АИТВ жұқтырған анаға сау баланы дүниеге әкелуге мүмкіндік бар

Oinet.kz 29-11-2017 913

«Облыстық СПИД-тің алдын алу және онымен күресу орталығы» МКҚК  жүре пайда болатын иммундық тапшылыққа қарсы күрес күні қарсаңындағы дүниежүзілік науқан аясында «БАҚ-да АИТВ-ның алдын алу сұрақтарын жариялаудың позитивті тәжірибесі» тақырыбында семинар өткізді. 

Screenshot_19.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысында  АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) инфекциясы  1993 жылы алғаш рет анықталды. Биылғы  1-қарашада  АИТВ инфекциясы өсімінің қорытындысына сай – 3145 жағдай тіркелген. АИТВ-ны жұқтырғандарды  жас топтарына қарай сараптасақ жоғары деңгейі 15-49 жас аралығында - 83,7 пайызды құрап отыр. АИТВ инфекциясының тіркелуі Кентау қаласы, Мақтаарал, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби аудандарында жоғары, ал инфекцияны жұқтырғандардың басым көпшілігі  Шымкент қаласында  болып отыр. Республика бойынша,  АИТВ инфекциясы -31767 жағдай тіркелген. АИТВ инфекциясының таралуы 100 мың халыққа шаққанда республикада  Оңтүстік Қазақстан облысы  9-орында. Сондай-ақ инфекцияның жұғу жолдарының жаңа жағдайына талдау жасағанда жыныстық қатынас арқылы жолы басымдау екені анықталды – 83,0 пайыз, қан арқылы жұғу– 8,8 пайыз. АИТВ-жұқтырған ерлердің үлесі 55,0 пайызды, ал әйелдер 45,0 пайызды құрайды. 

АИТВ-ны дер кезінде анықтау мақсатында облыс бойынша жыл сайын 370-380 мың адам тексерілуден өтеді. Биыл оңтүстікте 394 907 адам тексерілген. «Бүгінгі таңда ретровирусқа қарсы терапияны 1061 АИТВ-мен өмір сүретін адам ем алып жатыр. Антиретровирусты терапиясының қол жетімділігінің кеңейтілуі арқасында АИТВ инфекциясынан өлім және науқастану жағдайлары азаюда. АРТ қабылдаушылардан вирус жұғу қауіпі төмендейді. АИТВ-ға тестілеу АИТВ статусын білуге және терапияны алуға мүмкіндік береді. АИТВ инфекциясына тестілеу және емделу тегін жүргізіледі»,-дейді облыстық СПИД орталығы бас дәрігердің орынбасары Қожахмет Маширов. 

Сонымен қатар семинарда дәрігерлер жүкті әйелдерде АИТВ жұқпасын уақытылы анықтауға және анадан балаға берілу жолдарын алдын алуға болатынын,  яғни инфекциясы бар жүкті әйел  дені сау баланы дүниеге әкелуге мүмкіндіктің артқанын жеткізді. Жалпы алғанда облыс көлемінде АИТВ-позитивті жүкті әйелдер арасында  487  бала туылды, оның ішінде 471 бала дені сау болып туылды. «Инфекциясы бар әйеледер дер кезінде вирусқа қарсы дәрілерді пайдаланатын болса, онда сау баланы дүниеге алып келеді. Біздің қоғамда АИТВ статусын қабылдай алмайтын әйелдер кезедеседі, соның салдарынан инфекция балаға жұғады. Болашақ аналарды ұрпағын ойлауға шақырамын», деп пікір білдірді СПИД орталығының дәрігер-инфекционисті Э.Имангалиева.  

Облыстық СПИД орталығы бүгінгі таңда алдын алу іс-шараларымен медицина қызметкерлері, студенттер мен оқытушылар, бизнес-құрылымдардағы арасында  арнайы семинарлар өткізіп  отырады. Семинарда дәрігерлер АИТВ жұқпасын алдын алу жолдарын түсіндірді.  Еске сала кетейік,  2017 жылы бүкіләлемдік ЖИТС-қа қарсы іс-шаралар «Денсаулыққа құқық» ұранымен 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтеді.

Дана Сүлейменова

Трихофития ауруы терінің аса қауіпті жұқпалы ауруы
Ерте жүктіліктің соңы неге апарып соғады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу