Ұйқысы қанбаған оқушының білімі де шала болады
Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин оқушылардың күн режімін қатаң сақтауға шақырды.
– Оқушылардың күн режімі мәселесіне назар аударғым келеді. Әрине, мектепке баратын уақытта, балаларды күн режімін орындауға дайындауымыз керек, – деді еліміздің бас санитарлық дәрігері Орталық коммуникациялар қызметінде.
Режім деген ұғымға іс-қимылдың, демалудың және тамақтанудың барлық түрлерін тәулік бойы ұйымдастыру және бөлу кіреді. Кез келген ретсіздік баланың денсаулығына, яғни көңіл-күйіне, сабақ үлгеріміне әсер етеді. Атап айтқанда, оқушының денсаулығына ұйқы, тамақтану және қозғалыс белсенділігінің ықпалы зор.
– Баланың жас ерекшелігіне қарай ұйқысы қануы керек. Оқушылар үшін түнгі ұйқының шамаланған нормасына тоқталсақ, 1-4-сыныптары оқушыларында –10-10,5 сағатты, 4-7-сыныптары оқушыларында – 9,5-10 сағатты, 8-9-сыныптары оқушыларында – 9-9,5 сағатты, сондай-ақ 10-11-сыныптары оқушыларында 8-9-сағатты құрауы керек, – деді ол.
Ж.Бекшиннің сөзіне қарағанда, оқушыларға емтихан алдында, бақылау жұмысының алдында және басқа да ақыл-ой жүктемесі кезінде әдеттегі ұйқы уақытын (кемінде 1 сағатқа) ұзарту көзделген.
– Бірінші сынып оқушыларына мүмкіндігінше күндізгі ұйқыны (2 сағатқа созылатын) ұйымдастыру ұсынылады, – деп нақтылады комитет төрағасы.
Белгілі болғандай, 2-2,5 сағатқа ерте оянып, ұйқысы қанбайтын балалардың сабақтағы белсенділігінің деңгейі 30 пайызға төмендейді.