Адам атаны қай топырақтан жаратты? (аңыз)
Мәлике: Адам атаны қай топырақтан жаратты?
Әбілда: Адамның бет-әлпетін Меккенің топырағынан жаратты. Сол себепті иманға ұйыған адам Меккеге қарап бет түзеп, құлшылық ету парыз болды. Бір қолын батыстың, бір қолын шығыстың топырағынан жаратты. Сол себепті адам баласы қалаған тарапынан ұнатқан бұйымына қол жеткізе алады. Екі аяғын мәңгі тоң қатып жататын солтүстік тараптың топырағынан мүсіндепті. Адам аяғының мықты әрі суық болатыны содан қалыпты. Бағдат пен Шамның топырағынан кіндік пен қарын тұсын пошымдады. Сондықтан Бағдат пен Шам ілім-білімнің ошағына айналды. Адамның кеудесін таудың топырағынан жаратты. Тәкаппарлыққа ұрынғанда көкіректің көтеріліп кететіні содан екен. Ал арқа балшығы сахараның шағыл құмынан иленді. Адамның жон арқасы өте төзімді болыпты. Білегін Тұран даласының топырағынан жаратты. Сол себепті білекке қайрат пен күш молынан дарыды.
«Мың сұрақ» кітабынан алынды