Айгүл Байкөбекова: «Әйелдер ұрпақ әкелу үшін жанын қиюға дайын»

Oinet.kz 10-07-2019 1440

Screenshot_11.jpg

- Жаңа босанған аналар 2 сағаттан соң нәрестелерімен бірге біздің бөлімге түседі. Физиология бөлімінде әдетте 40-50 әйел нәрестесімен осында бірге болады. Егер ана мен нәрестенің жағдайы қалыпты болса, екі-үш күн ем қабылдап, қуаттанған соң үйіне қайтады. Ал егер асқынулары болса, осында 7 күнге дейін емделеді.

- Қандай асқынулар болуы мүмкін?

- Нәресте туылғаннан кейін жатырдан қан кетуі, қан аздығы және басқа да аурулар болуы мүмкін. Мұндағы басты проблема – бақылау үшін тіркелмеген аналардың мәселесі деуге болады. Босану үшін орталығымызға келгенге дейін дәрігердің бақылауында болмаған әйелдер де кездеседі. Олар – студент қыздар, тұрмысқа шықпаған әйелдер болуы мүмкін. Бұл категориядағы әйелдерде де асқынулар көп болады.

 - Бүгінде некесіз туып жатқан әйелер көп пе?

- Ия, ондайлар бар. Біздер, яғни дәрігерлер үшін босанған әйелдердің отбасылық жағдайы, некеде болған-болмағаны маңызды емес. Олар – біздер үшін  жаңадан босанған ана мен жаңадан өмір есігін ашқан нәресте ғана. Біз бұл санаттағы әйелдер жайлы ешкімге ешқандай ақпарат бермейміз. Біздің негізгі міндетіміз – оларға медициналық көмек көрсетіп, тіркелген жері немесе тұрып жатқан үйінің мекен жайына қарай барып тіркелетін емханасына құжаттарын жіберу.

 - Балаларын тастап кететін әйелдер кездеседі ме?

- Қазір мұндай әйелдер жоқтың қасы. Әйелдер баланы өзі үшін, дүниеге ұрпақ әкелу үшін туады. Қазір нәресте туылысымен анасының құшағына енеді. Ана баласын емізіп бастаған соң, оның өз баласына деген мейірі арта түседі. Ілгеріде бала мен ана бөлек болатын. Бұл жағдай бала мен ананың арасындағы байланыстың орнауына, мейірінің оянуына кедергі болатын. Ал бүгінде жағдай мүлдем басқа: нәресте туылысымен анасының мейіріне бөленіп, ана мен баланың арасындағы байланыс күшейе түседі. Бұрын баласынан бас тартуды ойлап жүрген ана да баласын құшағына алып, емізгеннен соң, бұл ойынан бас тартады.

- Соңғы кезде көп балалы әйеледер саны артып келеді. Бұл беталыс жайлы не деуге болады?

- Ия, көп балалы аналар көбейіп келеді. Әрбір ананың өз қалауы бар. Мысалы біреудің бес қызы бар, бірақ ұл баласы жоқ. Күйеуім ұрпақсыз қалмасын деп туады. Бір қызығы – олар көбіне ұл туады. Ал кейбіреулерінің ұлдары бар, бірақ қыз баласы жоқ. Кейде күйеулері тума десе де, әйелдеріміз туып жатады. Айта кету керек, әйелдер күйеулері үшін емес, өздері үшін, ұрпақ қалдыру үшін туады. Кейде денсаулығы жарамаса да туады, өліп кетемін деп ойламайды. Әйелдер ұрпақ әкелу үшін жанын қиюға дайын. Бұл аналық инстинкт, соңына ұрпақ қалдыру инстинкті. Бұл инстинктің қаншалықты күшті екенін еркектер түсіне бермейді.

         - №4  перинаталдық орталықта  босанып жатқан әйелдер жайлы статистикамен бөліссеңіз. Мұнда қандай беталыстар байқалады?

