Ипотекалық қарыздар... Бұл қарыздарды қайта қаржыландырудан кім ұтады?

Oinet.kz 23-04-2019 1261

ipoteka-v-rossii.jpg

Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк Елбасының тапсырмасына орай ипотекалық қарыз алушылардың проблемасын шешуге Ұлттық банктің қаражатынан 130 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл қаржы «Проблемалық кредиттер қоры» Акционерлік қоғамы арқылы (бұл Қордың құрылтайшысы – Ұлттық Банк) екінші деңгейдегі банктерге 2,99 пайыздық жылдық сыйақымен 20 жыл мерзімге депозитке орналастырылады. Бұл 130 миллиард теңгені банктер жеке тұлғалардың ипотекалық  қарыздарын қайта қаржыландыруға жібереді. Банкирлер бұл үдерісті «рефинансирование» деп атайды. 

Бағдарламаның басты міндеттері ретінде ипотекалық қарыз алушылардың барынша көп бөлігі үшін қарыздарды өтеу талаптарын жеңілдету, проблемалық кредиттер деңгейін төмендету және экономиканың долларлану деңгейін төмендету (дедоллоризация) мәселелері қойылып отыр. 

Ипотекалық қарызы бар адамдар үшін мынадай жеңілдіктер қарастырылып отыр. Негізі қарыздың пайыздық сыйақысы (ставкасы) 3 пайыздан аспайтын болады, валюталық қарыздар теңгеге конвертацияланады (аударылады), сондай-ақ, қарызды өтеу мерзімі 20 жылға дейін ұлғайтылады. 

2004-2009 жылдары алынған ипотекалық қарыздар қайта қаржыландырылмақ. Қайта қаржыландырудың тағы бір талабы – қарыз алушының және оның жұбайының (зайыбының) жалғыз баспанасы кепілге қойылған болуы керек. Бұл талап – алаяқтардың жолын кесу мақсатында қабылданған сияқты. Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын тағы бір талап – ипотекалық қарыздың сомасы 36 470 000 теңгеден аспауы керек. 

Осы бағдарлама бойынша ең алдымен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын ипотекалық қарыз алушылар, ұлттық валютамен ипотекалық қарыз алушылар және мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыларға қолдау көрсетілмек. Сондай-ақ заңды күшіне енген сот актілері бар ипотекалық қарыздар Бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландыратын болады. 

«Қайта қаржыландыру нені аңғартады?» деген сауал туады. Біріншіден – негізгі борыштың қалдығы 3 пайыздық  ставкамен қайта қаржыландырылады. Екіншіден – қайта қаржыландырылған қарыз бойынша жинақталған берешектер: сыйақы (проценттік ставка), комиссиялар, тұрақсыздық айыбы (пениялар) кешіріледі. 

Ұлттық Банктің болжамына қарағанда, осы Бағдарлама шеңберінде 20 мыңнан астам қарыз, оның ішінде халықтың  әлеуметтік әлсіз топтары санатына жататын 5 мыңнан астам адамның қарызы қайта қаржыландырылатын болады. 

Осылай ипотекалық қарызы бар кембағалдар бенефициарлардың, яғни осы бағдарламаның қызығын көретіндердің 25 пайызын немесе төрттен бірін құрап отыр. Осылай бұл Бағдарлама негізінен байлар мен орташалардың мүддесіне қызмет етпек. 

Жалпы ипотекалық қарыздар қалай пайда болды? Қаржыгер Мұрат Темірхановтың пікірінше, әлемдік экономикалық дағдарысқа дейін Қазақстанның несиелік рейтингі жоғары болды. Екінші деңгейдегі банктер шетелден миллиард долларлап несие тарта бастады. ОЛар бұл несиелерге үстеме пайдасын қосып, ипотекалық кредит ретінде елге үлестіріп жатты. Тіпті кепілге қоятын үйі бар адамдарға, табыс деңгейі талап етілмей несие берілетін болды. Ипотекалық кредиттің көбеюі өз кезегінде жылжымайтын мүліктің қымбаттауына себеп болды, Алматы мен Астанадағы үйлердің бағасы Еуропа елдерімен шамалас деңгейге жетті. Әрине, екінші деңгейдегі банктердің басты мақсаты шетелдің арзан несиелерін аңқау қазаққа үлкен үстемемен беріп, шаш-етектен пайда көру ғана болды. Екінші деңгейдегі банктер – бизнестік құрылымдар, олардың мақсаты – табыс табу. Банктер – қайырымдылық қорлары емес, бірақ сол банктердің жүгенсіз кетпеуін қадағалайтын басты үйлестіруші институт, яғни Ұлттық Банк бар. Ол кезде Ұлттық банк бұл мәселемен шындап шұғылданған жоқ. Дағдарыс басталды, ипотекалық кредитке үй алып, оны сатып пайда көріп жүргендердің бизнесі тоқырады, үйлер арзандай бастады, ал Қазақстан халқы адам басына шаққанда ең қарызы көп ұлтқа айналды. 

Енді кезінде халықты қарызға батырған банктер өзінің олақ саясатының арқасында жинақталған ипотекалық қарыздарды мемлекеттің, сайып келгенде салық төлеушілердің есебінен шешіп отыр. 

Екіншіден - биліктің нақсүйер банктері 20 жылға 3 пайыздық сыйақымен 130 миллиард теңге мөлшерінде субсидияға қол жеткізді. Банктер осынша соманы тарту үшін кемінде жылына 10 пайыздық сыйақымен облигация шығаруы керек еді. 

Бірқатар сарапшылардың пікірінше, ипотекалық қарызы бар 20 мың адамның мәселесін шешу үшін Үкімет пен Ұлттық банктің 700 миллион доллардан астам қаржыны екінші деңгейдегі банктерге 3 пайыздық ставкамен беріп отырғаны – экономикалық тұрғыдан алғанда дұрыс шешім емес. Ұлттық Банктен екінші деңгейлі банктерге мұнша қаржының тікелей берілуі инфляцияны күшейтуі, «бүгін болады, ертең – сайлаудан соң болады» деп ел үрейлене күтіп жүрген девальвацияның ықтималдық дәрежесін арттыра түседі. 

Міне, ипотекалық қарыздардың жағдайы осындай. Қарыздарды кешу – қашанда дұрыс шешім болмаған. Біріншіден – бұл қарызын уақтында өтеп жүрген, салығын толық төлеп жүрген азаматтарға деген әделетсіздік болмақ, ал екіншіден – қарыз алушылар ішінде «үкімет қарызды кешіп жібереді» деген деструктивтік пікір қалыптасады. Кімде болсын қарыздың қайтарылуымен қайырлы екенін ұмытпаған жөн.   

Мұрағаттан, 29.04.2015 ж

Рустам Медеу: «Уран – халқымыздың ортақ қазынасы»
Байлар мен кембағалдардың арасын айырып тұрған – сауатсыздық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу