдің басын қатырып жүр. Тұмар тағуды күнәға теңеп, дұрыс емес деушілерді мен дінді терең ұғына алмаған, сауаты төмен азаматтар деп атар едім. Ата-бабаларымыз тұмарды тектен текке тақпаған, сондықтан оларды білімсіз, қараң деп айта алмаймыз.
Тұмарды тағудың да өзіндік жөні болады. Яғни Құранның аяттары, дұғалар жазылған тұмармен лас жерлерге кіруге болмайды. Оны мойныңа таққан екенсің үлкен жауапкершілікті сезінгенің абзал. Мүмкін болса әжетхана, ішімдік ішілетін орындар секілді лас орындарға кіргенде тұмарды шешіп қойған дұрыс.
Бейбіт Сарыбай, жазушы:
«Өзің сенбесең, өзгені кінәлама»
Тұмарды тағу, тақпау жайлы екіұшты пікірлер көп. Алайда тұмардың қасиетін дәлелдейтін ақпараттарды әлі кездестірмеппін. Сондай-ақ үлкен қасіреттен, пәледен тұмар сақтап қалыпты деген сыңайдағы әңгімелерді де құлағым шалмапты. Сол себепті оның «құдіретіне» сене алмаймын. Сөйте тұра өзім сенбейді екем деп тұмар тағып жүргендерге мынауың дұрыс емес деп айыптаудан аулақпын.
Мұрағаттан: 20.11.2014