Ең аз ажырасу Түркістан облысында
09-04-2025
Алматыда 45 жастағы әйелді “құдасы” көшеде темір дубинкамен сабап кеткен, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Соның салдарынан Галина Борзованың басы жарылып, қолы сынған. Ол осындай жарақатына қарамастан, полициядағылар істі денеге жеңіл жарақат келтіру бабы бойынша ғана қарағанына наразы.
Галина Борзова жұмысынан қайтып келе жатқанда, оны біреу оңдырмай ұрып кетеді. Салдарынан келіншектің қолы сынып, басы жарылған, оң жақ аяғы көгерген. Көшеде оған жақын маңдағы көлік жөндеу орталығының жігіттері араша болған екен.
“Жұмыстан алаңсыз шығып келе жатқанмын. Артымнан біреу аңдып жүргендей болды. Бұрылып қарап едім, күртеше киген, бетін тұмшалаған ер адамды көрдім. Мән бермей, үйге қарай асықтым. Бір сәтте басымнан дубинкамен салып қалды. Бұрылып үлгергенімше ұра бастады. Оң жақ бетім қан жоса болды”, – деді жәбірленуші Галина Борзова.
Жәбірленушінің айтуынша, соққыға жыққан ер адам құдағиының азаматтық некедегі бұрынғы күйеуі екен.
“Есімді жисам, құтқарып қалған жігіттер мені ұрған азаматты ұстаған екен. Бірден кім екенін білгім келді. Қарасам, ескі танысым. Бұл азаматпен бұрын-соңды дау-дамай туындамаған. Тіпті 4 жылдан бері ара-қатынасымыз үзілген. Ешқандай өкпе-реніш жоқ. Неге олай болғанын түсінбедім”, – деді әйел
Түрксіб аудандық полиция басқармасы “Адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіру” дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Алайда жәбірленуші бұған келіспейді. Ол істің денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру бойынша қаралғанын қалайды.
45 жастағы келіншек ту сыртынан шабуыл жасаған “құдасының” әрекетін әлі де түсінбейді. Ол өзін аяусыз ұрған ер адамның әділ жазасын алғанын қалайды.