«»Пайғамбар мен әулиен қатар қою, пендені Ұлы деу - күнә»

Oinet.kz 29-09-2022 1854

Screenshot_5.jpg

Адам-зат адасады. Адам-заттың адасуын бүгінде айқын көрудемін. Екі славян халқы бірін-бірі аяусыз қыруда. Осындай жағдайды көре білген хакім Абай: «Адасқан адамзатты жөнге салатын үш тайпа ел бар», - дейді. 

Бірінші – пайғамбарлар,

Екінші – әулиелер,

Үшінші – хакімдер.

Абай айтады: «Хакімдер болмаса, дүние ойран болады» - деп. Бүгінде пайғамбарлар жоқ. Пайғамбарлар заманы өткен. Әулиелер бар ма? Ойлану керек. Қазақ халқы тарихында, Құдайға шүкір, әулиелер болған, соның бірі, өзіміз бас иіп, тәуіп етіп, дұға жасап, алдына келіп, жүгініп отырған Бекасыл әулие. 

Сонда әулие деген кім? Әулиелік деген не? деген сұраққа жауап іздесек, айтарым:

Әулие – қасиет. Әулиелік – қызмет. 

Әулиеліктің ұстанымдары:

1. Адам баласына адам баласының бәрі дос (179 б.).

2. Адамшылықтың алды – махаббат, ғаділет деп түсіну және жұртқа түсіндіру (225 б.).

3. Әулие – әрбір жақсы нәрсенің өлшеуін анықтаушы. Өлшеуінен асса жарамайды. Әулиелік түсінікке өлшеуін білмек – бір үлкен іс, оны білуші – әулие. 

4. Әулие Алла сөзінің харіпсіз, дауыссыз екенін біліп, сезінетін тұлға (190 б.).

5. Әулиенің діні – ислам, сенім кітабы – Құран кәрім. 

6. Әулие – Алла тағаланың дидарына ғашық жан (Құл Қожа Ахмет Иасауи).

7. Әулие – таза мұсылман, яғни толық адам. 

8. Әулие астың дәмін келтіретін тұз секілді қасиет бар. 

9. Әулиесіз – ел жетім, Құдайға шүкір, қазақ халқы әулиесіз болған емес, Батыста Пір Бекетіміз бар, Солтүстікте Мәшһүр Жүсіпіміз, Қызылордада Ишан, Көкшетауда Науан хазірет және аты аталмай қалған әулиелер бар. Маңғыстауда 350 әулие бар деген аңыз бар. Шымкентте «Мыңсейіт» (шейіт) деген аңыз бар. 

***

«Түркістанда – Қожа Ахмет, Мединеде – Мұхаммед, Маңғыстауда – Пір Бекет» дұрыс пікір емес. Пайғамбар – Алла тағала елшісі. Әулие пайғамбар емес, әрине әрбір пайғамбар – әулие әрі хакім.

Әулие – қажеттілік. Әулиесіз жоғарғыда айтқандай, ел жетім болады. Елге рух беруші, емдеуші, қайрат-күш беруші әулие, соның бірі, тағы да қайталаймын, алдына келіп тәуіп етіп отырған – Бекасыл әулие.

Әулие – көш басшы, елдің кеңесшісі, емшісі. Семей өңірінде Ырғызбай әулие бар. Ұрпақтары жыл сайын, басына барып, тәуіп етіп, жыл сайын жарыс ұйымдастырып, халықты ынтымақ, бірлікке шақыруда. 

Әулие елдің ынтымақ-бірлігіне, ырысына қызметі етуші, теңдесі жоқ тұлға.

***

Бекасыл әулие – теолог, ғалым, Алла тағала сөзін жұртшылыққа тереңдеп жеткізуші тұлға. Бір мысал, Ұлы деген сөз туралы. Біз Бекасыл әулие туралы Ұлы деген сөзді қолданбаймыз. Себебі, Ұлы – Жаратушының эпитеті. Біз Жаратушының жаратқандарының көлеңкесінде өмір сүруші пенделерміз. Мен Абайды да, Шәкәрімді де Ұлы деп айтпаймын. Бір мысал, Түркістанның 1500 жылдығына Астанадан пойызбен ығай мен сығайлар аттанып келдік. Мен шай үстінде қазақ сөзді дұрыс қолданбайды, сосын көресіздер, вокзалдың маңдайшасында Ұлы Қожа Ахмет деген сөз болады. дедім. Біреулер олай болмас деді. Вокзалға келіп түстік. Мен айтқандай, Ұлы Қожа Ахмет Иасауи деген жазу тұр. Мен іс-шара ұйымдастырушыларға мұныңыз не? Иасауи өзін Құл Қожа Ахмет деп атап еді ғой. Аллаға Құл болу үлкен дәредже деп еді ғой дедім. Ұйымдастырушы Құл деп қалай жазамыз деп күбіжіктеді. Біз Құл деген сөздің мағынасын түсінбей жүрміз. Ұлы Алланың биік дәрежедегі эпитеті. Оны пенделеріне қолдануға болмайды. Қолдану – күнә. Құл Қожа Ахмет Иасауи бізге ұстаз. Бекасыл бізге ұстаз, Абай ұстаз, Алаш азаматтары ұстаз. Олардың ешқайсысы Ұлы деп атамаған. Мағжан Жұмабаев «Ұлы хакім Абайға» деп өлең арнаған. 

Ғарифолла ЕСІМ,

Академик, жазушы

Сайрамда тарихи мекендер назардан тыс қалмайды
Ауыр қарғыстан бүкіл ішегі шіріп кеткен...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу