Түркі топырағының киесі – жолсапар очеркі
...Ұшағымыз екі дүние есігі болған киелі мекен Түркістанға қарай қанат қақты. Ұйқысыз түн, қобалжу, кеудені толқытқан эмоциялар – мақсатқа ұмтылған мен сияқты жастардың ішкі күйі. Әрнені ойлап әлекке түсіп, шығармашылық процессте жүрген жас журналистердің бұл жағдайының әлқиссасы келесідей еді.
Сәуірге санаулы айлар қалғанда бұқаралық ақпарат құралдары мамандарын даярлайтын еліміздегі жоғары оқу орындарына ақпараттық хат келіп түскен. Онда 2022 жылдың 22-23 сәуір күндері болашақ журналистердің бабы мен бағы сынға түсетін пәндік олимпиада өтетіні туралы хабарланған. Медиа тұлға болуды армандайтын әр студент үшін бұл таптырмас мүмкіндік еді. Өйткені жарыстың шарты бойынша қатысушылар мұнда командаларға бөлініп бірнеше бағыт бойынша сынға түседі. Жүзден жүйрік атанған үздік команда жеңімпаз деп танылып, келесі жылы аталған олимпиаданы өз өңірінде өткізу құқығына ие болады. Тәлімі мен тәжірибесі қатар сыналатын бұл жарысқа қатысатын командалардың бірінде мен де бармын. Нағыз жеңіске ұмтылатын, сөйлесе сөзі моншақтай үзіліп, жазса қаламы қарыштай түсетін бәсекелестермен тайталасу – маған шабыт сыйлайтындай көрінді. Мүмкін көпшілік журналистерге тән қасиет пе, мұндай құштарлық менде ғана емес екен. Оны ұшақта білдім. Алматы қаласының өзінен 4 университет командалары сапарлас болдық. Бізден бөлек Қарағанды, Атырау, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Нұр-Сұлтан қалаларының жастарынан құралған бәсекелестеріміз тағы бар. Бірі басқа ұшақпен, енді бірі темір арбамен Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне жол бастаған.
Топырағы тұла бойды толқытатын мекен мен оңтүстік астанамыздың арасы әуе көлігімен 1 сағаттық жол екен. Уайым мен сенім арпалысқан күйімізде айналамызға сәл елеңдеп, аман-есен қондық. Жаңадан салынған халықаралық әуежайдың әдемілігі, Түркістан халқының жылы жүздері мен ұйымдастырушы университет өкілдерінің қонақжайлығы таң қалдырмай қоймады. Студенттерге дайындап қойған көлікке бір-бір жолдорбаларымызбен жайғастық. Тағы да жол. Тағы да үміт арқалаған, жеңістен дәмелі көздер. Бір-бірімізбен танысып, әңгіме бастауға тартыншақтап отырғанымызды сезгендей жүргізуші де айна арқылы артқы жаққа алаңдай берді. «Қай жақтан келдіңіздер?» деген сұрақ қойылғаны сол еді, үнсіздіктің күлі де қалмады. Жан-жақтан жарыса жамырап өзімізді таныстырып, бір жағынан көңілдегі үрейден де арылғандай болдық. Бұдан кейінгі екі күнде барлығымен әңгімеміз жарасып, Керуен сарайдағы кешкі серуенде бірге әндете бастадық. Күндізгі жарыс уақытындағы келіспеушіліктердің ізі де көрінбейді. Барлық қатысушылар бірге ауыз ашып, бірге көңіл көтердік. Рамазан айының қасиеті мен түркі топырағынының киесі сеп болған шығар, мүмкін.
Айына 2-3 мәрте жолда жүретін мен үшін бұл сапар да ерекше естеліктерімен толықты. Естелігінен бұрын есті түйіндерім де жоқ емес. Көздеріне оты бар, бәйгенің бас жүлдесіне таласқан жас журналистерді алғаш көргенде тамсана да, таңырқай да қарағаныммен, бәріміз бір қазақтың баласы болған соң түбінде мейірімділік пен кішіпейілділік озды. Қанша биікте болсаң да шыққан жеріңді ұмытпау керектігіндей, қанша жерден дода болса да, бірін-бірі бауыр көрген жастардың сыйластығы көңілге қуаныш сыйлады. Үйімізге жол бастайтын алдағы сапарымыз алғашқыдай емес бауыр-достарымызбен қызыққа толы болары анық.
Еркеназ СЕЙТҚАЛИЕВА
23.04.2022