Гүлбахар Рузденова, стомотолог: «Тістің ауырғаны – дерттің асқынғаны»
Қазіргі таңда стоматологиялық қызмет түрлерінің аясы кеңейіп келе жатқандығы қуантады. Мәселен, Түркістан облысы бойынша жекеменшік 156 және жалғыз мемлекеттік стоматологиялық емхана бар. Ал, елімізде алғашқы болып тәулік бойы жұмыс істеуге көшкен облыстық тіс емханасы күніне 600-ге жуық науқасты қабылдап, сапалы ем көрсетіп келеді. Аталған мекеменің жоғары санатты дәрігері, тәжірибелі маман Гүлбахар Рузденовамен бүгінгі тіс аурулары жайлы әңгіме қозғаған едік.
– Гүлбахар Сапарқызы, науқастарды күні-түні қабылдайтын емхана тұрғындарға нендей қызмет көрсетеді?
– Облыстық тіс емханасы балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге, жүкті әйелдер, зейнеткерлер және мүгедектерге стоматологиялық қызметтің барлық түрлерін көрсетеді. Бізде екі терапия, хирургия бөлімі бар. Сондай-ақ былтыр облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен емханамыз науқастарды тәулік бойы қабылдау жүйесіне көшті. Себебі тіс көбінесе түнгі уақытта мазалайды. Таңды көз ілмей атыратын ата-аналар мұндай жағдайда шырылдап жатқан баласын қайда апарарын білмей абдырап қалып жатады. Осындай жағдайларда жедел түрде науқасқа стоматологиялық ем көрсету үшін түнгі ауысымды ашып, төрт бригада жасақтап, 4 дәрігер мен 4 медбикені қостық. Мамандарымыз тәулігіне 500-ге жуық адамды қабылдап жатыр. Алты айдың ішінде түнгі уақытта дәрігерлердің көмегіне 576 науқас жүгініпті. Олардың 435-і – бала, 76-сы жүкті әйел болса, 30-ы – зейнеткер, 35-і – мүгедек. Қазір оқушылардың жазғы демалыс уақыты. Сондықтан пациенттеріміз екі есеге көбейді десек те болады.
– Стоматологиялық қызметті құрал-жабдық, аппараттарсыз елестету мүмкін емес. Замана көшінен тыс қалмай жаңа қондырғылармен толығып жатқан боларсыздар...
– Әрине. Емхана қажетті аппараттармен толығымен жабдықталған. Бұрын біз ауырған тістің шеңберін ғана түсірген болсақ, қазір жаңадан орнатылған сандық аппараттың көмегімен бүкіл жақ-бет аймағын түсіреміз. Мұның бізге пайдасы зор. Өйткені қондырғының көмегімен ауыз қуысындағы кез келген тістегі ақауды байқай аламыз. Осыған байланысты емдеу тағайындаймыз. Тіс дәрігерінің алдына келгенде балалар түгілі ересектердің бойын қорқыныш сезімі билейді. Ал бізге ДЦП, аутизм, түрлі аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрған балалар күнара келеді десем де болады. Ақыл-ойы дамуында кемістігі бар балақайлар көп нәрсені түсіне бермейді. Оларды емдеу барысында қиындық туғызбас үшін наркоз аппаратымен емдейміз. Дентапорт, Вектор қондырғылары жасөспірімдер арасында жиі кездесетін парадонт, гингивит ауруларын емдеу барысында қолданамыз.
– Қазіргі кезде тіс ауруының ең көп тараған түрі – тісжегі екен. Мұның себебі неде?
– Бүгінде балалардың – 90, ересектердің 75 пайызы осы дерттен зардап шегеді. Тісжегінің пайда болу себептері көп. Біріншіден, тістердің шайнау бетінде ойықтар болған жағдайда олардың арасында тамақ қалдықтары тұрып қалады. Ересектерді айтпағанның өзінде балалар тісті дұрыс тазалай алмағандықтан қалдықтар қалып қояды да уақыт өте келе ол микропқа айналады. Нәтижесінде тісжегі пайда болады. Газды сусындар, тәттілерді көп тұтыну да тісжегінің өршуіне себеп болады. Сонымен қатар ұлпаның қабынуы, созылмалы периодонтитке шалдыққан науқастардың да саны артып келеді. Түптеп келгенде мұның барлығы тіске дұрыс күтім жасамағандығының салдары. Өкінішке қарай ата-аналар перзенттерін тіс аурулары асқынған кезде алып келеді. «Тіс ауырмаса, стоматологқа барудың қажеті не?» дейтіндерге айтарым, ауыз қуысындағы тістің бұзылу процесі бастапқыда ешқандай ауырсынусыз өтеді. Тістің ауыруы – асқынғанның белгісі. Бастапқы кезде тісті емдеу оңай болатынын айтқым келеді.
– «Тісі ауырғанның іші ауырады» дегендей, тіс аурулары асқазанның жұмысына қаншалықты кері әсерін тигізеді?
– Ауызға түскен тағамды тіс өңдейді. Егер тісіңіз аурушаң болса онда асты шайнау қиындай түседі. Ал шала шайналған тағам асқазанға салмақ түсіреді. Гастритті, асқазан мен ұлтабар жарасын, тоқ ішектің қабынуы, асқазан-ішек жолдарының аурулары, міне, осы тістен бастау алады. Тіс сау болса адамның дені сау болады.
– Елімізде тіс ауруларын алдын алуға арналған бірде-бір бағдарлама жоқ. Қалай ойлайсыз, бүгінде тіс аурулары белең алып тұрғанда арнайы бағдарламаның қажеттілігі сезілмей ме?
– Рас, арнайы бағдарлама жоқ. Алайда біздің мамандар балабақша тәрбиеленушілері мен мен мектеп оқушыларының тістеріне жыл сайын тексеру жүргізіп тұрады. Ақаулар анықталса, сол жерде ем жүргізіп береді. Әсіресе, герметизациялық емді жиі жүргіземіз. Ол балалардың сүт тістері тұрақты тіске айналатын мерзімде жасалатын процедура. Герметизация тісжегіні болдыртпайды. Айтпағым, балаларды осылайша тексеріп тұру арқылы тіс ауруларының алдын алып жатырмыз. Сондай-ақ емханаға тексерілуге келген әрбір науқасқа, ата-аналарға тіс ауырса да, ауырмаса да дәрігерге жылына екі рет тексеріліп тұруға кеңес береміз. Кеңесімізге қүлақ түргендердің көбейіп келе жатқандығына қуанамыз.
– Балалардың тісіне неше жастан бастап күтім жасау керек?
– Баланың тісі ана құрсағында жатқанда пайда болады. Яғни, тіс ұрығы құрсақта жетіліп-дамиды. Алты айдан бастап екі жасқа дейін тіс толығымен шығып бітеді. Баланың ауыз қуысында 20 сүт тіс болады. Көпшілігі сүт тістерді тазалаудың қажеті жоқ деп есептейді. Ол қате пікір. Сүт тіс пен тұрақты тістердің айырмашылығы олардың формалары мен санында. Тұрақты тістер үлкен болса сүт тістер кішкентай болады. Әйтпесе сүт тістердің қызметі тұрақты тістердікімен бірдей. Яғни бала сол тістермен шайнайды, тістейді, ұнтақтайды. Сол себепті сүт тістерге де ерекше күтім керек. Әр баланың даму процесі әртүрлі болады. Бірі ерте дамыса, бірінің дамуы кештеу жүреді. Мамандар үш жастан бастап баланың тісін тіс пастасымен тазалауға кеңес береді. Дегенмен оған дейін балаға щетканы ұстауды, тісті тазалаудың әдістерін үйрете берген дұрыс. Сонда балақай үшке келгенде анасының көмегінсіз өздігінен тіс жууға дағдыланады. Баланың тісін де ересектердікіндей күніне 2 рет, тамақтан кейін жуу керек. Бала болғасын ол кез-келген уақытта тәттілер, жеміс-жидектер жеуі мүмкін. Мұндай кезде аузын жылы сумен шайып тұру қажет. Айта кетерлігі, бізде үш жастан асқан балалардың арасында тіс жуатындары кемде кем. Жуу былай тұрсын щетканы ұстамаған балалар көп. Бұл жағдайда бірінші кезекте ата-аналар баланы тазалыққа ерте жастан баулуды қолға алған абзал.
– Қазір балалар мен жасөспірімдердің тісінен брекетті көп байқаймыз. Ол тіске зиян емес пе?
– Ия, рас айтасыз, қазір брекет таққан балалар көп. Тісінің қисықтығынан ұл-қыздар достарының арасында сөйлеуге, күлуге ұялып, шеттеле бастағасын, әке-шешесіне шағым айтып жатады. Үлкендер «Балама ұры тіс шықты. Соны түзулеп берсеңіздер» деп келіп жатады. Бұл балалар арасында тіс ауытқуларының көп екендігін білдіреді. Ол ешқандайда ұры тіс емес. Кәдімгі қалыпты тістер. Орын болмағасын кейбір тістер жоғары шығып кетеді. Оның бірден-бір себебі қазір кішкентайлар алма, сәбіз, құрт секілді қатты тағамдарды көп жей бермейді. Сөйтіп жақ сүйектері дұрыс дамымайды да, тістің шығуында өзгерістер пайда болады. Қисық тістерді брекет арқылы орнына келтіреміз. Брекеттің тіске, жалпы денсаулығына ешқандай зияны жоқ. Тек дәрігердің нұсқаулықтарын толық орындап жүрсе болғаны.
– Жүкті әйелдер көбінесе қандай шағыммен келеді?
– Жүктілік жоспарлы болуы керек. Ана сау баланы дүниеге әкелемін десе жүктіліктен алдын өзге ағзаларымен қоса тісін де тексерген жөн. Өйткені бала құрсаққа біткесін тісті емдеу, әсіресе жұлу өте қауіпті. Соған қарамастан бізге жүкті әйелдердің 90 пайызы тіс ауруларының асқынуларымен келеді. Шарана ағзаға қажетті кальцийді анасынан алады. Ал кальций тісте болады. Тісте кальций азайған соң тісжегі секілді аурулар асқынып кетеді де ауырсынулар күшейеді. Негізі тісті жүктіліктің үш айынан кейін және жеті айына дейінгі аралықта емдейді. Бірақ ай-күні жақындаған әйелдер тісі шыдатпағасын стоматологқа келуге мәжбүр болып жатады. Жүктіліктің тоғыз айында тіс жұлу – тәуекелге толы іс. Себебі әйелдің стоматологтың креслосында босанып қалуы ғажап емес. Жалпы алғанда барлық аяғы ауыр келіншектерге қажетті ем-домды көрсетеміз. Егер жұлу керек болса, гинекологтармен ақылдаса отырып жүзеге асырамыз. Ең бастысы балаға зиян келтірмеудің жолын қарастырамыз.
– Тіс неден сарғаяды және оны ағартудың жолдары қандай?
– Кіреукенің (эмаль) түсі барлық адамда бірдей бола бермейді. Бірінде ақшыл, бірінде сарғыш болып келеді. Табиғи сары кіреукелерді аппақ қардай ету мүмкін емес. Ал ақшыл тістерді тіс дәрігерімен кеңесе отырып түрлі профессионалдық ағарту құралдарын қолдануға болады. Тістің сарғаюы темекі шеккеннен, оны жиі тазаламаудан туындайды. 18 жасқа дейінгі балалардың тісін ағартпаған дұрыс. Егер балалардың жақ сүйектері дамымай жатып ағарту құралдарын қолданса, тіс сезімталдығы күшейеді. Яғни, төзгіштік қасиетінен айырылады. Әлсіз тіс ауыруға бейім болады.
Әңгімелескен Айұр ОҢҒАРБАЙ