Сені таң намазына оятатын 8 себеп

Oinet.kz 20-10-2020 1164

1. Таң намазын оқыған адам түні бойы құлшылық жасағанмен тең

Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын) былай деп куәлік етеді: “Мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын естідім: «Кім кұптан намазын жамағатпен бірге оқыса, онда ол түннің тең жартысын құлшылықпен өткізгендей болады, ал таң намазын жамағатпен бірге оқыған адам түні бойы құлшылық жасағанмен тең». ("Муслим", 260/656 )

2. Таң намазын оқыған адам Алланың қамқорлығында болады

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Таң намазын оқыған адам Алланың панасында болады және Алла ол үшін еш нәрсе талап етпейді»- деген. ("Муслим", 261/657)

3. Адам таң намазын мешітте, жамағатпен бірге оқуды әдетке айналдырса, онда оған Қиямет күні сыйға Нұр тартылады

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Алла түнде (қараңғыда) мешітке барған адамның жүзін Қиямет күні нұрландырады" - деген . ("Сунан Ибн Мәжә", 781 )

4. Таң намазын мешітте жамағатпен бірге оқыған адам, сөзсіз, Жәннатқа кіреді

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Әл-Бардайнды орындаған адам - Жәннаттық", - деді. Әл-Бардайн - таң намазы мен екінті намазы. (Бұхари, 548/549)

5. Таң намазын қалау ұйқыдан артық және ол тағдырды жеңілдетеді

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: "Таңғы ұйқы адамның ырысын азайтады" («Әл-Жами`ус-Сағир», 5129)

6. Таң намазын оқу – бүкіл әлемнің байлығын қолыңа ұстағаннан да артық!

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Таң намазының екі рәкағаты (сүннеті) бүкіл әлем мен оның ішіндегі бар байлықтан артық", - деген. (Муслим, 96/725)

7. Таң намазын оқыған адамға періштелер куәлік етеді

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Сендерге түнде бір періштелер, күндіз бір періштелер алмасып келіп тұрады. Олар таң намазы мен аср намазында жиналып, сендермен түнде бірге болғандары (көкке) көтеріледі. Сонда Алла Өзі жақсы біліп тұрса да олардан: «Пенделерімді қандай жағдайда тастап келдіңдер?» - деп сұрайды. Олар: «Біз оларды намаз оқып жатқандарында тастап келдік, сондай-ақ, олар біз оларға барғанымызда да намаз оқып жатыр еді» деседі», - деген. (Бұхари, 530)

8. Таң намазын оқыған кісіні Алла Тағала жарылқайды және оған береке сыйлайды

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі Аллаға жалбарынып: " Уа Алла, үмметімнің таңын игі (берекелі) ете гөр", - деп дұға жасаған. (Тирмизи)

Ендеше, оқыған намаздарыңыз бен дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!

Жаман түстен сақтанудың 9 әдісі
Қазақты тәрбиелеген 3 ауыз сөз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу