Дарындылардың диагноздары немесе атақтылар немен ауырған?

Oinet.kz 20-01-2020 1226

Ауру адам таңдамайды. Әлеуметтік беделіңізге, атақ-абыройыңызға да  қарамайды. Құлдан бастап патша да кесел алдында мүсәпір. Сол секілді әлемге өзін мойындатқан, қайталанбас талант иелері, атағы жер жарған тұлғалар да түрлі ауруға душар болған.  Айықпас дерт кейбірінің ажалына да себепші болды. 

Screenshot_3.jpg

Күйсандықтың ақ-қара жолақтарынан туындаған әсем музыканы естігенде көз алдыңызға Бетховеннің елестейтіні анық. Небір шедеврді өмірге әкелген осы бір музыканттың таскерең болғанына сену қиын.  Композитор Людвиг ван Бетховен отоневрологиямен өмір бойы зардап шекті. Бала күнінде ол мерез, астма ауруымен ауырған екен. Зерттеушілер музыканттың есту қабілетінен айырылуына осы дерттің әсері болған дейді. Бетховен мұздай суға басын тыққанды ұнатқан екен. Сірә, ол пианино алдына отырардан алдын шабыт шақыру, сергу мақсатында осылай жасаса керек. Салқын су небәрі 10 жасында өзінің жеке концертін берген өнерпаздың құлағына әсерін тигізбей қоймады. Жиырма алты жасында Людвигтің құлағында шуыл пайда бола бастады. Уақыт өте келе шуыл үдей түсіп, айналаны естуден қалады. Құлақтағы ызың миына барып, қалтырауды шығарды. Осы жағдайлардан кейін жанып келе жатқан жұлдыз қоғамнан оқшаулана бастады. Достарымен сөйлесуді доғарып, аурумен жалғыз күреседі. Асқынған дерт Бертховенді қызбамінезге айналдырды. Дерттің кесірінен шаңырақ көтеріп, бала сүймеді. Кесел жанын қанша қинаса да ол музыкадан қол үзе алмады. Есту қабілетінің төмендігіне қарамастан музыкант көп уақытын пианиноның алдында өткізді.  Батпандап кірген дерт композиторды ақыры 40 жасында таскерең етті. Музыканы естімей, нотаны сезінбей қайталанбас туындыларды дүниеге әкелу мүмкін бе? Хас дарын иесі мұны да істеді. Ол пианино, музыкаға ғашық адамға құлақ кемістігі кедергі еместігін дәлелдеді. 

Бетховен 1827 жылы 56 жасында қайтыс болады.  Ұлы музыканттың өлімінен кейін араға бірнеше жылдар салып Американың ғалымдары оның шашы мен бассүйегінің кейбір бөліктерін зерттеп Бетховен қорғасыннан уланып қайтыс болған деген қорытындыға келеді. Себебі сүйек қалдықтарында қорғасын нормадан тыс, яғни 100 есе көп екенін анықтайды. Ал қорғасын композитордың ағзасына қалай түскен? Ғалымдарың бұған екі-үш жауабы бар. Сот медицинасының эксперті  Кристиан Рейтер Бетховеннің өліміне оның дәрігері Андреас Ваврухты кінәлайды. Себебі ол пианисттің ішпердесін (брюшина) емдеу үшін құрамында қорғасыны көп жақпамайды жиі қолданған. Екінші нұсқа – ол заманда су құбырын қорғасыннан жасаған. Краннан суді жиі ішетін Людвиг сонымен бірге қорғасынды да жұтып отырған. Тағы бір нұсқада оқымыстылар пианистің есту қабілетінен айырылуына күйсандықта көп ойнағаны себеп дейді. 8 киллогерцтен жоғары дыбыс құлақтың сезімтал клеткаларын өлтіре береді екен. 

Бүгінгі күнге дейін классикалық музыканың төресі саналатын «Ай сонатасы», «Элизаға» шығармаларының авторының өліміне қатысты жұмбақ көп. Саңырау композитордың өмірін зерттеуге құштар ғалымдар оның денесін екі рет эксгумациялаған.      

Құяң (буынның ұстамалы ауруы) – адамды әбірге салатын дерт. Буындардың ісіп кетуінен адам жүріп-тұра алмай қиналады. Әрбір қадамы тозақпен тең болады. Гиппократ бұл дертті атақтылардың ауруы деп атаған екен.  Расында да елге танымал тұлғалардың ішінде  құяңмен ауырғандар көп екен. ХХ  ғасырдың ортасында ғалымдар оқымыстылардың құяңмен неліктен жиі ауыратынын зерттегенде мынадай қызық фактілерді анықтайды. Жазу, сызу, ғылым, өнермен айналысатын адамдар әдетте ішімдікке құмар келеді. Сыра, шарап секілді алькогольді ішімдікті көп тұтынғаннан кейін буынның жұмысына кері әсерін  тигізетін несепте қышқылдың мөлшері артады. Несеп қышқылдары көптеген ауруға себеп болғанымен оның құрамындағы теобромин мен кофеин адамның ой-әрекетін ынталандыра түседі екен. Статистикалық мәлімет бойынша құяң ауруы талантты мен атақтылардың 5-10 пайызында, ал данышпандардың 30-50 пайызында кездеседі екен (Александр Македонский, Юлий Цезарь, Иван Грозный, Петр I, Карл XII, адмирал Нельсон, Питер Пауль Рубенс, Пьер Огюст Ренуар, Харменс Рембрандт, Фредерик Стендаль, Ги де Мопассан, Генри Филдинг, Федор Тютчев, Иван Тургенев,  Исаак Ньютон, Готфрид Лейбниц, Чарльз Дарвин).

Құяңмен ауырған жандардың қатарында әйгілі суретші Микеланджело Буонарроти де бар. Қылқалам шебері өзінің естеліктерінде өз-өзіне құяң диагнозын қойғанын айтады. Буындарының қақсап ауыратыны жайлы жиен інісі Лионардо ди Буонаррото Симонимен  жазысқан хаттарында жиі жазған. Бүгінде картиналарына баға жетпейін суретшінің өмірін зерттеуге құштарлық танытқандар оның Флоренциядағы шіркеуде жерленген мәйітін қайта қазып алмақшы болған. Бірақ  шіркеу қызметшісі Санта Кроче мәйітті қорлауға қарсы шығып, рұқсатын бермеген. Ғалымдар мұнымен тынышталсын ба. Олар Микеланджелоның жазған хаттары, картиналары мен оның мүсіндеріне зерттеу жүргізуді бастайды. Көп іздегенген ғалымдар мынадай болжамдар жасайды. Суретші солақай болған және оның мүсіндеріне, нақтырақ айтқанда қолдарына қарап оның құяңмен емес остеоартрозбен ауырған деген тоқтамға келеді. Себебі оның саусақтары тым арық әрі қалтырауық болғанын анықтаған. Микеланджелоны қолы қатты мазалағаны рас. Өмірінің соңғы жылдарында суретші қолына тіпті қалам ұстай алмаған көрінеді. Мұндай дерттің қылқалам шеберіне жабысуы «заңды» шығар. Замандастары оның тәулік бойы қолынан қаламын тастамағанын, бірнеше күндеп күн сәулесі түспейтін бөлмеден шықпайтынын айтқан. Алайда Микеланджелоның соңғы шедеврі сол күйі аяталмады. Аурушаңдығына қарамастан суретші 88 жас өмір сүрген.  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде жыл сайын шамамен алғанда 9 миллионға жуық адам туберкулезге шалдықса, 2 миллион адам осы аурудан көз жұмады екен. Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар аурулардың қатарына жататын жұқпалы дертті емдеу ісі жолға қойылғанымен бұрынғы заманда құрт ауруынан жазылу екіталай болған. Қазақтар құрт ауруы атап кеткен туберкулез әлемде қаншама жанның өмірін жалмап кетті. Құрбандардың ішінде қазақ зиялылары да бар еді. Құйрықты жұлдыздай ағып өткен ағартушы, ғалым Шоқан Уәлихановтың осы дертке шалдыққаны белгілі. Петербургте болған кезінде (1859-1861 жылдары) Шоқан Уәлиханов әр түрлі әскери және ғылыми мекемелерде жұмыс істеген. Білімділігімен, зеректілігімен өзін әлемге мойындата бастаған тұсы осы еді. Алайда Петербургтың ылғалды ауа райы оның денсаулығына жақпады. Жиі жөтеліп, ауруы асқына түсті. Денсаулығының нашарлауына байланысты Отанына оралуға мәжбүр болды. Шоқан 1865 жылы 10 сәуір күні ақыры өкпе ауруынан қаза табады. Небәрі 30 жасында дүние салған қазақтың біртуар азаматының артында өкінішке қарай ұрпақ қалмады. 

Шоқанның тағдырын қазақтың ақыны Сұлтанмахмұт Торайығыров та қайталады. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн болам! деп жырлаған ақынның денсаулығы жас кезінде ақ сыр бере бастаған еді. Жоқшылықтың қамытын киген Сұлтанмахмұт жөтелі үдеп кетсе де емделе алмады. Өкпесіне әбден суықты өткізіп алған ақынның өмірі 27 жасында қыршыннан қиылды. Талантты ақынның дерті жайлы М.Әуезов естелігінде былай дейді: «Сол 1917 жылы қыстыгүні Сұлтанмахмұттың ауруы тіпті күшейіп кетті. Дәрігерлер, достары оның жатып емделгені, қымыз ішкені жөн болар деп тапты. Осы ретпен Сұлтанмахмұт Шыңғыстаудағы біздің ағайдың үйіне барып, қысырақ байлатып қымыз ішіп, бір айдан артық уақыт жатты. Сонда жатқанда мен бір жолы оған көңілін сұрай бардым. Сұлтанмахмұт өте саналы болушы еді. Ол ауруым жұртқа жұқпасын деп, қатты сақтанады екен. Аурумын, емделіп жатырмын демей, кітапты көп оқиды екен. Төсегінің екі жағында көптеген классик ақын-жазушылардың, ақыл-ой кемеңгерлерінің кітаптары үйіліп жатыр еді. Солардың арасынан Л.Толстойдың, С.Надсонның, Бакуниннің, Плехановтың шығармаларын көзім шалды». 

Туберкулез жазушы апалы-сіңлілі Бронтелер, әдебиет сыншысы Белинский, ақын Добролюбовтің де өмірін жалмаған. 

Аурудың көкесі атақты жазушы Н.Гогольде болған секілді. Сайтан тақырыбында көп қалам қозғаған Гоголь үнемі күйзелісте жүрген. Жан тыныштығын таппағанына оның өте сирек кездесетін летаргиялық ұйқы ауруы да себеп болды.  Замандастары жазушының қатарынан бірнеше күндер бойы летаргиялық ұйқыға кетіп қалатын ұстама ауруы бар екенін растаған. Томаға тұйық қаламгер түні бойы ұйықтамайтын кездері де болған екен. Денесі қалтырап-дірілдеп, әлденеден қорқып, өздігінен сөйлейтін әдеті де болған. Ел арасында жазушыны жындыға санағандар да болды. Ал медиктер Гогольді шизофрениямен ауырған деп санайды. Өмірінің соңында Гогольдің қалың ұйқыға кетуі жиілеген. Осыдан сескенген ол 1845 жылы мынандай өтініш жазып кетіпті: «Есімнен танбай және ақылымнан адаспай тұрған кезімде,  соңғы өтінішімді  ертерек жазып кетуді жөн санадым. Мүрдем иістене бастамайынша, менің тәнімді жер қойнына тапсырмаңыздар. Мұны естеріңізге салып отырған себебім, ауруым ұстағанда өмірлік белгілерім жоғалып, жүрегім мен тамырымның тоқтап қалған кездері болған». Жазушы өлімінің осы аурудан келерін сезгендей-ақ екен 1852 жылы ол тағы да «терең ұйқыға» кетеді.  Жұрт оны өлдіге санап жер қойнына тапсырады. Жерлеу рәсімінде табыт ішінде мәйіттің ауыр күрсінген, ыңырсыған дауыстарды естігендер болыпты. Алайда сол кездегі қоғамның соалақай саясатынан қорыққандар үнсіз қалған. Тек, 1931 жылы жазушының сүйегін Новодевичье зиратына қайта жерлеу туралы ұйғарым жасалынады. Гогольдің сүйегіне көртергеу (эксгумация) жасау барысында кебінінің жыртылып, табытының  тырналып тасталғаны және марқұмның бүк түсіп жатқаны анықталады.

Өмірде сирек кездесетін аурулар да бар. Солардың бірі – Марфан ауруы  тұқым қуалайды. Жүз мың адамның біреуінде кездесетін дертті алғаш рет француз педиатры А.Марфан зерттеген болатын. Ауру дәнекер тінінің мұраланған ақауы және тірек-қимыл жүйесінің зақымдануымен сипатталады. Марфан синдромында қаңқа, көз, жүрек-қан тамыр жүйелері зақымданады. Мұндай науқастардың бойлары, аяқ-қолдары тым ұзын, саусақтары өрмекшінің аяқтарындай жіңішке, денесі кішкентай, көздері бір-біріне жақын, тандайы өте жоғары болып келеді. Марфан синдромын кейде данышпандық синдромы деп атайды. Себебі мұндай диагнозы бар адамдар тынышсыз күй кешеді. Үнемі қозғалыста жүргенді ұнатады. Сондықтан да болар олар еңбексүйгіш келеді. Бүкіл жұртты ертегі әлеміне жетелеген жазушы Ганс Христиан Андерсенде осындай синдром болған.  Бір әңгімесін он рет қайта жазудан шаршамайтын жазушының сыртқы келбеті ұсқынсыздау болған. Тура аурудың белгілеріндей. Замандастары Андерсенді былай суреттейді: «Оның бойы ұзын болатын, дене мүсіні арық. Аяқ-қолдары болса шамадан тыс ұзын, білегі жалпақ әрі кең, аяғының өлшемі де үлкен еді. Аяқ киімімді біреу ауыстырып кетеді-ау деп еш уайымдамайтын. Мұрнының ұзындығы соншалық бет пішініне сәйкес келмейтін». Елден дараланып жүретін қиялшыл қаламгердің фобиясы көп еді. Қоғамнан жиі шеттетілетін ол тырысқақпен ауырып қалудан, өрттен зардап шегуден, жол апатына түсуден, маңызды құжаттарын жоғалтып алудан, дәрінің артық дозасын қабылдап қоюдан өлердей қорыққан.   

АҚШ-тың 16-шы президенті, құлдарға алғаш азаттық берген Авраам Линкольн, скрипкасының үнін естігенде 62 тамырыңды идіретін әйгілі скрипкашы Николо Паганини, балалар әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан ақын-жазушы Корей Чуковский де данышпандық синдромына шалдыққан. 

Айнұр ОҢҒАРБАЙ

Гүлбахар Рузденова, стомотолог: «Тістің ауырғаны – дерттің асқынғаны»
Емізудің ана мен балаға пайдасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу