Жарты сағат кешіккен күйеуімнің жер-жебіріне жете жаздадым

Oinet.kz 09-11-2022 2401

Жиналыстан шығып, жол жиегінде күйеуімді күтіп тұрмын. Кешігіп жатыр. Он минут бұрын келуі керек еді, әлі жоқ. Мінеки, жарты сағат өтті. Осы бір қылығын қашан қояр екен? Үнемі кешігеді де жүреді. Өткенде анау, пойыздан қарсы алуға он бес минут кешігіп келді. Айтсаң, тағы ренжиді.

Screenshot_14.jpg

Әне, өзіммен бірге шыққан құрбыларым қол бұлғап кетіп барады. Осындайда жылағым келіп кетеді. Мені жақсы көрмейтін шығар  деген жаман ойлар да санамды бір шарпып өтпей қоймайды. Қайда жүр?! 

Жарты сағатқа кешігіп келді-ау әйтеуір. Көліктің есігін ашып мені отырғызды. Онысына да шүкір! Екі езуі екі құлағында. Менен қал-жағдайымды, жиналыстың қалай өткенін тағы бірдеңелерді сұрап жатыр. Ызадан ба, құлағым тарс бекітіліп қалыпты. Сөзінің бірін естісем, бірін естімеймін. Іштегі бар ренішімді сыртқа ақтарғым келіп барады. Енді оқтала беріп едім, күйеуім маған қарап: "Жарқыным, кешіккенім үшін айып етпеші, бүгін мұғалімдер күні ғой, өзіңе бір сыйлық ала қояйын деп едім, жақын жердегі дүкендерден жақсысын таппаған соң, қаланың ана шетіндегі дүкенге баруыма тура келді. Сыйлығыңды әдемілеп оратып көліктің артқы жақ орындығына қойып қойдым. Едәуір үлкен болған соң көліктен шығарғаным жоқ. Қаласаң қазір, қаласаң үйде көрерсің!" - деді.

Үстімнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Көмейіме өксік тығылып, ұяттан жерге кіріп кете жаздадым. Күйеуім болса мәз, әлі сөйлеп келеді. Күйеуіме қарасам, сол баяғы күйеуім, бірақ мүлде басқа адам. Жаңа ғана мені жақсы көрмейтіндей болып көрінген күйеуім көз алдымда сондай мейірімді, бала сияқты аңғал боп көрініп отыр. Ішімнен: "Жаным-ау, сенің маған деген адал ниетіңді осы уақытқа дейін әлі ұғына алмай келе жатқан менде де ес жоқ екен ғой" - дедім. Иығына басымды қойып, ақырын ғана "Алла разы болсын!" - деп дұға тіледім. Ұяттан екі бетім дуылдап, құлағыма дейін қызарып бара жатқанын сезіп тұрмын. Өзімнің қандай қателікке ұрына жаздағанымды ұғындым. Сонда деймін-ау, маған сыйлық алам деп зыр жүгірген күйеуімнің жарты сағатқа кешіккенін көтере алмағаным ба? Мейлі сыйлық алмай-ақ қойсын, жарты сағатқа кешіккенде тұрған не бар екен? "Жарты сағатқа кешігеді екенсің, міне, саған" деп долылыққа салынсам, жағдай қалай болар еді? Ол да бұлқан-талқан, мен де бұлқан-талқан. Сол маған керек пе? Елемей-ақ, өткізе салатын мәселе ғой осы! Соған бола түрлі жаман ойға беріліп. Неге біз осы жақсылық ойлауға сараңбыз?! Әншейін түйені де көрмейтін біз басқаның кемшілігін байқауда мүлт кетпейміз осы! Қасымыздағы асыл азаматымыздың да қадірін осылай түсіріп алып жатырмыз емес пе?! Таудай боп көрініп тұрған жақсы қасиеттерін байқамай, тарыдай ғана кемшілігін көріп қоямыз. Сөйтеміз де айналаның бәрін шулатамыз.

Отбасымның бақытты болғанын қалаймын! Бұдан былай бойымдағы осындай кемшіліктермен жұмыс жасап, мұндай қателікті қайталамауға тырысамын!

Құдайым-ау! Жарты сағат кешіккеніне ренжимін деп, жарты ғұмырлық бақытыма балта шаба жаздаппын-ау!

Сырласу журналы

Ата-енеге хат
Үйлену тойынан кейін қалыңдықтың еркек екені белгілі болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу