Ұйқың шала болмасын...

Oinet.kz 14-04-2019 2072

Screenshot_24.jpg

«Ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз» дейді қазақ. Кейінгі екі «арсызды» алдағы уақытта асықпай талдауға уәде ете отырып, бүгінгі әңгімені – ұйқыға арнағанды жөн көрдік. 

«Қартайғанда ми құрғап, ұйқы азаяды»

Зерттеушілердің мәліметіне сүйенсек, адам өмірінің үштен бірі ұйқымен өтеді екен. Ұйқы – адам ағзасын тынықтырып, қалпына келтіретін құбылыс. Бір түн көз ілмеген кісі ертеңінде дел-сал болып, шаршаулы жүреді. Екі түн ұйықтамаған жанның миы қалыпты жұмыс ырғағынан жаңылып, әрі-сәрі күйге түседі. Үшінші тәулікке жеткенде адам айналасында болып жатқан оқиғаларды шынайы бейнесінде ұғудан қалып, мәңгіре бастайды. Яғни, уақытымен көз шырымын алып, тынықпаған тіршілік иесінің күні қараң. Демек, ұйқының біздің өмірімізде алар орны бөлек-ақ. 

Байқасаңыз, дүние есігін енді ашқан сәби тәуліктің басым бөлігін ұйқымен өткізеді. Тек анда-санда қарны ашқанда ғана оянады. Мектеп жасына жеткенге дейін де баланың ұйқысы қатты болады, тәулігіне 10-12 сағаттан кем ұйықтамайды. Жасөспірім шақта да, ер жетіп, бой түзей бастаған кезеңде де «тұр-тұрдан» хабар келгенше тәтті ұйқыны қимайтындар басымырақ. Қайран жиырма бестің, орда бұзар отыздың, қамал алар қырықтың тұсында да ұйқы жағынан ешкім де «ұятқа қала қоймасы» хақ. 

Ал елудің есігі көрінген соң, басынан кешкендердің мойындауынша, кісіден ұйқы қаша бастайды деседі. Одан әрі қарттықтың ауылына аяңдай түскен сайын ол жарықтық азайған үстіне азайып, адам кәдімгі құс ұйқылы болып алады екен. Бұл туралы жазушы Қабдеш Жұмаділов өзінің ұзақ жылғы қызметтен зейнет демалысына шыққан ақсақалдың өмірінен сыр шертетін «Қоңыр күз» атты әңгімесінеде былай келтіреді:

«Ол ежелгі дағдысы бойынша тағы да таңғы сағат жетіде оянып кетті... Көрпесін бүркене түсіп, әлі де болса көз шырымын алмақ болып еді, бірақ ұйқысы құрғыр келе қоймады. Жұмыстан титықтап, қалжырап келіп жатпаған соң, жөні түзу ұйқы бола ма, тәйірі? Адамның жасы ұлғайып, қартайған кезде миы құрғап, ұйқысы азаяды деуші еді. Сол сөздің рас болғаны ғой, сірә. Әбдірасыл үйде бос жатқалы, өмір бойы өтелмей жүрген ұйқының есесін қанша қайырайын десе де, сол күндегі уақытта көзі шырағдандай жанып, оянып алады. Баяғыда ауылда жүргенде, таң атпай қақаңдап жүретін шалдарды көріп: «Осыларға не жетпейді екен? Жамбасынан су шыға ма? Неге жатып, тыным алмайды?» – деп күлуші еді. «Күлгенге күле жетеді» деген осы. Мұның да қазір сол мазасыз шалдардан несі артық? Бұл тіршілік дегенің де кереғар құрылған-ау, шамасы. Бір кезде шалқар түске дейін жатсаң да ұйқың қанбайтын жастық шақта өйтіп керіліп жатуға уақыт болмады. Ал енді қанша жатам десең де ешкім бөгет болмайтын кезде, сол ұйқының өзі қасқалдақтың қанындай».

Бұған не алып қосарсыз?..

«Исатайдың барында...»

Бұл ұйқы жарықтықпен қашанда қоса қапталдасып жүретін... «қорыл» дейтін қорқынышты пәле бар. Қорқынышты болатын себебі: біріншіден, кісі бекерден-бекер қорылдамайды, демек, оның ағзасында әлдебір кінәрат бар, яғни, дәрігерге қаралу керек. Екіншіден, өз ұйқыңыз тыныш болған күннің өзінде, жаныңыздағы адам қорылдаса – бітті, сіздің де мазаңыз кетеді.

Студент кезде жатақханадағы бөлмемізде сыртылы тым қатты естілетін дәу қабырға сағаты бар еді. Тық-тық еткен дыбысын түнде тіпті көрші бөлмедегілер де естиміз дейтін. Әрі-беріден соң ұйықтауға кедергі келтіре бастағандықтан, амал жоқ, жатарда әлгі сағатты қалың көрпеге орап, қымтап, шкафқа тығып тастайтын болдық. Бір күні ауылдан жанымдағы досымның туыс інісі оқуға тапсыруға келді де, уақытша біздің бөлмеге орналасты. Сол күні түнімен ұйқы көрмедік: Исатай есімді жаңағы бойы сорайған бозбала қорылдағанда... Құдай басқа салмасын, дуалымыз дірілдегендей сезілді! Оспанхан Әубәкіровтың «Пилорама» атты әзіл әңгімесіндегі «Ұйқы шығаратын фабрика» деген теңеу де мына балаға олқы соғады-ау деп қалдық. Ары түртеміз – сәл тынышталады да, «симфониясын» қайта бастайды; бері түртеміз – аунап түсіп, әрі қарай «аңыратады». Қонағымыздың қорылымен есіміз шығып жүріп, әлгі сыртылы қатты сағатымызды көрпеге орап, шкафқа атып ұруды ұмытып та кеткен екенбіз. Байқасақ, Исатайдың бульдозерше гүрілдеген үні байғұстың тықылдаған дыбысын мүлде есіттірмей тастапты!

Кейін Исатай бала оқуға түсіп, өз факультетінің жатақханасына кетті ғой, бірақ соңында мынадай махамбетшілеген «жыр» қалды:

Мен, мен едім, мен едім,

Журфакта оқып жүргенде,

Қай қазақтан кем едім.

Исатай келмей тұрғанда,

Кешіппін күйін төренің.

Сүттей ұйыған ұйқымды

Бұзады-ау біреу демедім.

Естімек түгілі, сездім бе,

Ұйқының мұнша көлемін.

Сонша қорыл баланың

Қай жерінен шығады,

Біле алмадым себебін.

...Исатайдың барында

Құлағын жауып жастықпен

Құтыла алмай қорылдан

Шерменде болған шері едім.

Көзбенен таңды атырған

Тәңірден медет шақырған

Сергелдең болған сері едім.

...Исатай кетіп, ақыры

Жанымыз тапты-ау керегін...

Әзіл өз алдына ғой, шынына келгенде, қорыл адамның үлкен-кішісіне, жас-жасамысына қарамайды екен. Қазір Жер бетіндегі әрбір бесінші адам қорылдайды деседі. Ұйықтап жатқанда мұндай адамдардың жұтқыншақ бұлшық еттері тым босаңсып сала береді де, тыныс алу жолдарына едәуір кедергі жасайды. Амал жоқ, демді ішке тарту үшін ұйқыдағы мидың оянып, әжептәуір әбігерге түсуіне тура келеді. Ауа ішке жұтылған замат ағзадағы оттегі мөлшері әдеттегі қалыпқа түседі де, ми қайтадан ұйқыға кетеді. Бірақ көп ұзамай бәрі тағы қайталанады: тыныс алу аппараты әрекетсіз қалады, жұтқыншақ бұлшық еттерін қайта қимылға келтіру үшін мидың көмегі қажет болады. Қорылдағыштардың ұйқысы әлсін-әлсін бұзыла беретіні де содан.

Тыныс алудың қайта-қайта үзілген сәтінде ұйқыдағы кісінің қан қысымы көтерілуі мүмкін. Сондай-ақ қорыл кезінде ағзадағы майларды қорытатын гормондар азаяды екен. Сондықтан ол майлар ағзаға сіңіп, қуат көзіне айналмайды, керісінше, денеде қалып қояды, яғни, адам бірте-бірте толыса береді, әрі тамақсау бола бастауы да ықтимал. Бұл артық майлар тек қарын маңына ғана емес, мойын мен желке тұстарына да жинала береді. Демек, тыныс алу жолдарына одан сайын кедергі келтіретін болады.

Қорылдайтын адамдар өзгелермен салыстырғанда бірте-бірте ашуланшақ, ұмытшақ, енжар, ұйқышыл бола бастайды. Әрине, бұл дерттен емделу жолдарын дәрігерлермен ақылдасып, білген жөн. Біздің айтарымыз: қорылдайтын адамның жатар алдында ішімдік ішпегені, ұйықтататын дәрі қабылдамағаны, шалқасынан жатпағаны абзал. Егер мұндай кісімен бір бөлмеде болсаңыз, түнде қорыл күшейгенде, оны ақырын ғана бір қырынан жатуға икемдегеніңіз жөн.

Тәтті ұйқының тәсілдері

Мамандар ұйқының тәтті де тыныш болуы үшін мынадай шарттар орындалуы қажет деп есептейді.

1. Ұйқы режимін сақтаңыз. Күнде белгілі бір уақытта жатып, белгілі бір уақытта тұруды әдетке айналдырған абзал. Жұмыс күні де, демалыста да. Сонда ағза осы талапқа бейімделеді де, ұйқыңыз бірқалыпты болады.

2. Ұйқыңыз келген кезде ғана ұйықтаңыз. Яғни, ұйқыңыз келмесе, өзіңізді қинаудың керегі шамалы, босқа түнімен төсекте дөңбекшіп шығасыз. Ондайда теледидар қарап немесе кітап оқып, бойды босаңсыту керек.

3. Жатар алдында шай-кофе ішпеңіз. Қазақтар шайсыз жатпаймыз ғой. Бірақ соның өзін ұйықтардан 2-3 сағат бұрын ішкен жөн. Өйткені, шайдың, кофенің, басқа да сергітетін сусындардың, шоколадтың құрамында кофеин болады. Ол ұйқы шақырмайды, керісінше, кеп тұрған ұйқыны қуады.

4. Жатар алдында ештеңені уайымдамаңыз. Жұрттың көбі жастыққа басы тиген соң да ертеңгі кездесу, жұмыстағы тапсырма, ақшаға байланысты уайымды ойлап, бас қатырады. Бұл дұрыс емес. Барлық мәселені жатардан бірер сағат бұрын ойлап, шешіп алыңыз. Ал жастыққа бас қойған соң тек қана жақсы ой ойлаңыз, миыңызға тыным беріңіз.

7. Өзіңізді ұйқыға дайындаңыз. Күндізгі қарбалас тірлік сізді күш-қуат тұрғысынан әлсіретсе, кей әңгімелер, мәселелер психологиялық жағынан шаршатуы мүмкін. Демек, жатар алдында сізге әрі денеңізді, әрі жүйкеңізді босаңсыту маңызды. Суға түсіп аласыз ба, лирикалық музыка тыңдайсыз ба, әйтеуір бойыңызды балбыратып, санаңызды демалдыратын бір тәсілді тұрақты әдет етіп алыңыз.

* * *

«Ұйқың шала болса болсын, күлкің шала болмасын!» дейтін халықпыз. Неге күлкінің жолында ұйқыны құрбандыққа шаламыз? Негізі, екеуінің де шала болмағаны жақсы ғой... Рас, Құдай күлкіден айырмасын. Ал ол туралы – яғни, екінші «арсыз» жайында – келесі жолы әңгімелейміз.     

  Ұйқы туралы материалды түнімен ұйықтамай әзірлеген 

– Сәкен СЫБАНБАЙ.

 

 



Айдарға кіру
Қарызға ақша сұрай берсе не істеу керек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу