«Боз Гурд» – «Сұр қасқыр» ұйымы нені көздейді?
«Боз гурд» террористік ұйымы – Түркиядағы әскерилендірілген ұлтшыл топтардың бірі болып табылады. Негізгі мақсаты – Тұран ойпатында түркі халықтарының бірыңғай мемлекетін құру. «Боз гурд» түрікшеден сұр қасқыр деп аударылады. Бұл террористік ұйымның «Сұр қасқыр» деп аталуының мәні неде? Жалпы түркі халықтары қасқырды тотем ретінде қабылдайтыны белгілі. Мысалы башқұрттар өз ұлтының атын «бас курт», яғни қасқырлардың үлкені, басшысы деген мағынадан өрбітеді. Түркі халықтарында қасқырға байланысты мақалдар да өте көп. Сол мақалдардың сұлтаны «Иттің – иесі, қасқырдың – тәңрісі бар» деген мақал болса керек. Түркі халықтарында қасқыр – еркіндіктің символы, алғырлық пен төзімділіктің белгісі болып табылады. Еліміздің қауіпсіздігіне төнуі ықтимал қатерді болдырмауға немесе оны етек алдырмауға арналған арнайы қызметтің «Арлан» деп аталуы да біраз жайды аңғартса керек.
«Сұр қасқыр» ұйымының басты мақсаты – Тұран ойпатында түркі халықтардың бірыңғай мемлекетін құру екенін айттық. Ал бұл идеология бүгінде әлемдік дау-дамайдың себебіне айналған Қырым жерінде XIX ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Ол кезде Қырым түріктері мен Волга бойындағы түріктер орыс патшалығының өктемдігінен құтылу үшін Осман империясына қосылуды арман ететін. Қырым татарларының ұлы ағартушысы әрі қоғам қайраткері, пантюркист – Исмаил Гаспыралы бірыңғай түрік мемлекетінің жаршысы болды. Орыстар оны өз тілдеріне ыңғайластырып, Измайл бек Гаспиринский деп атап кеткен. «Сұр қасқыр» террористік ұйымы өз идеологиясы санайтын «Тұран» түсінігі парсылардың «Иран» түсінігінің антиподы ретінде пайда болды. Ағартушы Исмаил Гаспыралының басшылығымен 1883 жылы Қырымның Бақшасарайында «Переводчикъ-Терджиманъ» деген газет шыға бастады. Бұл газет орыс және түрік тілдерінде шығатын.1905 жылғы бірінші орыс революциясынан кейін тек түрік тілінде шығатын болды, ал 1917 жылы Ресей билігінің басына келген большевиктер газетті жауып тынды. Гаспринский тек газет шығарумен шектелмей, түркі тілдерін унификациялап, араб және парсы тілдерінен енген сөздерден тазартуға бағытталған үлкен қызмет атқарды. Ұлы ағартушының ниеті осы қарапайым тілді исі түркі халықтарының ортақ тіліне айналдыру болатын. Исмаил Гаспринскидің бұл жобасы Кемал Ататүрктің тұсында қалыптасқан қазіргі түрік тілінің негізін қалады.
1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін түркілердің бір ту астына бірігуіне қарсы коммунистер аяусыз күрес жүргізді. Бұл аздай түріктердің арасында алауыздық тудырып, оларды барынша әлсіретуге әрекет етіп бақты. 1991 жылы Совет Одағының ыдырап, Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан және Әзірбайжан сияқты тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы постсоветтік кеңістікте «Ұлы Тұран мемлекеті» қозғалысын қайта жандандырды. Түркі халықтарының Ассамблеясы құрылып, түркі елдері басшыларының саммиттері өтіп тұратын болды.
Пантюркизм идеологиясы бүгінде Әзірбайжан мен Түркияда ықпалды екенін айта кету керек. «Сұр қасқыр» ұйымына түркі елдерімен шекаралас елдер – Ресей, Болгария, Армения, Грекия және Қытай Халық Республикасы күдікпен қарайды. «Сұр қасқыр» террористік ұйымының идеологиясы болып табылатын пантюркизмнің қысқаша тарихы осылай.
Ал бүгінде дүниенің көптеген елдерінде террористік ұйым деп табылып, қара тізімге енгізілген «Сұр қасқыр» ұйымның негізі 1965-1970 жылдарда Алпарыслан Тюркеш тарапынан қаланды. 1917 жылы Никосияда дүниеге келген Алпарслан Тюркеш 1944 жылы «фашистік-расистік қызметі» үшін әскери-дала сотына тартылып, 1947 жылы армиядан қуылады. 1975 жылы жарыққа шыққан кітабында Алпарслан Тюркеш Ресей империясы мен оның мұрагері болған Совет Одағын пантюркизмнің негізгі жауы ретінде көрсетіп: «Түркі халықтарының басым бөлігі Совет Одағының территориясында тұрады, Ресей қашанда бізге қарсы болып келген, Ресей біздің империямызды құлатты, Ресей – біздің негізгі жауымыз» деп жазады. Полковник Алпарслан Тюркеш 1960 жылғы мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырушылардың бірі болды, бірақ төңкерістен кейінгі «ішкі төңкерістің» нәтижесінде биліктен шеттеп қалды. Полковник Тюркеш Түркия премьер-министрінің орынбасары, «Ұлт әрекеті» партиясының басшысы деңгейіне дейін көтерілді.
1980 жылғы әскери төңкерістен соң билік басына келген генаралитет «Ұлт әрекеті» партиясының көсемі полковник Тюркешпен қоса партияның 587 мүшесін тұтқындады. Анкараның әскери трибуналы Алпарчлан Тюркештің елдегі террордың асқындап, 594 адамның өліміне себепші болғанын дәлелдеді. Прокурор Тюркешке өлім жазасын беруді сұрады, бірақ сот созылған сайын террористердің жазаға тартылу мүмкіндігі тұмандана түсті. Түркия заңдарына сәйкес 65 жастан асқан адамға өлім жазасы берілмейді, бұған қосымша Батыс елдерінің баспасөзі полковник Тюркешті қолдады. Түркияда Американың 61 әскери базасы, көптеген басқа да әскри мақсаттағы орталықтары бар. Сарапшылардың пікірінше, осы әскери базаларының қауіпсіздігі мен болашағына байланысты жоспарлар түрік қоғамының ұзақ жылдар бойы үрейін алған терроршының жазадан құтылуына себеп болды.
1992 жылы Алпарслан Тюркеш Бакуге келіп, Әзірбайжан Республикасының президенттігіне үміткер – Абульфаз Эльчибейге қолдау көрсетеді. Эльчибей президент болып сайланғаннан соң, Әзірбайжандағы «Сұр қасқырлардың» басшысы Искендер Гамидовты елдің ішкі істер министрі етіп тағайындайды. Дегенмен «Ұлы Тұран» жобасы жақтаушыларының билігі ұзаққа созылмады, арада бір жыл өткенде қарт арлан – Гейдар Әлиев биліктегі бөлтіріктерге соққы берді. Сарапшылардың айтуынша, ұзақ жылдар бойы Совет Одағы КГБ-сының Шығыс бағытын басқарған Алиев «сұр қасқырларды» өз билігі мен коммунизмнің жауы санайтын. Ал Түркия терроршыларының көсемі болған Алпарслан Тюркеш 1997 жылы 80 жасында Анкарада дүние салды, ал бірақ ол құрған партия мен «Түрк мәдениеті мен өнері» атты гуманитарлық ұйым бүгінгі күні де Түркия саяси сахнасының ықпалды институттары болып қалуда.
Әдетте террористік ұйымдар белгілі тұлғаларға қарсы қастандық ұйымдастырып, «атың шықпаса – жер өрте» деген ұстаным бойынша әрекет етеді. 1974-1980 жылдар арасында «Сұр қасқырлар» қоғам қайраткерлерін, солшыл, яғни жұмысшы, коммунистік немесе социалистік партиялар жетекшілерін, журналистерді өлтірумен және қоғамдық орындар мен қалалық көліктерде – қарапайым халық ішінде жарылыстар ұйымдастырумен айналысты. Көптеген зерттеушілер терроризмнің құбылыс ретіндегі ең басты қаупі – жазықсыз, ешқандай саясат пен идеологияға қатысы жоқ бейбіт адамдардың қаза табуы немесе жарақат алуы деп есептейді. Таңертең жұмысқа кеткен адамның кешке үйге оралмай, белгілі бір топтардың мүдделері жолында қаза табуы – үлкен кешірілмейтін күнә әрі орны толмас қасірет деп санайды. «Сұр қасқырлардың» террористік әрекетіне байланысты осындай жағдай 1977 жылы мамыр айында Стамбул қаласында орын алды. «Сұр қасқыр» ұйымының содырлары бейбіт халыққа оқ жаудырып, 40 адамды өлтірді.
Совет Одағы ыдыраған соң тәуелсіз түркі елдерінің пайда болуы 90 жылдардың басында «Боз гурд» ұйымы қызметінің ауқымын кеңейтті. «Сұр қасқырлардың» бірегей түрік мемлекетін құру идеясынан Қазақстан да тыс қалған жоқ. Ұйым мүшелері тарапынан елімізге келіп, жасырын жиналыстар ұйымдастыру фактілері тіркелді. Сонымен қатар Түркияда оқып жүрген студенттерді аталмыш ұйым қатарына тарту әрекеттері де болып жатты. Осыған орай Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес «Сұр қасқыр» ұйымы террористік ұйымдар тізіміне енгізілді.
«Сұр қасқырлардың» қолынан қаза тапқандардың ішінде түрік қоғамының танымал тұлғасы – «Миллиет» газетінің бас редакторы Ади Ипекчи де болатын. Ол жұмыстан үйіне қайтып келе жатып, кептелісте тұрғанында өлтірілді. Ипекчиге автоматтан оқ жаудырған Мехмет Али Агджа 1981 жылы Иоанн Павел II өміріне де қастандақ жасады. Осы террористік актіден соң «Сұр қасқырлардың» шулы атағы әлемге кең жайыла бастады.
80 жылдардан кейін «Сұр қасқырлардың» қызметі Түркиядан Батыс Еуропа елдеріне қарай ойысады. Батыс Еуропаның миллиондаған түрік гастарбайтерлері тұрақтаған елдерінде «Сұр қасқырлардың» бөлімшелері ашыла бастайды. Әсіресе Австрия мен Германияда көптеген бөлімшелер спорт немесе мәдениет ошақтары ретінде тіркеліп, террористік қызметтерін жалғастырды. Басқа да Батыс Еуропа елдерінде тіркелген «Сұр қасқырлар» ұйымы бөлімшелерінің саны 130-ға дейін жетті. Түркияның дерек көздері 1980 жылдарға дейін «Сұр қасқырлардың» 1700 отрядында 200 мыңға жуық мүшесі болғанын айтады. 1980 жылы әскерилер билік басына келгенге дейін «сұр қасқырлар» күніне 20-30 адамның өмірін қиып отырған. Кезінде «Ұлт әрекеті» партиясының жастар қанаты ретінде құрылған «Сұр қасқыр» ұйымының террористік әрекеттері солшылдарға, яғни коммунистік идеологияны жақтаушыларға, жұмысшы табының мүддесі үшін күресетін кәсіподақ ұйымдарына, ал Еуропада – солшыл партияларға қарсы құрылған болатын. Әдетте саяси терминологияда солшылар деп кедей-кепшік пен жарлы-жақыбайлардың, яғни қоғамның әлжуаз топтарын қорғайтын, билеуші тап қолындағы меншік пен байлықты қайта бөлу, ал саяси билікті – жұмысшы табының мүддесі тұрғысынан қайта құру үшін күресетін саяси күштерді айтады. «Сұр қасқырлар» солшыл бағытпен қоса ұлтшылдық бағытты да ұстанып, Түркиядағы күрдтерге қарсы террористік әрекеттер жасады. Батыс Еуропа елдері «Сұр қасқырларды» шығыстың неофашистері деп те атайды.
«Сұр қасқырлар» ұйымының қатарына жаңа мүшелер әдетте қоғамның ең кембағал әрі сауатсыз топтарынан тартылатынын айта кету керек. Қазақ айтпақшы «әкесі топқа кірмеген, шешесі жібек кимеген» адамдардың, ірілі-кішілі қалалардың маңындағы лашықтарда туып-өскен, бүгіні мен болашағы бұлынғыр жастар «Сұр қасқырлар» қатарына еніп отырған. Бұл болмыстан туындайтын талап – елдің тыныштығы, саяси жүйенің тұрақтылығы мен экономиканың қуаттылығы үшін жауапты билік экстремистік ойлар мен әрекеттерге түрткі болатын кедейлік пен әлеуметтік әділетсіздіктен халықты сақтай білуі керек. Ал үрейден – тыныштықтың, революциядан – эволюцияның артық екенін XX ғасыр анық дәлелдеп берді.
Мұрағаттан: 20.11.2014