Иман өлшемі
Бірде Ақсақ Темір аты әйгілі екі әулиесін ертіп, сапарға шығыпты. Екі әулиенің бірі, аты шабан болған соң ба, кейіндеу қала беріпті. Орайлы сәтті пайдаланып әулиелерін сынамақ болған Ақсақ Темір қасындағыға "Ана кісінің әулиелігі бекер-ау деймін. Бізбен бірге жүргісі келмей кежегесі кейін тартып келе жатқаны несі. Әлде сізді менсінбей ме?" деп сынай қарапты. Сонда әулие "Әміршім, олай демеңіз. Ол кісінің тұла бойы тұнған қасиет қой. Қараңызшы, қасиетін аты көтере алмай келе жатқан жоқ па?! Кейіндеп келе жатқаны сондықтан ғой" депті. Ақсақ Темір "А, солай ма..." деп, тізгінін тартып, кейінгі әулиемен қатарласқан соң "Ана кісі шошаң-шошаң етіп алдымызға түсе берді ғой. Сірә, әулиелігі шамалы-ау өзінің" депті. Сонда мына кісі "Олай демеңіз. Біз ол кісімен замандас болғанымызға қуануымыз керек. Қарасаңызшы, бізге қарайлап атының басын тартып келе жатыр. Болмаса ұшып кетеді ғой" дегенде Ақсақ Темір "Сендердей әулиесі бар мені еш жау ала алмас" деген екен.
Түйін. Аузыңнан шыққан сөз - сенің иманыңның өлшемі. Ғұламалар айтқандай "Бар ізгілік исламның ішінде. Ал оның сыртында дәнеңе де жоқ". Өкінішке қарай қазіргі жең ішінде жұдырық жасырған "діндарлар" осы даналықты жоққа шығаруға айналды. Дәстүрлі дін, Ишандық мектептің жабылып қалуы - дін әдебін де өзімен бірге алып кетті. Ендігі міндет - соны қайта жаңғырту.
Құдияр Біләл