«Лә иләһә иллә алла» сөзінің мағынасы
24-03-2020
Біз кеше Исламның алғашқы шарты кәлима шәһадаттың алғашқысына, яғни "Лә иләһә иллә Алла" сөзінің мағынасына тоқталған едік. Бүгін сол кәлима шәһадатты қысқаша түсіндіруді жалғастырсақ дейміз.
Өте Мейірімді, жаратқанына тек жақсылық қалайтын Алла Тағала Адам ата жаратылған уақыттан бері адамдарға жақсы өмір сүруді үйрету үшін көптеген елшілер жіберіп отырған. Олардың ең соңғысы, ең абзалы, Аллаға ең сүйіктісі - Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Ол әкелген хабарлардан кейін алдыңғы пайғамбарлардың қағидалары, ережелері жойылды.
«Мұхаммәдур Расулуллаһ» сөзін айту арқылы біз Мұхаммед пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алланың Елшісі, соңғы пайғамбарымыз деп мойындаймыз әрі бұл - ол үйреткен, өсиет еткен барлық істер мен сөздерді қабылдап, орындауға тиіспіз деген сөз. Себебі, Алла Тағала: "Аллаға және Ақырет күніне үміт ететіндер мен Алланы көп еске алатындарға - Алланың Елшісінде көркем үлгі-өнеге бар", - деген. ("Ахзаб" сүресі, 21-аят)
Пайғамбардың (сғс) соңынан еру - сүннетке ілесуді білдіреді. Кім Пайғамбар (със) көрсеткен жолмен жүрсе, ол дұрыс, тура жолға түсті деген сөз. Себебі, Алла Құранда: "Алла және Оның Елшісі қашан бір іске үкім етсе, ешбір иманды ер мен иманды әйел ол істі өз білгеніне, таңдауына салуына болмайды. Ал кім Аллаға және Оның Елшісіне бойұсынбаса, онда анық адасуға түсті", - деп ескерткен. ("Ахзаб" сүресі, 36-аят)
Сондықтан Мұхаммед пайғамбар (със) бізге нені үйретсе, соның бәрінде бізге тек жақсылық бар, неден тыйса, сонда жетістік пен Алланың сыйы тұрғанын ұмытпауымыз керек.