Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
- Атың кім?
- Сюли.
- Неге жылап отырсың?
- Қазақ болып тумағаным үшін.
- Ұлтың кім?
- Ханзу.
- Не?
- Қытай дим.
- Ойбай мақтансаңшы қайта қытай екеніңе.
- Иә, саған, "жеті бірдей қазынадан айрылып,
жеті атамды жаттай алмай кету" маған қаншалықты қиын екенін білсең ғой?
- Ойбай, орыстар да жүр ғой жеті атасын жаттамай-ақ держава болып.
- Оны қойшы, "қымыз, шұбат, қазы-қарта, құрт-майсыз,
кәдір қашып қарным ашып" жүргенімді қайдан түсінесің сен?!
- За то сендер әлгі...
- Өзің же сол құрт-құмырсқаны! (Жіңішке әйел дауысы құлағымды тесіп жібере жаздады)
- Мүмкін, Қазақстанда жүргесін солай ойлайтын шығарсың, Қытайға барсаң ойың өзгерер? - дедім міңгірлеп.
- "Бұл жалғаннай бақыт таппай өтермін!"
- Қой енді, Сюзи!
- Сюли!
- Ой, кешір, Сюли!
- "Қалай басқа байрақтарды көтерем!"
- Жәймендеп көтере салсаң болады да, - дей бергенде ащы шапалақ бетімді қарып бара жатты, селк етіп оянып кеттім. Ұлым екен. Сюлиді жұбатып үлгермей қалғаным үшін бір сәт өкініп кеттім де, ұлымды зекіп қуып жібердім:
- Қатын-ей, түнгі сменнен келгенде мынаны бөлмеме кіргізбе дедім ғой мен саған! Тағы да ұрып кетті!
- Оят деп жіберіп отырмын, әбед пісті.
- Оятпаңдар мені, өзім тұрам!
Көзімді әрі жұмам, бері жұмам: ұйқы да жоқ, Сюли де жоқ. Ақыры тұрып, тайыншаның ортан жілігін асып қайнатқан сорпаға құрт қосып ішіп отырмын. Жазда қайнатып, сары суын сүзбей баклашкаға құйып сақтаған құрт! Жағыңды қуырады ғой, жарықтық! "Қазақ болып тумағанда кетчуп не майонез қосып ішіп отырар ма едім" деп мырс еттім
Ербол Жанатұлы