Қарызға ақша сұрай берсе не істеу керек?

Oinet.kz 17-04-2019 2598

Screenshot_33.jpg

Өмірдің заңы: біреуден қарызға ақша сұрайсың, немесе басқа біреу саған келіп өтініш айтады. Ақша сұрамасқа да, бермеске де лажың жоқ. Қаражаттан қатты қиналып,  қарызға ақша сұрағанға қол ұшын беру - кез-келген мұсылман адамның міндеті. Мұндайда қарызға ақша ұсынудың сауабы тіпті садақа бергеннен де жоғары. Әйткенмен, бұл өтінішті әрдайым орындай беруге шама жете бермейді. Оның үстіне, бүгінгі түлкібұлаң заманда әуелі  іш-бауырыңа кіріп хал-жағдайыңды сұрастыра келе   қарызға ақша беруді қиыла өтініп, артынша ұшты-күйлі жоқ болатын сабаздардың да өріп жүргені рас (адамның аласы ішінде дегеніңіз осы). Бұл жағдайда қарызға ақша бере алмайтыныңды айтуға тура келеді. 

Өркениетті қоғамда қарызға ақша беруден бас тарту да - өнер. Әрі өз қалтаңды ойлап, әрі жәрдем сұрап  келгенді ренжітпей шығарып салу керек (кеудесінде кек сақтап, біразға дейін томырайып жүретін жандардың бар екенін ұмытпаңыз). Былайша айтқанда, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмауға тиіссің. Бірақ, шындығын айтқанда, қарызға қаражат сұрап келген адамның бетін қайтарғаныңда өзіңді бір-түрлі ыңғайсыз сезінесің. Тіпті өз-өзіңді кінәлай да бастайсың.  «Жоқ» деп қойып қалудан тартынасың!  «Басымды ауыртпашы» деп турасын айтуға батылың жетпейді. «Тағы не сұрайсың» деп баж ете қалсаң досыңнан біржола айырылғаның, ағайын-туғанмен ат құйрығын кесіскенің.   Рас, кейбіреулер «жоқ» деп айтуға ұялып,  қаржыдан қиналып тұрса да өтінішті орындайды. Психологтар осылайша өзін-өзі жеп, қинай беру үлкен стреске ұласып,  денсаулыққа зиян келтіретінін ескертеді. 

Психологтар ақшаны қарызға бермеудің мәдениетті уәждерінің тізімін жасады. Оқып шығыңыз, бәлкім сіздің де қажеттілігіңізге жарап қалар.  

«Жоқ» деп айта білудің маңызы

Ең әуелі, танысыңыздың ақшаны не үшін сұрап жатқанын біліп алған жөн. Қаражат шұғыл шаруаға, айталық, күрделі операция жасатуға қажет болып тұрса, өтінішті орындамау қиынға соғары анық. Ал «жаңа телефон алайын деген едім, ақшам жетпей жатыр» деп тәлпіштеніп тұрса, ойланбастан өз қамыңызды жасай беруіңізге болады. 

Өтініш айтқан адамға  адамға кесімді түрде «жоқ» деп айтуға батылы жетпейтін адамда өз мүддесін кейінгі орынға ысыру синдромы қалыптасуы мүмкін. Пысықайлар оның жұмсақтығын пайдаланып, қайта-қайта келгіштей беруді әдетке айналдырып алады. Есесіне, өз мақсаттарыңызға жету ісі қиындай түседі. Оның үстіне, өзіңіз орындай алмайтын уәдені беріп, өтініш айтқан адамды ренжітіп те алуыңыз бек мүмкін. Бүйткенше, бірден бас тарта салған  дұрыс. Психолог мамандар «жоқ» деп айта алатын адамдардың өзі араласатын ортада беделі өсетінін байқады. Қысқасы, «жоқ» деп айта білу ақшаңызды, уақытыңыз бен денсаулығыңызды сақтап, беделіңіздің өсуіне септігін тигізеді. Әрине, бұл әрдайым «жоқ» деп бас тарта берудің қажеттігін білдірмейді.  

Сенімді дауыспен айту

Қарызға ақша  бермеуге бел  буған жағдайда сызылып, аяғыңмен жер шұқып тұрудың мүлдем қажеті жоқ. Ақыры бермеуге бекіндіңіз бе, бірден сенімді дауыспен айту керек. Тәрбиелі, мәдениетті адам сіздің орынды уәжіңіз бар екенін түсініп,  әрі қарай мазаламайды. Бірақ, бес саусақ бірдей емес қой. Кейде кенедей қадалып, бетпақтыққа салатындар да табылады. Оған уәжіңізді тағы да сенімді дауыспен қайталап айту керек. Міңгірлей бастасаңыз, шаруаңыз бітті дей беріңіз. Әлгі адам түрлі сұрақтарды қарша боратып, ақшаны «тартып  алмайынша» тыныштық бермейді. Немесе «мынау жәй ғана бергісі келмей тұр ғой» деп топшылауы мүмкін. Уәжіңіз сенімсіздеу шықса өтініш айтушы сізді көндіруге көбірек күш жұмсай бастайды. 

Әлбетте, ақшаны беруден бас тартудың себебін тәптіштеп түсіндіріп жатуға міндетті емессіз. Алайда, психологтар уәжді бас тартуды естігенде өзге адам сізге ренжімей, түсіністікпен қабылдаудың мүмкіндігі жоғары екенін ұмытпаңыз. Байыпты, салмақты дауыспен қаражатыңызды жетіспей жатқанын, болмаса өте маңызды шаруаға алдын-ала арнап қойғаныңызды түсіндіріңіз. Кейбір психологтар «жоқ» деп сенімді айта алмаған жағдайларды арнайы қойындәптеріңізге түртіп қоюға кеңес береді. Осы арқылы өзіңізге-өізіңіз талдау жасап, келесі жолы дұрыс әрекет жасауға мүмкіндік аласыз. 

Өтініш берушінің сөзін бөлмеу

Досыңыз немесе әріптесіңіз өтінішін айта бастағанда сөзін тыңдамастан қарсы жауап беру – дөрекіліктің ғана белгісі емес. Әлгі адам сіздің бұл әрекетіңізді «саған, сенің жағдайыңа түкіргенім бар» деп қабылдауы мүмкін.  Оның ұсынысына немқұрайлы қарағандай болып көрінбеу үшін, проблеманы шешудің басқа жолдарын ұсынып көргеніңіз жөн. Көп жағдайда сіз бас  тартқан соң танысыңыз өтінішін екінші рет қайталайды. Мұндайда да сөзін бөлмей, байыппен тыңдап барып уәжіңізді тағы да қайталап шығыңыз. Бұл әдісті психологтар «жауыр болған пластинка» деп атайды. Бір уәжді бірнеше рет айтқан соң сұраушы әңгімені әрі қарай жалғастыра берудің пайда бермейтінін аңғарады.  Сондай-ақ, мамандар «түсіністікпен бас тарту» тәсілін қолдануға да кеңес береді. Яғни, өтініш иесінің жағдайы шынында да қиын екенін түсінетініңізді білдіріп барып, оның өтінішін орындай алмайтыныңызды жеткізу. 

Қарымта өтініш жасау

Үнемі ақша сұрап келетіндер де бар. Ай сайын, апта сайын мазаңызды алып, сұрайды да тұрады. Кейбіреулер үшін бұл әдетке айналып кеткен. Оларғы қашанғы «жоқ» дей бересің? Айта-айта аузың талмай ма? Психологтар мұндайда сол адамның өзінен ақша сұрауға кеңес береді. Біріншіден, оның реакциясын байқайсыз. Тіпті оның қалай ақша беруден бас тартатынына зер салып, үйренсеңіз де болады. Екіншіден, осылайша  өтінішті бірнеше рет айтқан соң оның өзі сізден ақша сұраудың бос тірлік екенін жап-жақсы ұғынып, амалсыздан қалтасында «артық теңгесі бар» басқа адамды іздеуге кіріседі. 

Ұйқың шала болмасын...
Смартфономания...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу