Гаймориттен қалай емделуге болады?

Oinet.kz 25-12-2019 1422

Оңтүстік тұрғындарын мұрын қуысы аурулары жиі мазалайтыны рас. Ылғалдылық мөлшері жоғары болғандықтан мұндай диагноздың көп кездесуі қалыпты. Мұрын қуысы ауруларының қалай алдын алу керек және үй жағдайында емделгенде нені ескерген дұрыс? 

Screenshot_8.jpg

Мұрын аурулары неден пайда болады?

Мұрын қуысына ауа тіке бармайды. Белгілі бір жолмен арнайы қуыстар арқылы өтеді. Мұрын – организмдегі тыныс алудың жоғары регисторы. Яғни, біздің дем алған ауамыздың бәрі ішке енуі үшін мұрын маңы қуыстарынан өтеді. Сырттан кірген дем мұрын қуысында белгілі бір температурадағы ылғалдану, жылыту процестері арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ, мұрын қызметі дауысты қалыптастыруға, көмекейден дұрыс шығуы үшін де маңызды.

Шымкент тұрғындарында мұрын ауруларының ринит, синусит түрлері жиі кездеседі. Өйткені, қаламыз ылғалды температурадағы мекен. Оның үстіне өндіріс орындарының және көліктердің көптігінің де әсерлері бар. Осының бәрі аурулардың туындауына ықпал етеді.

Мұрын аурулары инфекция (вирус, бактерия) түскеннен де пайда болады. Сондай-ақ, мұрынмен тыныс алуға кедергі жасайтын факторлар –  мұрын шеміршегінің қисықтығы, еттің өсуі (полип), аллергиялық ринит және тағы басқа жиі кездесетін мұрын аурулары. 

Алғашқыда консервативтік ем жүргізіледі. Әсері болмаған жағдайда, нәтижесіне қарай оперативтік ем қолданылады. Мұның бәрі түптеп келген де мұрынмен тыныс алу жүйесін реттеу және де жоғарыда аталған аурулардың алдын алу үшін қолданылады. 

Гаймориттен үй жағдайында емделуге бола ма?

Алдымен лор маманның кеңесін алып, инструментальды және лабораториялық тексерулерден кейін тыныс алу жолына дәрілік препараттарды қолдануға болады. Бірақ, адамдар арнайы тамызғыш дәрілерді дәрігерге көрінбей-ақ, үй жағдайында пайдалана беретіні өкінішіті. Тіпті мұндай әрекеттер қауіпті де. Бұл – дұрыс емес. Жиі әрі ұзақ пайдалану сол препаратқа тәуелділікке әкеледі. 

Жедел респираторлы вирустық инфекция (ЖРВИ), жедел респираторлы инфекция (ЖРИ) және басқа да тыныс алу жолдарының қабыну процестері мұрын маңы қуыстары ауруларының асқынуына, гайморит, этмоидит, фронтит, сфеноидит дерттеріне алып келуі мүмкін. 

Егер де іріңді гайморит дерті асқынған жағдайда, дәрігер гаймор қуысына пункция арқылы диагностикалық және емдік шараларын жүргізеді. Алайда емдік шаралар дұрыс қолданылмаса, сиусит аурулары менингиалды немесе орбиталды асқынуларға әкелуі мүмкін. 

Гаймориттің белгілері және алдын алу үшін:

Гаймориттің белгілері байқалса, дереу дәрігерге көріну керек. Тұрғындардың көпшілігі бұған аса мән бермей жатады. Егер ауру асқын жағдайда науқастың толыққанды жазылып шығуына біраз қиындықтар тудыруы мүмкін.

Гаймориттің белгілері:

– мұрын арқылы тыныс алу қиындайды;

– мұрыннан жағымсыз иіс шығады;

– жұтқаншақтың артқы қабырғасына мұрыннан іріңдіктің бөлінеді;

– еңкейгенде науқас бет-әлпет сүйегін ауырсынады;

– басы жиі ауырады;

Алдын алу үшін жоғарыда аталған аурулардың белгілері пайда болған сәттен бастап аймақтық дәрігерге қаралып, салалық мамандардың кеңестеріне жүгіну маңызды.

Дәрігерлерге сенбеу, өз бетінше емделу өз денсаулығыңызға қарсы, кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан медицина маманының кеңесінсіз әрекет жасау өміріңізге қауіпті.

Шералы АСҚАРОВ,

Мұратжан САДЫҚОВ,

Жанна ЖҮСІПБЕКОВА,

Шымкент қалалық көп салалы ауруханасының лор дәрігерлері

Ауыздағы жағымсыз иіс неден пайда болады?
Сарымсақтың денсаулыққа пайдасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу