Ерте жүктіліктің соңы неге апарып соғады?
Қазіргі таңда ерте жүктілік ХХІ-ғасыр індетіне айналып барады. Өрімдей жас қыздардың басына түскен қасірет олардың өміріне сызат қалдырады. Ашығын айтар болсақ, бұл күні жеткіншек қыздардың оң жақта отырып-ақ құрсақ көтеруі¬ жиіледі. Осы орайда ерте жүктілік сынды қоғамдағы өзекті проблеманың алдын алу мақсатында Денсаулық сақтау басқармасы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен «Ерте жүктіліктің алдын алу» іс-шарасы Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университетінде болып өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас қыздарға ерте жүктіліктің соңы неге апарып соғатынын және оның алдын алу жолдарын түсіндіру. Сонымен қатар жиында жыныстық қатынас арқылы жұғатын жұқпалы аурулар туралы сөз қозғалды. Жиналған студенттерге ең алғашқы жүктілік кезінде жасанды түсік жасату бедеулікке алып келетіні жайында бірқатар мәліметтер айтылды.
Ерте жүктілік қыздың арына түскен қара дақ іспеттес. Жас буын тәрбиенің осалдығынан қиын жағдайларға тап болуда. Сондықтан аналар қыздарымен жи-жиі сөйлесуі тиіс. Өкінішке қарай біздің қазақы менталитетте жыныстық тақырыпта әңгіме қозғау ұят болып саналады. Дегенмен, ананың бойжете бастаған қызымен ашық әңгімелескені абзал. Сол арқылы қызыңызды ерте жүкітіліктен сақтап қаласыз дейді гинеколог мамандар.
– Жыл сайын жоғарғы оқу орындарында «Ерте жүктіліктің алдын алу» тақырыбында арнайы іс-шаралар өткізіп отырамыз. Етеккір циклының қалай жүретінін, жыныстық қатынасқа ерте түсудің зияны туралы мол ақпарат беріледі. Өтіп жатқан іс-шара жастардың санасына әсер етіп, ерте жүкті болу дұрыс еместігін түсіндіру арқылы біз оның алдын аламыз, – дейді Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының гинеколог маманы Гауһар Сайрамбайқызы.
Бетті дайындаған Дана Сүлейменова