Дулат Үдербаев: «Көз – мидың сыртқа шығып тұрған бөлігі»

Oinet.kz 10-07-2019 1681

Screenshot_23.jpg

Оңтүстік Қазақстан облыстық офтальмологиялық ауруханасының бас дәрігері

Оңтүстік Қазақстан облыстық офтальмологиялық ауруханасы – өңірдің  офтальмологиялық қызметінің базасы болып табылады. Өткен жылы ауруханада  кепілдендірілген тегін көмек аясында, яғни мемлекеттік тапсырыс негізінде тәуліктік стационарда 2619 адам емделген. Бұл көрсеткіш 2014 жылға қарағанда 587 науқасқа немесе 28,7 пайызға көп. Ал күндізгі стационарда 515 адам емделген. Сонымен қатар кеңес беру диагностикалық емханасы облыс бойынша 44 емханамен келісім-шарт негізінде өңірдің 20 мыңнан астам  тұрғынына мамандандырылған емханалық көмек көрсетіпті. Аурухана құрамында 20 төсектік ақылы бөлімше мен бір ауысымда 40 адамға ақылы қызмет көрсететін емхана да бар.  Оңтүстік Қазақстан облыстық офтальмологиялық аурухананың бас дәрігері Дулат Үдербаевпен болған сұхбатымызды ауылдағы «қара шал, қара кемпір, қара бала» – тұрмысы төмен немесе орташа ағайын кепілдендірілген тегін көмекті қалай пайдалана алады?» деген сауалдан бастадық.

- Бұл аса қиын шаруа емес. Біріншіден –  науқас кепілдендірілген тегін медициналық көмек алу үшін ауданның көз дәрігеріне барып көрінеді. Ол өз деңгейінде ем-домын жасайды, ал науқастың көзінен қандай да бір күрделі  дерт белгісі анықталса немесе ота жасау қажет болса, ешқандай кедергісіз облыстық офтальмологиялық аурухананың кеңес беру диагностикалық емханасына жолдама береді. Диагностикалық емхана сол жолдама арқалы науқастың көзіне диагноз қояды. Егер науқастың зерттеулері толық болса,  науқастарды  кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында ауруханаға жатқызады. Науқасты порталға жергілікті емханалар да, облыстық офтальмологиялық аурухананың кеңес беру- диагностикалық емханасы да қоя алады. Облыстық офтальмологиялық аурухана өңіріміздегі 44 емдеу-профилактикалық мекеме және жеке емханамен келісім-шарт жасасқан. «Жолдама немесе квота таусылып қалды» деген әңгіме болуы мүмкін емес. Профилактикалық және диагностикалық шаралар үшін қазынадан арнайы қаржы бөлінген, емханалар бұл қаржыны үнемдегенімен, оны басқа мақсатқа бағыттай алмайды, ал жыл аяғында игерілмеген қаржыны бюджетке кері қайтаруға мәжбүр болады. Мұнда «байдың асын байғұс қызғанады» деген принцип ұстану дұрыс емес. 

- Дулат Өмірзақұлы, облыс тұрғындары негізінен қандай көз ауруларымен келеді? Бұл тұрғыда қандай тенденциялар, яғни беталыстар байқалады?

- Қазіргі таңда көз дәрігерлерін толғандырып отырған үш проблема бар. Біріншісі – катаракта. Қазақша оны көз бұршағының ағаруы немесе ақ басуы дейміз. Екіншісі – глаукома, яғни суқараңғы, ал үшіншісі – балалар арасындағы жақыннан көргіштік, медицина тілімен айтқанда миопия дерті. 

- Енді осы проблемалар мен олардың алдын алу жолдарын сабақтап айтып берсеңіз.

- Адамның жасы келген сайын ағзасында өзгерістер басталады. Соның ішінде көз де адаммен бірге қартаяды. Қарт адамдарда жиі кездесетін дерттің бірі – катаракта. Түсінікті тілмен айтқанда көз бұршағын ақ басуы. 55-60 жастан ары қарай көз бұршағы мөлдірлігін жоғалтып, оны ақ басады. Дәрумен жетіспеушілігі, зат алмасу процесінің бұзылуы және өзге де себептерден көз бұршағы мөлдірлігін бірте-бірте жоғалтады. Катаркта алғаш басталғанда адамның көз алдында шыбын тәрізді бөгде зат жүргендей болады. Көздің көру қабілеті кемиді, сәуленің көз бұршағына өтуі қиындайды. Бұл белгілер дерттің алғашқы сатыларында анықталса, дәрі-дәрмекпен емделеді, көздің қарауытуы үдеген жағдайда, ота жасалады. Көп жағдайда катаракта дертінде көзге ота жасау арқылы көру қабылеті қалпына келеді, яғни көзішілік линза салынады. Ауруханадағы 2500-3000 отаның 1200-ден астамы катаракта бойынша жасалады. Бұл катарактаға  шалдыққан адамдар саны өңірімізде көп деген сөз. Бұған халық санының артуы, адамдардың  өмір сүру жасының ұлғаюы және экологияның нашарлауы әсер етіп отыр. Қазір озон қабаттары тесіліп, ультракүлгін сәулесі жерге көп түсетін болды. Мұндағы жағымсыз беталыс – бұрындары катарактаға отаны қарт адамдарға ғана жасайтын болсақ, қазір 40-50 жастағы науқастар хирургиялық отаны қажетсінетін болды. 

- Ал глаукома жайлы не деуге болады?

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, әлем халқының 95-135 миллионға жуығы суқараңғылық дертінен зардап шегеді екен. Ал біздің облыста суқараңғы немесе глаукома кеселімен 7 мыңға жуық  адам диспансерлік есепте тұрады. Суқараңғы – көздің ішкі қысымының шамадан тыс артып кетуінен пайда болатын созылмалы көз ауруы. Бұл кесел адамның ұлтына, жынысына, әлеуметтік жағдайына қарамайды. 

Ешбір белгісі біленбей басталатын суқараңғы дертін уақытылы емдемеген жағдайда 4-6 жылда зағиптыққа душар етеді. Сондықтан мемлекеттік деңгейде бұл кесел 40 жастан асқан адамдар арасында скринингтік тәсілмен анықталады. Бір қуыныштысы – бұл тексеру мемлекеттің есебінен тегін жасалады. Өткен жылы скринингтік тексеруден 230 508 адам өтуі тиіс болса, біздің мамандар 230 536 адамды (100,03 пайыз) тексеруден өткізді. Соның нәтижесінде 1 140 адамның суқараңғы дертіне шалдыққаны анықталды. Айта кетейін, Қазақ  көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының мәлімдеуінше, глаукома кеселімен анықталған 5 науқастың  біреуі  ОҚО тиесілі екен. Институт басшылығының пікірінше, бұл көрсеткіш өңірде скринингтік тексерулердің толық әрі сапалы өткізілгенін көрсетіп отыр. Бауырларымыз міндетті түрде жылына бір рет көз дәрігеріне көрінуі керек. Бұл процедура 10 минут уақыт алады, бірақ сізді зағип болып қалудан сақтайды.  Жасыратыны жоқ, тұрғындарымызда өз денсаулығына немқұрайлы қарау мен бейғамдық бар. Мысалы, 60-тан асқан науқас бір көзінің көрмей қалғандығын таңертең бетін жуып, сүлгімен сүртіп жатқанында байқапты. Бұл бейғамдық емей немене? Тұрғындардың тегін тексерілудің өзін ұтымды пайдаланбайтыны қынжылтады. 

- Суқараңғылық дертінің белгілері қандай?

- Суқараңғы кеселі  өзінің алғашқы сатысында еш белгісіз  басталуы мүмкін. Кей жағдайларда   көздің алды тұманданады. Өкінішке орай, қандастарымыз бұған аса көңіл бөле бермейді.   Ауру асқынғанда жарыққа қарағанда, «кемпірқосақ» секілді белгі көрінеді. Көз алдындағы зат айқын көрінбейді, ал таңертенгілік 1-3 сағаттай көз, самай, маңдай тұсын бір нәрсе қысып тұрғандай болады. Көз қысымы өте жоғары көтеріліп кеткен жағдайда – бір жақ көз тұсы мен  бас қатты ауырады. Адам осы белгілердің бірін байқаса, шұғыл түрде көз дәрігеріне баруы керек. Себебі кейде  суқараңғылық аяқ астынан дамып, адам көру қабілетінен айрылып қалу қауіптілігі жоғары.  

- Миопия – жақыннан көргіштік дертіне байланысты жағдай қандай?

- Қазақстанда балалардың 5 пайызы мектеп табалдырығын аттағанда  көзілдірік тағып барса, мектеп бітіргенде олардың саны 35 пайызға дейін жетіп отыр, яғни әрбір үшінші бала мектептен көзілдірік тағып шығатын болды. Қазіргі балалар далаға шығып, асыр салып ойнаудан қалды. Бұған ата-аналардың өз баласының денсаулығына жауапкершілікпен қарамауы да кері ықпал етіп отыр. Мәселен ата-ана өзінің құлағы тыныш болуын ойлап, балаларының сағаттап теледидар алдында отыруына жол береді. Күні-түні компьютер, ұялы телефон мен планшетке шұқшиған баланың көзі тек жақыннан көруге қалыптасады. Нәтижесінде алыстан көрмеушілік дерті пайда болады. Кейде ата-аналардың баласының сабаққа зейіні жоқтығын айтып шағымданатыны бар.  Мұның бір себебі миопия болуы мүмкін.  Адам сыртта болып жатқан оқиғалар жайлы ақпараттың 95 пайызын көз арқылы алады. Осыны ескере отырып, әрбір ата-ана баласын жыл сайын көз дәрігеріне көрсетуі керек. 

- «Ас - адамның арқауы», демекші дұрыс тамақтанудың да мәні зор. Осы орайда, қандай тағамдар көзге нәр беретінін айта кетсеңіз?

- Әр адам өзінің туып-өскен жерінде өсіп-өнетін азықтармен тамақтанғаны жөн. Өз топырағымызда өсетін алма, сәбіз, қызанақ, қиярдан артық көзге нәрін беретін көкөніс табылмайды. Сондай-ақ, айран-сүт, қымыз-қымыран, құрт-ірімшік, тары-талқан – нағыз көзге күш беретін ұлттық тағамдар. 

- Дулат Өмірзақұлы, сау көз қандай болуы керек? Оқырмандарымызға сау көздің белгілерін сипаттап берсеңіз.

-  Вьетнам халқында «Здоровье – это молчание органов» деген мақал бар. Ал қазақ: «Екі көзің – шырағың, екі аяғың – пырағың» дейді. Офтальмологтар «Көз – мидың сыртқа шығып тұрған бөлігі» дейді. Бұл сөздер адам үшін көздің қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр. Иә, сонымен сау көз қандай болады? Сау көздің он белгісі бар.

Біріншіден – сау көз ауырмайды, ауырсынбайды. Екіншіден – сау көз қызармайды, ағы – ақ, қарасы – қара болады. Үшіншіден – сау көз алысты да, жақынды да бірдей жақсы көреді. Төртіншіден – сау көздің екеуі де бірдей (параллельно) тура қарайды, яғни қитарлық (косоглазие) болмайды. Бесіншіден – сау көз қышымайды, суланбайды және жасаурамайды. Алтыншыдан – сау көз тура қарағанда 180 градусты, яғни адам екі қолын екі жаққа созып тұрғанда, көздің қиығымен қолдарының ұшын толық көруі керек. Жетіншіден – сау көз кемпір қосақтың 7 түсін толық анықтап, түстеп бере алады. Сегізіншіден – сау көздің қабақтары жабылғанда, көз алмасын толық қорғап тұрады. Тоғызыншыдан – сау көздің ағы (склерасы) ақ немесе сәл көгілтім, яғни көкшілдеу болып тұрады. Оныншыдан – сау көз қалыпты жағдайда шаршамайды. Егер сау көздің осы сипаттарының  бірі болмаса немесе ауытқыса, адам шұғыл түрде көз дәрігеріне көрінуі керек.

- Әңгімеңізге рахмет.

Мұрағаттан, 2016 

Айгүл Байкөбекова: «Әйелдер ұрпақ әкелу үшін жанын қиюға дайын»
Полат Бердалиев: «Туберкулезбен қауым болып күресуіміз керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу