Жемқорлықты қалай жеңуге болады?

Oinet.kz 18-12-2014 1740

Бек Әметов, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы:

«Денсаулық саласында сыбайлас жемқорлық көріністері адам баласы дүниенің есігін ашпай жатып алдынан шығады»

- Жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлық көріністері қоғамдық қатынастардың барлық саласында кездеседі. Мәселен, денсаулық сақтау саласында орын алып отырған сыбайлас жемқорлық көріністері адам баласы дүниенің есігін ашпай жатып алдынан шығады. Ең басы сол әйелдер босанатын үйге орналасудан басталады. Біздер дәрігерлердің жұбайларымызға дұрыс көңіл бөлуі, қала берді дүниеге жаңадан келген нәрестеге ықыласпен қарауы үшін сыйақы ұсынамыз. Олай істемесек дәрігерлер науқасқа селқос қарап, жүре тыңдайтыны жасырын емес. Ота жасайтын болса ішімізде не тампон, не басқа бір аспабын ұмытып кететін сияқты қорқыныш бар.

image.png

Білім беру саласында сыбайлас жемқорлық бала бақшаға орналастырудан басталады. Бала бақша меңгерушісіне ақша ұсынбасақ, баламызды орналастыра алмаймыз. Мектептің жағдайы да солай. Баламыздың жақсы баға, жоғары балл алуы үшін және жүгіреміз. Жоғары оқу орнына түсетін кезде шығынымыз арта түседі. Оны бітіріп, жұмыс іздегенде мекеме басшысына пара ұсынбасақ, жұмыссыз жүреді.

Пәтер немесе жер телімін алғымыз келсе шенеуніктерге  өзімізден бұрын әмиянымыз кіріп шығады. Кәсіпкерлікпен айналысқымыз келсе көптеген мемлекеттік қадағалаушы органдарға құжаттарымызбен бірге бүйірі томпайған «конверттерімізді» тапсырамыз. Төлегіміз келмейтін салығымыз, жасырғымыз келетін табысымыз үшін салық және кеден органдарының қызметкерлерін «сатып» алғанды жөн көреміз. Өзіміз қойылатын талаптарға сай келмейтін болсақ та мемлекеттік органдардың тарапынан өткізіліп жатқан мемлекеттік сатып алу байқауларына қатысып, жеңімпаз атану үшін ұйымдастырушылардың аузын майлаймыз. Жасаған қылмысымыз әшкереленіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын кезде қалай да болмасын жауапкершіліктен құтылу мақсатында кім болса да қалтасын ақшаға толтырып, өзімізге тиімді шешім қабылдағанды жөн көреміз.

Сотқа ісіміз түссе қалай болғанда да біз жеңіп шығуымыз керек. Біздің ісіміз оң болсын, теріс болсын, бәрібір жеңілмеуіміз, сотталмауымыз керек. Сотталып кеткен жағдайда қандай жолмен болса да жаза өтеуден жалтаруға тырысамыз. Осының бәрі мемлекет пен қоғамның саяси қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді.

Жемқорлықты қалай жеңуге болады?

Облыстық соттың ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлықпен күрес механизмдерінің түйткілдері, оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны болып өтті. Жиынға төрағалық еткен облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов сыбайлас жемқорлықтың-- қоғамның жегі құрты болудан қашан құтыламыз деген тақырып төңірегінде кіріспе сөз сөйледі. Ал одан кейінгі дөңгелек үстелде бас қосқан лауазым иелерінің өз ой-пікірлерін қалай жеткізгенін сөзбе-сөз оқып көрелік.

Руслан  ӘБДІРАЙЫМОВ, Облыстық прокуратураның қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау және сотта мемлекет мүддесіне өкілеттік жасау басқармасының бастығы:

«Парамен ұсталғандар алаяқтыққа ауысуға жанталасады».

- Сыбайлас жемқорлық халықаралық аренада Қазақстанның жағымсыз имиджін қалыптастырып,  түзіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі жасайды. Сыбайлас жемқорлық жөніндегі тәуелсіз сарапшылар қауымдастығының бағалауы бойынша бұл дерт тауарлар мен қызметтер құнының 50 пайызға дейін көтерілуіне себеп болады. 2005 жылдың қорытындысы бойынша республика бойынша сыбайластық қылмыс саны 1505 болса, 2010 жылы 1911-ге жетіп, 29 пайызға өскен.

Мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдалану, жер қатынастары мен құрылыс, кеден және салық саласы қазіргі уақытта неғұрлым сыбайлас жемқорлық дерті асқынған салалар болып табылады. Онда соңғы жылдары келтірілген зиянның едәуір өсуі байқалады. 2005 жылы анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша мемлекетке келтірілген зиян көлемі 379 миллион теңгені құраса, 2010 жылғы көрсеткіш 6,8 миллиард теңгеге дейін өскен. Былтырғы  өткізілген аттестацияға қарамастан құқық қорғау орган қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс-әрекеттеріне орай қозғалған қылмыстық істер әлі де кездеседі.

Сыбайлас жемқорлыққа жол беріп отырғандардың барлығы сауатты адамдар. Өкінішке қарай, қылмыс жасаудың әдісі мен тәсілі күннен-күнге жетілумен келеді. Біздегі бар нормативтік қаулыдағы өзгерістер мен толықтыру олардың да «тәжірибесінде» бар. Яғни қандай жолмен болсын  қылмысты айналып өту, өзінің қылмыстық әрекетін неғұрлым жеңіл баппен саралау мүмкіндіктерінің барлығын біледі және ұсталған жағдайда тиісті шара көруге ықпал жасайды. Қазір пара алумен ұсталған адам қандай жағдайда өзіне тағылар айыпты алаяқтыққа ауыстыруға болатын мүмкіндігінің барлығын біледі. Соған тікелей жұмыс жасайды. Ал оған текетіресіп, қарсы күресу тетіктеріміз сәл жеткіліксіз болып отыр.

Әлиайдар ЗЕЙНАБИЛОВ, Қаржы полициясы сыбайлас жемқорлық істерді ашу, оның алдын алу басқармасының бастығы:

«Азаматтар «стукачество» сана-сезімінен арыла алмай келеді».

- ТМД елдерінде бірінші рет Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидалары бекітіліп, сыйақы тағайындау мөлшері белгілен-ді. Қазіргі уақытта қоғамда аталған құжатқа қатысты біркелкі пікір қалыптаспаған. Бұл көрсетілген құжаттың маңыздылығы және азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру іс-қимылына қатысу қажеттілігі туралы ой әлі де әрбір азаматтың санасында қалыптаспағандығын көрсетеді. Көпшілік қылмыстық орталарда қалыптасқан және сол жерде таратылған, ескірген стереотиптерден арыла алмай жүр, яғни бұл жерде «стукачество» секілді сана-сезім әлі де қалмай келеді.  

Алмасбек МАМЫТБЕКОВ: «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

«Дертпен күресу бағдарламаларының барлығы көшірме»

- Облыстық мемлекеттік мекемелердің 2006-2010 және 2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі бағдарламалардың орындалу барысына сараптама жүргізу барысында мемлекеттік органдар тарапынан аталған бағдарламаларды айна-қатесіз көшіріп алу белең алғаны белгілі болды. Ол аз десеңіз, маңызды бағдарламаның орындалуы басқарманың немесе басқа да мемлекеттік органдардың бас маманына бекітіліп қоя салынған. Басқаша айтқанда, бұл формальді түрде жүріп жатыр деп айтуға болады. 

«Өзіңнен баста» акциясы бойынша мемлекеттік қызметкерлер табысын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау керек болатын. Қазіргі таңда 286 азамат өз табыстарын ашық жариялады. 2012 жылы бұл акцияға 366 адам қатысқан болса, 2011 жылы 162 лауазымды тұлғалар өз табыстары мен мүліктерін жариялаған-ды. Акция әлі де жалғасуда.

Партиялық постардың жұмыстарын үйлестіру барысында салынған әлеуметтік, өзге де нысандардың қабылданып алынғаннан кейінгі сапасы нашар болатыны жиі кездеседі. Осындай сапасыз жұмыс жүргізіп, соттың шешімімен ұтылған мердігерлердің кейінгі уақытта тағы да мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз болып танылатынынан хабардармыз. Нәтижесінде ол нысанның құрылысын жүргізу барысында да кемшіліктерге жол беріледі. Бұл жергілікті тұрғындардың наразылығын тудыруда. Тиісті мекемелер тарапынан арыз-шағымдармен жұмыс жасау сапасы өте төмен деп айтсақ болады. Бұл билік органдарына деген халықтың сенімінің төмендеуіне себеп болады.

Қасым АҒАБЕКОВ, Облыстық әкімдік жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның хатшысы:

«Анықталған қылмыстық істің 70 пайызы лауазымды тұлғаларға қатысты»»

-  2011 жылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін 168 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған болса, 2012 жылы 81-ге төмендеген. Ал биылғы төрт айда 44 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық орын алғаны мәлім болды. Былтыр осы мерзімде 34 факті тіркелді. Бұл әлі де болса сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың жолын кесуге мүмкіндігіміз жетпей отыр деген сөз.

Биылғы жылдың өзінде бірнеше қылмыстық іс анықталса, орын алған фактілердің 70 пайызға жуығы жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары. Бірнеше аудан әкімінің орынбасарлары құзырлы орган қызметкерлерінің құрығына ілікті, сотталғандары да бар.

Шырынбек ОҢҒАРОВ, Ішкі істер департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:

«Мардымсыз жұмыс келеңсіздікті көбейтті»

- Пара алуы мүмкін лауазым иелерінің «қара тізімі» түзілмек. Осы адамдарға жеке досье құрылып, әр басқан қадамы құқық қорғау органдарының қатаң бақылауында болады.

Өкінішке қарай, ішкі істер органдары қоғам тарапынан сынға ұшырап келеді. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. 2013 жылдың 5 айында жалпы құқық қорғау органдары мен полиция қызметкерлеріне қатысты 64, 2012 жылы 20 қылмыстық іс қозғалған. Облыстық ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы тарапынан қозғалған қылмыстық іс өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 5 есе өсіп отыр. Былтыр осы мерзім ішінде тәртіптік жауапкершілікке 7 қызметкер тартылса, биыл 71-ге жетті. Сондай-ақ, өткен жылы бар болғаны 3 қызметкер жұмыстан босатылса, биыл 37-сі қызметімен қош айтысты. Аталған келеңсіз жағдайлар ішкі істер органдары басшыларының, олардың орынбасарларының, жеке құрамдар арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті өз деңгейінде жүргізбей жатқандығынан, олармен тәртіпті заңдылықты бұзуға қарсы іс-шаралардың мардымсыз жүргізілгендігінен, осы бағыттағы жұмыстарды жеткілікті деңгейде ұйымдастыра алмауынан орын алған. Шығыс даналығы айтқандай, «тәрбиесіз білім беру – ақымаққа қанжар ұстатқанмен тең». Бұл мақалды бүгінгі нақты жағдаймен салыстыра отырып айтар болсақ, құқық қорғаушыға шен беріп, қару ұстатардан бұрын оның ішкі жан дүниесін тәрбиелеп алудан бастаған ләзім.  

Мұрағаттан, 20.06.2013 ж

Арманыңыздан бас тартпаңыз
Қызғалдақты үйде өсіру үшін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу