«Лашкар-е-тайба» ұйымының қауіптілігі неде?

Oinet.kz 17-04-2019 1992

Screenshot_9.jpg

«Лашкар-е-тайба» – урду тілінен «Әділеттінің әскері» деп аударылады. Әділетті деп мұнда Алла айтылып отыр. «Лашкар-е-тайба» ұйымы – Оңтүстік Азия аймағындағы ең үлкен әрі белсенді торрористік ұйымдардың бірі. «Лашкар-е-тайба» ұйымын доктор Хафиз Мұхаммад Саид Ауғанстанның Кунар провинциясында құрады, кейін бұл террорлық ұйымның резиденциясы Пәкстанның Лахор өңіріне көшіріледі. О баста ауған мужаһидтеріне көмек беру мақсатында құрылған Мұхаммад Саидтың ұйымы кейін келе Үндістанға қарсы бағытталған, яғни Кашмир штатын Үндістаннан азат етуді өзінің басты мұраты еткен террористік ұйымға айналады. Кашмирдің Пәкстан бақылауында қалған бөлігінде «Лашкар-е-тайба» ұйымының бірқатар дайыныдық базалары бар. Үндістанда жасалған террорлық актілердің көпшілігін осы «Лашкар-е-тайба» ұйымы жүзеге асырып келеді. Бұл ұйым Үндістандағы террорлық әрекеттерімен шектелмей, Пәкстанның өзінде де, атап айтқанда – Карачи қаласында көптеген террорлық актілер жасады. «Лашкар-е-тайба» осылай  Исламабадтың саясатына өз қарсылығын білдіріп келеді. «Лашкар-е-тайба» ұйымы Үндістанда, Пәкстанда, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Еуроодақ пен Ресейде, сондай-ақ Австалияда террористік ұйым ретінде қара тізімге енгізілген. Кейбір деректерге қарағанда, 2002 жылы Пәкстан үкіметінің «Лашкар-е-тайба»  ұйымына қарсы енгізген шектеулерінен құтылу мақстатында бұл ұйым өз атын «Жамағатул Дағуа» деп өзгерткен. 

Бүгінгі күнде «Лашкар-е-тайба» ұйымы қарулы күрес жолымен Үндістанның Джама және Кашмир штаттарын Пәкстанға қайтару әрекетінде. Мысалы  2001 жылы желтоқсан айында «Лашкар-е-тайба» ұйымының 6 әскері Делидегі Үндістан парламентінің ғимаратына шабуыл жасады. Осы шабуыл кезінде 12 адам қаза тауып, 20 адам жарақат алды. 

«Лашкар-е-тайба» ұйымының лидері Хафиз Мұхаммед Саид есімдері әлемге әйгілі Усама бен Ладен, Молда Омар, бүгінде бүкіл Таяу Шығысты дүр сілкіндіріп жатқан «Ислам мемлекеті» ұйымының басшысы – Әбу Бакр әл-Бағдади деңгейіндегі  терроршы. Америка осы «Лашкар-е-тайба» ұйымының басшысы, доктор Хафиз Мұхаммед Саидты ұстауға көмектескен адамға атаған 10 миллион доллар сыйақысы бар екенін мәлімдеді. Бұл ақпарат үкімет сайтының «Әділ сот сыйақысы» атты тармағында ресми түрде жария етілді. Ал Саидтың орынбасары – Хафиз Абдулла Рахман Маккиді ұстауға көмектескен адамға Америка 2 миллион доллар сыйақы бермек.  

«Лашкар-е-тайба» ұйымы 2008 жылы Мумбай қаласында болған террорлық актіге жауапты деп айтылып келеді. Бірақ  «Лашкар-е-тайба» бұл айыптаулардың негізсіз екенін, ұйымның мақсаты Мумбайға емес, Кашмир штатын Үндістаннан азат етуге бағытталғанын айтады. Үндістанмен тығыз байланыстағы Ұлыбританияның үкіметі де «Лашкар-е-тайба» ұйымын Мумбайдағы террактардың ұйымдастырушысы деп жариялаған. 2008 жылы 26 қарашада автомат және гранаталармен қаруланған террористер Мумбай қаласының бірқатар аудандарына шабуыл жасап, қаланы дүр сілкіндірді. 20 шақты террорист қайықпен келіп, қарулы қақтығыстардан соң фешенебльді қонақ үйлердің тұрғындарын аманатқа алды. Темір жол вокзалы, кинотеатр, қалалық аурухана, қала кварталдарына шабуылдар жасады. Үндістанның осы мегополисіне жасалған шабуылдардың салдарынан 195 адам қаза тапты, олардың 18-і шетел азаматы, 20-ы құқық қорғау органдарының қызметкері еді. 300-ден астам адам жарақат алды. Терроршыларға қарсы операция 2 күнге созылды.

Осы Мумбайдағы террористік актіден соң «Лашкар-е-тайба»  ұйымының басшысы доктор Хафиз Мұхаммед Саид үй қамауына алынған болатын. Арадан біраз уақыт өтіп Пәкстанның соты Саидты айыпсыз деп тапты. Ал ресми Дели Интерпол арқылы Саидты Үндістанға экстрадиция жасауды талап етіп келеді. Аймақтық БАҚ деректеріне қарағанда, доктор Хафиз Мұхамед Саид пен оның орынбасары Макки Пәкстанда еркін, өз қызметтерін ашық түрде жалғастырып келеді. 

Батыстық сарапшылар «Лашкар-е-тайба» ұйымының «Әл-Қаида» ұйымымен байланысы жайлы көптен бері айтып келеді. «Лашкар-е-тайба» ұйымы  құрылтайшыларының бірі – доктор Абдулла Ағзам болған деседі. Бұл атышулы тұлғаны «әлемдік жиһадтың әкесі» деп те атайды. Абдулла Ағзам соңынан «Әл-Қаидаға» айналған «Мактаб-аль-Хидамат» ұйымының негізін қалаушылардың бірі болған. Ал Усама бен Ладен «Лашкар-е-тайба» ұйымының жылдық жиналыстарына қатысып тұрған, сондай-ақ осы террорлық ұйымды қаржыландырып отырған. 

«Лашкар-е-тайба» ұйымы өз қатарына жастарды негізінен Пәкстан елінен тартады. Арнайы қызметтердің деректеріне қарағанда, ұйым қатарына 15-20 жасар жігіттер тартылады. Осы жастардың бірі – Зия Ур Рехман есімді жауынгер жігіттің айтуынша, лагерге келген жастар 21 күндік дайындықтан өтеді екен. «Жаттығушының әрбір күні  бамдат намазы мен таңғы жаттығулардан басталады. 8-де таңғы ас беріліп, кейін дін сабақтары өткізіледі, ал соңынан жаттығулар түрлі қаруларды қалай пайдалануға арналған дәрістерге ұласады. Ал түстен кейін сол қаруларды атып үйренеміз» дейді әлігі  Зия Ур Рехман есімді жігіт. Үш апталық жаттығулардан соң жас жауынгерлер «террорлық майданға» аттанады. 

Терроризмге қарсы күрес бүгінде арнайы қызметтердің басты басымдықтарының біріне айналды. Осы «Лашкар-е-тайба» ұйымының террорлық актілерін зерттеген мамандар жауапты органдар террорлық актілерді жасауға қолайлы жағдай туғызатын факторларды ескере бермейтінін айтады. Біріншісі – географиялық фактор. Көп жағдайларда құрлықтағы қауіпсіздік шаралары мұқият ескерілгенімен, су – өзен немесе теңіз  арқылы келуі мүмкін болған қатерлер ескерілмей қалады екен. Мумбайды дүр сілкіндірген 20 терроршы қалаға сол қайықпен келіпті. Бюрократиялық фактор – терророризмге қарсы күрес кезінде құқықтық, бюрократиялық (атқарушы орган қызметкерлері арасында) үйлесімнің жоқтығы, олардың қызметінің ақпараттық тұрғыдан шектеулілігі арнайы ұйымдардың қызметіне тұсау болғандығы анықталған. Когнитивтік фактор – айналада болып жатқан ахуалды зерттеп, зерделей білу, қауіптің кім тарапынан немесе қай жақтан келетінін болжай білу қабілеті көбіне арнайы қызметтерге жетпей жатады екен. Ал дипломатиялық фактор – түрлі террористік актілердің мемлекетаралық, кенірек алғанда – еларалық қатынастарға кері әсер ету мүмкіндігі. Мысалы кезінде ресми Ташкент террорист деп тапқан өзбек оппозициясының көсемі Мұхаммад Салыққа Анкараның баспана беруі  өзбек-түрік қатынастарын күрт нашарлатып жіберді. Елдегі барша өзбек-түрік лицейлері жабылды, түрік бизнесі Өзбекстанды тәрк етті, тіпті түрік сериалдары да көрсетілмейтін болды.   

«Лашкар-е-тайба» ұйымының басты мақсаты Кашмир өңірінің Үндістан елінің құрамында қалған бөлігін азат ету екенін айттық. Сол  Кашмир аймағы Оңтүстік Азиядағы Күрдістан, Орталық Азиядағы Ферғана аңғары сияқты үш мемлекеттің – Индия, Пәкстан және Қытайдың құрамына еніп тұр. 

1947 жылы Британия құрамындағы Үндістан тәуелсіздік алған кезде соңғы британдық вице-король лорд Маунтбэттен Үндістанды екіге бөлу жайлы шешім қабылдады. Үнділер көпшілікті құрайтын жағы --Үндістан, ал мүсылмандар көпшілікті құрайтын жағы – Пәкстан болып, екі тәуелсіз мемлекет құрылды. Кашмирдің махараджасы, яғни билеушісі үнді Хари Сингх алғашында толық тәуелсіздікке қол жеткізбек болды. Билеушілердің орталық пен митрополиядан тәуелсіз болғысы келетіні заңды құбылыс. Бірақ махараджаның тоталитарлық, халықты езіп, таптап келген саясатына қарсы ел ереуілге шыққан соң, Хари Сингх халықтың қаһарынан қорқып, Индияға қол бермек болады. Бұл сондағы басым көпшілікті құрайтын мұсылмандардың наразылығын тудырды. Кейін бұл дауға Үндістан армиясы килігіп, ереуіл ресми Делидің әскері мен пәкстандық қарулы пұштун отрядтары арасындағы қақтығысқа ұласты. Осылай тәуелсіздік алған Үндістан мен Пәкстан арасында бір аптадан соң  бірінші Кашмир соғысы басталды. Арадан көп уақыт өтпей БҰҰ Кашмир бойынша референдум өтізу жайлы шешім қабылдады. Бұл референдумда даулы Кашмирдің  халқы қайсы елге – Үндістанға немесе Пәкстанға қосылғысы келетінін анықтауы керек еді. Дели «Бұл мәселені махараджа Сингх шешіп қойған, Кашмир Үндістанға қосылатын болған» деп референдум өткізуден бас тартты. Содан бері дау тараптарының арасында екі рет соғыс болды, бірақ Кашмир мәселесі шешілген жоқ. 

Кашмир аңғарындағы халықтың 96 пайызы – мұсылмандар, ал қалған 4 пайызы ғана – үнділер. Елдің мұсылман бөлігі Пәкстанға, ал үнділер  жасайтын бөлігі – Үндістанға бөлінгенде, халқының басым көпшілігін мұсылмандар құрайтын Кашмир Үндістанның құрамында қалып қойды. Орталық Азия елдеріндегі жерлерді ұлттық республикаларға еншілеп берген қызыл империя, Африка елдерін этникалық, географиялық немесе экономикалық  ерекшеліктеріне қарамай, линейкамен сызғандай етіп, кескілеген еуропалық метрополиялар бұрынғы колониялдық елдерде ғасырлар бойы бықсып, бірде тұтанып, ал бірде лаулап, жалыны аймақты шарпитын жер дауларын бұрыннан бағдарлағанын бүгінгі зерттеулер мен сол кезде қабылданған құпия құжаттар көрсетіп отыр. 

Мемлекеттердің  өз мүддесі жолындағы пайдаланатын арсеналы сан алуан. Үкіметтер ұлт мүддесі үшін кейде оппозицияны, тағы бірде сайқымазақ қылжақпастарды, кейде террорлық ұйымдарды пайдаланып жатады. Мысалы Владимир Жириновский Кремльдің ділінде жүрген пікірлерін паш етіп жатады. «Лашкар-е-тайба»  ұйымын көптеген сарапшылар Пәкстан барлау қызыметінің Үндістанға қарсы күресте падаланатын қаруы дегенді айтады. Халықаралық қысым күшейіп бара жатса, ұйым басшыларын біраз уақыт үй қамауында ұстайды, дау басылайын дегенде соттың шешімімен қайта «тұтқыннан» шығарады. «Құдалардан ұят болды» деп, белгілі бір ұйымдарды қара тізімге ендіреді, кейін сол ұйымның өкілдері басқа ұйым ретінде қайта тіркеледі. Америкалықтарда «Ия, ол – оңбаған, бірақ ол – біздің оңбаған» деген сөз бар. Ең қауіптісі – сол «оңбағандардың» кесірінен айыпсыз адамдар қаза тауып жатады. Сол  терроршыларға қарсы ымрасыз күресу қажеттігі түрлі мінберледен тоқтаусыз айтылады. Сол күрестің негізі атышулы, қолы қанды лаңкестік ұйымдарды қара тізімге енгізуден басталады. Ал Қазақстанда Жоғарғы Соттың шешімімен «Лашкар-е-тайба»  ұйымы 2005 жылы наурыз айында террористік ұйымдардың қатарына енгізілгенін айта кетейік.   

Мұрағаттан: 27.11.2014


«Боз Гурд» – «Сұр қасқыр» ұйымы нені көздейді?
Мұсылманға туған күн тойлауға бола ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу