Полат Бердалиев: «Туберкулезбен қауым болып күресуіміз керек»
Полат Бердалиев, Шымкент қалалық өкпе-құрт ауруына қарсы диспансерінің бас дәрігері
200 төсек-орындық Шымкент қалалық өкпе-құрт ауруына қарсы диспансерінде бүгінде 133 науқас емделіп жатыр. Соңғы кездің жағымды беталысы – осы дертке шалдыққандар санының қысқарып келе жатқаны деуге болады: ауруға шалдығу көрсеткіші 100 мың адам санына шаққанда 73,7-ден 60,9-ға төмендеген. Ал туберкулезден қайтыс болу көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 8,8-тен 4,7-ге дейін қысқарған. Туберкулез ауруы алғаш рет анықталған науқастар арасында туберкулездің асқынған түрі 2 жылдың көлемінде тіркелмепті. Осы медициналақ мекеменің бас дәрігері, 2-і Мәскеу медициналық институтының түлегі Полат Кенжебайұлымен болған сұхбатымызды қалалық тубдиспансерде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгімеден бастадық
- Диспансердегі 200 төсек-орынның 140-ы туберкулезге қарсы дәрілерге сезімталдығы сақталған ересек науқастарға, ал 60 төсек-орын – балаларға (облыс бойынша) арналған. Осы балалар бөлімінің құрамында мектеп те бар. Сонымен қатар 500 қабылдауға араналған емхана жұмыс істейді. Диспансерде клиника-бактериологиялық лаборатория, Рентгенфлюорографиялық бөлімдер және ультрадыбыстық зерттеу кабинеті қалыпты жұмыс істеп келеді.
- Диспансер тарапынан туберкулездің алдын алу бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?
- Туберкулезді ерте сатыда анықтау мақсатында жалпы профилактикалық тексеруден 585 567 адамды өткізу жоспарланған болатын, ал тексерілгені 586 615 яғни, жылдық жоспар 100,2% орындалды, оның ішінде флюорографиялық тексеруге жоспарланған «қауіпті топ» бойынша 460 448 адамның 12 айда 455 399-ы тексерілді. Балалар арасында туберкуин сынамасымен 125 119 жоспарланып, 131 216 бала тексеруден өткізілді. Туберкулез қанша ерте анықталса, оны емдеу мерзімі сонша қысқа болады.
- Туберкулез ауруына шалдыққан адам орташа қанша уақыт емделеді?
- Емделу уақыты сырқаттың түріне, дәріге сезімталдығына байланысты. Орташа 8-10 ай деуге болады. Ал енді басталғанда – біз оны қарқынды саты дейміз – 2-4 айда бұл дертті жеңуге болады, науқас кейін дәрі-дәрмек қабылдап жүреді. Ал егер дәріге сезімталдығы сақталмаған болса, науқасты емдеуге 2-3 жыл уақыт керек болады.
- Бұлай ұзақ емделетін қандай науқастар?
- Бұл топтағы науқастар – бірінші рет емделгенде соңына дейін емделмеген, ем-домды, дәрі-дәрмекті дұрыс қабылдамаған, тіпті емделуден жалтарған адамдар. Бұл науқастарды емдеу ұзаққа созылады, 2-3-і қатардағы дәрілермен емдеу қиын әрі өте қымбат тұратынын айта кетуіміз керек.
- Туберкулез негізі дәріге көне бермейтін ауру сияқты.
- Ия, туберкулез таяқшаларын құрышпен қапталған құбыжық (бронированное чудовище) дейді. Бұл таяқша – қышқылға, сілтіге (щелочь) және спиртке төзімді бактерия саналады. Сондықтан, бұл ауруды жеңу оңай емес.
- Ел ішінде туберкулезді иттің майымен емдеуге болады деген әңгіме бар. Маман ретінде бұған не дейсіз?
- Егер иттің, борсықтың немесе аюдың майымен емдеуге болғанда, өкпе-құрт ауруына қарсы диспансерлердің қажеті болмас еді. Біз дәрігер ретінде медициналық тұрғыдан емдік қасиеті дәлелденген дәрілерге сенеміз. Мұнда адамның сеніміне көп нәрсе байланысты. Адам бар болмысымен бір нәрсеге сенгенде, оның иммундық жүйесі серпіліп, қуаттанып, ауруды жеңетін кездер болады. Бұл психологиялық аспект. Бірақ біз иттің немесе борсықтың майын дәрі ретінде ұсынбаймыз.
- Туберкулезге қатысты жағдайды жақсарту үшін қандай шаралар көрілуі керек.
- Денсаулығы үшін әрбір адам өзі жауапты. Қоғам денсаулығы 10-15 пайызға ғана медицинаға байланысты. Сондықтан біз бұл ауруға қатысты үгіт-насихатты күшейтуіміз керек. Ең бастысы – адамдар ауруын жасырмауы керек. Кейде адамдар «көршілерім, дос-жарандарым, құда-андаларым не дейді?» деп туберкулезге шалдыққанын жасырып жүреді. Жоғарыда айтқанымыздай, уақыт өткен сайын, науқасты емдеу қиындай түседі. Таяқшалар организмді улап, өкпемен қоса, адамның басқа ағзаларын да әлсірете түседі.
- Жуырда Оңтүстік Қазақстан облыстық 4-і перинаталдық орталықта болғанымызда кері ағымдағы діни топтардың өкілдері жаңа туған нәрестелеріне туберкулезге қарсы вакцина салдырмайтыны жайлы айтты...
- Ия, бұл – өте қиын проблема болып тұр. Айтып отырғаныңыз БЦЖ вакцинациясы. Бұл жаңа туған нәрестенің организмінде туберкулезге қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған екпе. БЦЖ вакцинациясы жасалмаған бала науқаспен қарым-қатынаста болған кезде бірден туберкулезге шалдығады. Және де бұл жағдайда туберкулездің өлімге әкеліп соғатын ауыр түрлері (туберкулезді менингит, өкпенің диссеминирлі туберкулезі) тез дамиды.
БЦЖ екпесі баланы туберкулезді менингит пен өкпенің диссеминирлі туберкулезінен сақтайды, егерде туберкулез таяқшасы жұққан жағдайда аурудың жеңіл түрі дамып, тиісті ем жүргізілсе, сәтті аяқталады
- Мұндай ата-аналар көп пе?
- Ия, көп. Олардың айтар уәжі: «баланы Құдай өзі берді, оны өзі қорғайды, керек болса, өзі бергенін өзі алады» дейді. 2015 жылы перзентханада БЦЖ екпесінен 223 адам бас тартты, ал 2014 жылы - 182 нәрестеге туберкулезге қарсы вакцина жасалмаған болатын, яғни мұндай ата-аналар саны 2015 жылы 39 адамға артты. Адамның өз нәрестесіне туберкулез бен гепатитке қарсы вакцина салдырмауы – өз ұрпағының болашағына балта шабуы. Бұл санаттағы ата-аналардың көбеюі бәрімізді алаңдатуы керек.
- Полат Кенжебайұлы, адам туберкулез ауруынан қалай сақтана алады?
- Бұл аурудың адамға жұғу жолдары саналуан. Бірінші кезекте осы ауруға шалдыққан адамдармен қарым-қатынаста абай болу керек. Бүгінде көшеде маска таққан адамдар көбейді, бұл – адамдардың өз денсаулығына деген жауапкершілігінің арта түскенінің белгісі.
Бірінші – жылына бір рет рентгенге түсіп тұру керек. Екінші – салауатты өмір салтын қалыптастыу: мүмкіндігінше күйзеліске түспеу, ішімдікке салынбау, дұрыс тамақтану, дене шынықтыру, таза ауада көбірек серуендеу, жатын бөлмені жиі желдетіп отыру, темекі тартпау, аморалдық әрекеттерге бармау, тағы-тағылар. Үшінші – көбірек қимылдау керек: гиподинамика – жүріс-тұрысы аз өмір – өркениеттің басты проблемаларының біріне айналды. Төртінші – жоғарыда айтқандай, ауруды жасырмау керек. Ел ішінде туберкулез – кедейлердің ауруы деген түсінік бар. Әрине, туберкулездің әлеуметтік індет екенін жоққа шығаруға болмайды, бірақ бұл ауру адам таңдап жұқпайды – дәулетті адам да туберкулезге шалдығуы әбден мүмкін. Бесінші – туберкулезге қарсы тоқтаусыз үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, бұл індетпен медиктер, ұстаздар, дін өкілдері, ата-аналар, мекеме басшылары, яғни қауым болып күресуіміз керек.
Мұрағаттан, 2016 ж