Черчилльдің «ішкі дауысы»
11-01-2024
Кенияның солтүстігінде жатқан Рудольф аталатын өзеннің алқабында ерекше арал бар. Арал картада Оңтүстік деп аталғанымен, жергілікті тұрғындар оны "Энваитенет" дейтін көрінеді. "Энваитенет" сөзінің қазақша баламасы - "Барсакелмес".
Әрине, бұл атау ешқандай заңмен бекітілмеген. Ол өңірдің байырғы тұрғындарының айтуынша, ерте кезде құл сатумен айналысатын жауыздардың қолынан бір отбасы қашып шығып, осы аралға кеткен көрінеді. Қанша іздегенмен олар табылмаған және қайта оралмаған. Ал құлдарды іздеуге аттанғандардың өзі сонда біржолата із-түссіз жоғалады.
1956 жылы өзенде Вивиан Фуша бастаған экспедиция жұмыстары жүргізілді. Арал аумағына Мартин Шэфлис және Бил Дайсон есімді қызметкерлер аттандырылды. Африка жерін өте жақсы білетін тәжірибелі геологтар межелі жерге аман-есен жеткендіктерін хабарлайды. Алайда біраз уақыттан кейін байланыс үзіледі. Үрейленген Фуш ағылшындықтардың артынан үш құтқарушыны жібереді. Олардан қайран болмаған соң, жақын маңдағы Марсабит қаласынан көмекке тікұшақ шақырылады. Екі күн бойы үлкен топ кішкентай ғана аралдың тау-тасын қопарып, шөп-шалаңына дейін тексереді. "Өкінішке орай нәтиже болмады. Олар сол кеткеннен оралмады, іздері де табылмады. Африканың осы бір тас керең, қатыгез жерлерінің құшағында қалып қойған адамдарды ешкім көрмеген. Және бұл құпияның шешуін ешкім таба алмайтын да шығар..." деп жазады Фуш Вивиан өзінің күнделігінде.
Аталған оқиғадан кейін бірнеше жыл өтісімен Барсакелмес жеріне көшпелі самбуру тайпасының жауынгерлерінің озбырлығынан қашқан эльмоло тайпасы қоныстанады. Бастапқы кезде бәрі де жақсы, бәрі де тыныш еді. Көп уақыт өтпей көптен күткен оқиға орын алды. Тайпа бір күнде ізім-қайым болады. Мұны байқаған ел-жұрт жан-жаққа хабар береді. Арнайы топ аралға келгенде қаңырап жатқан шағын ауылды көреді, заттарға ешкім тиіспеген, от енді ғана сөнген, тіпті өзеннен ауланған балықтар да өз қалпында жатыр екен. Тек адамдар ғана ұшты-күйлі жоқ. Жер жұтып қойды ма? Құпияны ақтаруға жол ашатын ешбір дәлел, ешбір із жоқ.
Дүниені дүр сілкіндірген Барсакелмес аралы туралы небір пікірлер, небір тоқтамдар айтылып жүр. Бірі - жыландарға жапса, екіншісі - тылсым күштерден көреді. Ал ғалымдар: "Рудольф өзені жанартаудың атқылауынан пайда болғандықтан, ол жерден улы газдар бөлінеді де, адам психикасына теріс әсер етеді. Нәтижесінде, есінен ауысқан адамдар өздерін өзенге тастап, өледі" деген тұжырымды да айтып жүр. Алайда ақиқат әлі күнге дейін белгісіз. Жоғалған тайпаның құрамындағы отыз адамнан кейін бұл жерге ешкім аяғын аттап баспайтын болды.