«Лә иләһә иллә алла» сөзінің мағынасы

Oinet.kz 24-03-2020 1273

image.png

Пайғамбарымыз Мұхаммед (със) былай деп айтқан: «Бірде Мұса Пайғамбар (а.с): «Иә, Раббым, маған Сені еске алатын, сол арқылы Саған дұға жасайтын ең жақсы сөзді үйрет» деп сұрайды. Сонда Алла оған: «Ей, Мұса, «Лә иләһә иллә Алла» деп айт!» - дейді. Мұса: «Иә, Раббым! Мұны құлдарыңның барлығы айтады ғой» дейді. Сонда Алла оған: «Егер жеті қат аспан мен жеті қат жер және оның тұрғындары таразының бір табағына қойылса, ал «Лә иләһә иллә Алла» екінші табағына қойылса, онда «Лә иләһә иллә Алла» басып кетеді» деген. (Ибн Хиббан)

Расында, «Лә иләһә иллә Алла» - ең әдемі, ең жақсы, ең ұлы, ең сауабы көп сөз.

Ол жамандықтарды өшіреді.

«Лә иләһә иллә Алла» - ең жақсы дұға.

«Лә иләһә иллә Алла» - ең көп айтылуы тиіс зікір сөз.

Сондықтан қайғырсаң да, қорықсаң да, қуансаң да, бос қалсаң да, қарбаласып жатсаң да үнемі осы сөзді айтып жүруді ұмытпағайсың.

«Лә иләһә иллә Алла» "Алладан басқа құлшылыққа лайықты Құдай жоқ" деген мағынаны білдіреді. Бұл – адам Аллаға ұнайтын барлық жақсы істерді, яғни құлшылықты тек қана бір Аллаға ұнасын, Алла разы болсын, сыйын Алла берсін деп жасауы керек деген сөз. Адамның әрбір құлшылықты жасағандағы мақсаты - Аллаға жақындау, Оның жазасынан қорқу болуы керек. Бұл сөзді айтқан адам барлық нәрсені Алладан ғана сұрайды, Оған ғана арқа сүйейді, Одан ғана жәрдем күтеді және Оның барлық нәрсеге күші жететіндігін, барлық нәрсе Оның ғана рұқсатымен, қалауымен болатындығына шын сенеді.

Егер Алладан өзге басқа да бір құбылыстың, заттың күші, құдіреті жетеді деп ойласа, онда «Лә иләһә иллә Алла» сөзіне сай әрекет еткен болып саналмайды. Бұл – Алланың ашуын тудыратын амал. Жай ғана жаратып қана қоймай, барлық қажеттілігімен қамтамасыз етіп берген құлының Өзінен басқа бір нәрсеге сыйынуы, арқа сүйеуі, бағынуы, Өзінен басқадан қорқуы – Алла кешірмейтін қателік.

Сондықтан құл қашқанның да, қуғанның да, әлсіздің де, күштінің де, зұлымның да, ізгінің де Құдайы Алла екенін және Оның барлық нәрсеге күш-құдіреті жетуші, барлығын Білуші, Сақтаушы, Бақылаушы, Алға жылжытушы, Ризық беруші екенін білуі керек. Ол қаламаса, күллі әлем жиылып келсе де, бізге ешкім не зиян, не пайда тигізе алмайды.

"Мұхаммәдур расулуллаһ" сөзінің мағынасы
Ізгі амал мен нашар амалдың жүрекке әсері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу