Липофилинг – кішігірім трансплантация
Бет-әлпет, ажар – адамның айнасы іспетті. Психологтардың айтуы бойынша адам сөйлеп жатқанда екінші адамның көзі бірден оның көз жанары мен ерніне түседі екен. Ерін сөйлеу қабілетіне қатысатын аса маңызды мүше ғана емес, ол бетіміздің ең сүйкімді бөлігі екен. Алайда арамызда ерніне көңілі толмайтындар табылып жатады. Бірі ернім үлкен деп кіші болғанын армандаса, енді бірі жұқа ернін томпайта алмай әлек болып жүр.
Косметологтардың айтуы бойынша қазіргі таңда үлкен, дүрдиген еріндер сәнде екен. Сән қуған қыз-келіншектер еріндерін көңілі қалаған формаға пластикалық хирургияның көмегімен қол жетккізіп жүр. Әлемде жиі жасалатын косметикалық процедура липофилинг деп аталады.
«Анджелина Джоли синдромы»
Жалпақ жұртқа танымал актриса Анджелина Джолидің сұлулығы талайды тамсандырғаны рас. Алты баланы тәрбиелеп отырған ардақты ана ХХІ ғасырдың сұлулық символы ретінде мойындалған. Әсіресе сұлу бикештің толықсыған еріндері оның кино әлеміне ене бастағаннан елдің талқысына түсе бастады.
Өзге де өнер жұлдыздары секілді Джолидің да пластикалық хирургтың «дәмін татқаны» анық. Алайда актрисаның өмірін зерттеушілері мен кумирлері оның еріндеріне пышақ тимегенін айтуда. Мұндай үрпиген еріндер Анджелинаға табиғи жаратылысынан берілген дейді. Олар Голливуд жұлдызының бала күнгі фотоларын осы күнге дейінгі суреттерімен салыстырып көргенде ернінің формасының өзгермегенін анықтаған. Актриса ерніне қарапайым тәсілдермен күтім жасайды екен. Яғни арнайы үлкейткіш косметикадық құралдарды пайдаланбайтын көрінеді. Айтпағымыз оның ернінің жасанды не табиғилығы емес, медицинаға қосқан үлес жайлы.
Пластикалық хирургтардың мәлімдеуі бойынша липофилингке деген сұраныс Анджелина Джоли әлемге таныла бастағаннан кейін бірден өсе бастапты. Яғни, әртістерден бастап қарапайым қыздар Энджиге ұқсағысы келіп, еріндерін ісіре бастаған. Мұны дәрігерлер «Анджелина Джоли синдромы» деп атап кетіпті. Мәселен, тегерандық қыз Сахар Тарбан сүйікті актрисасына ұқсау үшін 50 рет пластикалық ота жасатып, 40 келіге салмақ тастапты. Көзін, қасын, ернін Анджелинаға ұқсату үшін пышаққа түсті. Алайда ол артық қыламын деп тыртық қылды. Себебі Сахардың түріне қарау өте аянышты әрі қорқынышты.
«Кіші трансплантация»
Липофилинг – бұл пациенттің майлы тінін ерінге енгізу әдісі. Процедура жасау қажеттілігі барлар:
- өте жұқа ерін;
- туылғалы немесе кейін пайда болған еріндердің асимметриясы;
- үстіңгі және астыңғы еріндердің әртүрлі өлшемде болуы;
- еріннің түсін жоғалтуы.
Липофилинг анатомиялық профильді ретке келтіретін айрықша процедура болып табылады. Мамандар адамның майлы тінінен артық имплант жоқ дейді. Себебі ол біршама уақыттан кейін жаңа қонысына тез сіңісіп, қайтадан толыққанды биологиялық тінге айналады екен. Сол секілді ерінге имплант майлы тіндер көп шоғырланған қарын, бөксе тұсынан алынады екен. Оған небәрі 1-2 мл май болса жеткілікті. Өңдеуден өткен май жіңішке иненің көмегімен ерінге немесе еріннің айналасына енгізіледі. Адамның өз тіндік майы ешқандай аллергия тудырмайды. Аталған косметикалық отаны кішігірім трансплантация деуге болады. Имплант ерінде бір жылдан бастап үш жылға дейін сақталады.
Операция ақ халаттылардың шамамен қырық минут уақытын алады. Пациентке жергілікті анесезия салынатындықтан стационарда жату қажеттілігі туындамайды. Отадан кейін бір сағатта үйіне жіберіледі. Ине егілген жерлері тез жазылу үшін ерінге арнайы пластырь жабыстырылады. Оны сол күні-ақ алып тастауға болады. Алғашқы 4-5 күнде ерніңіз қатты ісіп тұрады. Одан қорқудың қажеті жоқ. Ісігі кеткен соң липофилингтің нәтижесін байқауға болады. Аталған шарадан кейін ерніңіз үрпиіп қана тұрмайды ол жұмсарып, балғындана түседі. Кейбір пациенттер ернінің жұқалығынан емес қаттылығы үшін осы отаны жасатады екен. Екі аптадан кейін кем-кетігін түзетуге хирургқа тағы да келуге тура келеді.
Елімізде отаның құны – 100 000 теңге. Қалта көтеретін қаражат болғасын липопластика бүгінде қолжетімді процедураға айналды.
Отадан кейінгі күтім
Дәрігерлер отаның науқасқа ауыр тимейтінін айтады. Дегенмен, отадан кейінгі күтімге ерекше мән беру керек екен. Еріннің терісі аса жұқа және сезімтал. Сыртқы тітіркендіргіш әсерлерден біздің еріндерімізді терінің өте жұқа қабаты қорғайды. Сондықтан ерінді қатты суықтан барынша қорғау керек. Ерінді және айналасын жарақаттап алудан сақтану қажет. Мүмкіндігінше далап секілді косметикалық құралдарды көп пайдаланбаған жөн. Сондай-ақ біраз уақыт ыстық моншаға түсуге, ішімдік ішуге болмайды.
Кез-келген хируриялық отаның қарсы көрсетілімдері болады. Сол секілді липофилингті де жасатуға болмайтын бірқатар аурулар бар. Олар:
- қант диабеті;
- қатерлі ісік аурулары;
- қан айналым жүйесі бұзылған науқастар;
- жүйке жүйесі ауытқығандар;
- теріде кездесетін кейбір паталогияларда, инфекциялық дерт.
Сондай-ақ жүкті және емізулі аналарға жасатуға болмайды. 18 жасқа толмағандарды хирургтар ота үстеліне жатқызбайды.
Ақ халаттылар мүмкін болса 25-ке дейін ерінге хирургиялық процестер жасатпауға кеңес береді. Дәрігерлер пациенттерге тек білікті хирургтарға жүгіну керек екенін айтуда. Егер ота дұрыс жасалмаса формасы бұзылған ерінді қайта түзеу өте қиын.
Мұны жұлдыздар да жасатқан
Халық әртісі Роза Рымбаеваның бір сұхбатында «жас кезімде дүрдиген ернімнен ұялатын едім, ал қазір ол сәнге айналды» дегені бар еді. Отандық жұлдыздардың арасында сәнге айналған липопластика жасатқан өнер иелері жетерлік. Олардың біразы пластикалық хирургияға жүгінгенін ашық айтса, енді бірі жасанды сұлулыққа барған емеспін деп жасырып әлек. Алайда көрерменнің қырағы көзін алдау мүмкін бе? Атап айтсақ, әншілер – Ерке Есмахан, Айгерім Қалаубаева, Алтынай Жолдыбаева, Мақпал Исабекова және айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева да ерніне ота жасатқан.
Танымал дәстүрлі әнші Гүлбаршын Тергеубекованы көпшілік пластикалық операцияның құрбаны деп жүр. Кезекті отадан кейін әншінің келбетінде үлкен өзгерістер орын алған. Қарапайым халықтың пікірінше Тергеубекова ерінін үлкейткен кезде кәсіби емес мамандарға жолыққан. Содан ауызы қисайып қалыпты-мыс.
Ерінді операциясыз үлкейтудің жолдары
Шиедей, үрпиген ерінге қол жетізу үшін ақ халаттыларға жолығу міндет емес. Армандаған ерін пішінін үйде отырып-ақ жасауға болады екен. Ерінді үлкейтіп, оған әдемі пішін беру үшін жаттығуларды бірінші айда күн сайын орындау керек (мүмкін болса күніне 2 реттен). Ал одан кейін оның қалпын сақтау үшін жаттығулар кешенін аптасына 2-3 реттен қайталап тұрған жөн. Барынша жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен мұқият жуынып, ауызды жылы және салқын сумен алма-кезек шаю қажет. Бастапқыда жаттығуларды 10 рет, одан кейін біртіндеп айдың ішінде 21 қайтара орындау керек. Ерінді алға қарай барынша созып, аузыңызды сәл ашыңыз да, беттің бұлшық еттерін босатыңыз. Ауызды сәл ашып, тіліңізді барынша шығарыңыз да, осы қалпыңызды 3 секундқа дейін ұстап тұрыңыз. Одан кейін тіліңізді кері тартып, аузыңызды жабыңыз да, екіге дейін санап, беттің бұлшық еттерін босатыңыз. Еріндеріңізді алға созып, шамды өшіргендегідей бірден қатты үрлеңіз. Одан кейін үшке дейін санап, ерніңізді босаңсытыңыз. «А», «И», «О», «У» дыбыстарын баяу айтып, деміңізді ішке тартыңыз. Ұртыңызды ауаға толтырыңыз да, аузыңызды сәл ашып, деміңізді шығарыңыз (осы кезде еріндеріңіз дірілдеуі керек). Деміңізді ішке тартып, кеудеңізді ауаға толтырыңыз да, ерніңізді түтікше тәрізді жиырып, алтыға дейін санағанша деміңізді шығарыңыз. 2-5 минут бойы өзіңізге таныс әуендерді ысқырып айтып көріңіз, дыбыстарды барынша қатты әрі таза шығаруға тырысыңыз.
Массаж – тез арада болмаса да, ерінді біраз үлкейтуге мүмкіндік беретін әдістердің бірі. Ол үшін жұмсақ тіс щеткасы немесе косметикалық кисточка керек болады. Бірақ кейбір әйелдер бұл процедураны саусақпен де орындай береді, сондықтан өзіңізге ыңғайлы жолын анықтап алыңыз. Массаж алдында ерінге бал, алоэ шырынын, зәйтүн майын не кез келген косметикалық майды (бадам, жожоба, кокос) жағып қойыңыз. Орындау жолы: ауызды сәл ашып, таңдаған құралды (бал, шырын не май) ерніңізге жағыңыз да, 5 минут бойы оған массаж жасаңыз. Ерін терісі аса жұқа болғандықтан, щетканы не саусағыңызды қатты батырмай, жаймен сипап өтіңіз. Жаққан құрал кеуіп кетсе, оны тағы жағыңыз (май болса) немесе ерніңізді сулаңыз (бал қолданылған жағдайда). Міне, осы әдістерді қолданып көріңіз де, қай жолды (массаж немесе пластикалық операция) таңдайтынын өзіңіз шешіңіз.