Екі үшем дүние есігін ашты
Шымкент қалалық перинаталды орталығында екі үшем дүниеге келді. Созақ ауданы, Шолаққорған ауылынан келген Аида Баянболова үш бірдей қызды дүниеге әкелсе, қала тұрғыны Гүлмира Қуандықова екі қыз бен бір ұлды аман-есен бауырына басты.
Айта кетейік, үшем қыздарды дүниеге алып келген Аида Баянболова 12 жыл бойы сәбилі болуды армандаған. Дәрігерлердің біліктілігі арқасында ананың үміті ақталып, қаншама жылдар бойы асыға күткен сәбилерімен қауышты. Айзере, Алуа, Айзия есімді үшем мерзімінен бұрын дүниеге келген. Өкпесі дұрыс дамымай туылған нәрестелер жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Екі күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан үшемнің беті бері қарап, алдағы 20 күнді арнайы күтім жасайтын бөлімшеде өткізді. Қалалық перинаталды орталығы дәрігерлерінің бақылауында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде салмақ қосып, үйіне шығуда.
Ал, 22 жастағы Гүлмира Қуандықованың шаңырағы екі қыз және бір ұл баласымен толығып отыр. Сәбина, Әлинұр, Адина есімін иеленген сәбилер күніне жетпей туылғанымен, дәрігерлер көмегінің нәтижесінде бүгінде жағдайлары қалыпқа түскен. Үшем мен аналары әлі бірнеше күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады.
– Бастапқыда балалар кішкентай болды. Сондықтан оларды аналарына беру үшін де біраз уақыт қажет болды. Аналары қазіргі уақытта бала күтімін қалай жасау керектігін толықтай үйренді. Бала күтіміне арналған негізгі білімдерді алды. Балаларға арнайы тексеру жүргізіп, үйіне шығарып жатырмыз, – деді қалалық Денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Инна Глазебная.
Екі отбасының үшемдері де үйінің тұңғыштары. Жалпы, қала бойынша орташа есеппен 25000 сәби дүниеге келеді екен.
Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