         - Біздің перинаталдық орталық үшінші деңгейлі, яғни өте ауыр және күрделі жағдайда келетін әйелдердің босануына жағдай жасауға, босанғаннан соң күтім жасауға әлеуетті орталық саналады. Мұндағы мамандардың кәсіби дәрежесі мен мекеменің жабдықталу деңгейі өте жоғары.  Сондықтан көптеген әйелдер біздің орталықта босануды қалайды. Біздің орталықта 2015 жылы 7534 бала туылды, 671 әйел мезгілінен бұрын, ал 1686 әйел ота жолымен (кесір тілігі) босанды. Ал ауыр жағдайда босанған әйелдер (біз оларды «абсолютті» дейміз) саны – 1144, яғни барша босанғандардың – 15,1 пайызын құрады. Жоғарыдағы статистика 4 перинаталдық орталыққа әдетте жағдайы ауыр әйелдер келетінін көрсетіп отыр. Сондай-ақ 2015 жылы біздің орталықта босанғандардың 10 пайызын көп босанған әйелдер, яғни 6-шы немесе 7-ші баласын босанған әйелдер құрады.

         - Дәрігерлердің көп босанған әйелдерге деген көзқарасы қандай?       

         - Біздің көп балалы аналарға деген көзқарасымыз өте жақсы. Медицинада интергенетикалық интервал деген түсінік бар. Әйел баланы 2 жыл емізуі керек, 1 жыл әйел организімі демалып, қалпына келуі керек. Әйелдер жаңа туылған ұрпағына бойындағы бар күші мен нәрін сыйлайды. Жылма жыл туатын әйелдер бар, тіпті жылдың басында және аяғында босанатын әйелдер де кездеседі. Біз «тума» демейміз. Балалардың арасы 3 жылдан кем болмауы керек. 20 жасында тұрмысқа шыққан қыз 40 жасқа дейін әр үш жылда туатын болса, дүниеге 6 бала әкеледі. Осы интергенетикалық игнтервалды сақтамаған әйелдер әдетте тез қартайып, азып-тозып кетеді. Әйелдер қауымы осыны ескергені жөн.

         -Баланы кемінде 2 жыл емізу – діннің де, медицинаның да талабы екені айтылып келеді. Баланы емізудің артықшылықтары жайлы не деуге болады?

         - Емізу – бала үшін де, ана үшін де өте пайдалы. Ананың сүті – өте қоректі, сапасы теңдессіз тағам. Емген баланың иммунитеті күшті болады, бала жақсы өседі, іші ауырмайды, ең бастысы  баланың анаға деген мейірімі күшті болады. Баланы емізу ана үшін де өте пайдалы дедік. Баласын емізген әйел анемия болмайды, емізу ананы остепароз (сүйек аурулары) бен онкологиялық аурулардан қорғайды, сондай-ақ емізу жүкті болудан сақтайды. Жүктіліктен сақтану үшін ұдайы емізу керек, егер балаға қосымша тамақ берілсе, әйелдің жүкті болып қалу ықтималы арта түседі. Емізу – экономикалық тұрғыдан да тиімді. Баланы жасанды түрде қоректендіру үшін айына орташа 25 мың теңге қаржы қажет. Осы қаржы ананың тамағына жұмсалса, балаға да, анаға да пайдалы болмақ.   

         - Балалы болуды армандап, жоспарлап отырған болашақ аналарға қандай кеңес бересіз?  

         - Бірінші кезекте сіңлілеріміз өздері тіркелген емханаға барып, жан-жақты тексерілуі керек. Жалпы жастарымыз үйленгеннен кейін дәрігерге тексеріліп, қажет болса емделіп, кейін жүкті болғаны жөн. Жалпы жастарымыз да, көп балалы аналарымыз да денсаулығын мықтап алып, кейін бала көтергені дұрыс. Аналар денсаулығы үшін үкімет пен медицина емес, бірінші кезекте сол аналардың өздері жауапты екенін ескере жүрсе дейміз. Біз Қазақстан халқының көбейгенін қалаймыз, тек жүктілік пен босану қағидаларын ескерсе болғаны.

Мұрағаттан, 2016 ж

Екі үшем дүние есігін ашты
Дулат Үдербаев: «Көз – мидың сыртқа шығып тұрған бөлігі»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу