Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Қытайдың бір емес бірнеше атауы бар. Шығыстағы көршіміз өздерін «Аспанасты елі» десе, еуропалықтар оларды «чина», «чайна» деп атайды. Біздің бабаларымыз оларды «табғаштар» деген. Күлтегін, Білге қағанның ескерткіштерінде солай жазылған. Ал қытай деген сөздің қытайға мүлдем қатысы жоқ. Бұл атау ортағасырларда Қытайдың солтүстік батысындағы моңғол тілдес, бірақ кейінірек қытайланып кеткен көшпенді тайпаның аты.
Қытайдың ең кең тараған атауы тарихи деректерде «Тянь ся» деп жазылған. Бұл жерде «Тянь» деген сөз «аспан» дегенді, ал «ся» «төменгі», «аяқтың астында», «бір нәрсенің астында тұрған зат» деген мағыналарды білдіреді. Бұл екеуін қосқанда «аспанасты» деген түсінік шығады. «Барлық ел, барлық мемлекет аспанның астында өмір сүреді, бұл неғылған атау?» деуіңіз мүмкін. Алайда бұл сөздің астарында терең мән-мағына жатыр. Оны түсіну үшін қытай философиясымен танысып шығуға тура келеді. Қытайлар ежелден аспанға табынған және олар үшін «аспанасты» деген сөз сол аспанның қамқорлығында деген мағынаны білдіреді. Қытайлар тек Қытай ғана аспанасты, яғни аспанның қамқорлығындағы ел, қалған елдер--жабайлыларға аспан қамқорлық танытпайды деп түсінген.
Қытайлар сонымен бірге өздерінің елін «Чжун Го» деп те атаған. Бұл «орталықтағы мемлекет» деген мағынаны береді. Яғни қытайлар өздерінің құрған мемлекетін әлемнің орталығы деп түсінген.
Ал «China» деген сөз Қытайды алғаш рет бір орталыққа біріктірген Цинь империясынан шыққан болуы мүмкін. Еуропа елдеріне барған қытай саудагерлері өздерін «цинь империясынанбыз» деп таныстырған. Кейінірек ол Еуропа елдерінде «чин», «чайн» деп атала бастаған. «China» сөзін қытайдың фарфорымен байланыстыратындар да бар. Өйткені қытай ежелден әлемге осы фарфорымен танымал болған.
Қазақтарда «шың елі», көрші жатқан өзбектерде «чин давлаты» деген сөз кездеседі. Жоғарыда «China» сөзінің фарформен байланысты деген болжамның барын айттық. Қазақтың «шыны» деген сөзі де осыдан шыққан болуы әбден мүмкін.