Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Күйеуі әйелінің өзіне көрсеткен құрметі мен көркем мінезіне разы болып, оның ата-анасына алғысын білдіріп былай деп хат жолдайды:
"Сіздерге деген алғысым шексіз! Неге дейсіз бе? Өйткені сіздер қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп өсірген, сыңғырлаған бір ғана күлкісінің өзі әлемнің бар байлығына татитын аяулы қыздарыңызды маған тұрмысқа бердіңіздер! Осы күнге дейін қанша қаталдық танытсам да, бір қабақ шытқанын көрген емеспін. Маған бойсұнудағы адалдығын көрсеңіздер ғой! Елден жырақ жүргенімізге де бірнеше жылдың жүзі болды. Бірақ мен өзімді ешқашан бөтен елде жүргендей сезініп көрген емеспін. Оның себебі де қыздарыңыздың отбасылық өміріме өзімен бірге ала келген қуанышы мен шаттығы. Иә, ол маған әрдайым демеу көрсетіп, үнемі қасымнан табылады. Тіпті діни міндеттерімді орындауыма да жәрдемдесуде. Жыл сайын малымыздан зекет беруге, оған қоса садақаны да көбірек беруге құлшындырып отырады. Бір күні ер мен әйелдің міндеттері қамтылған кітап қолыма түсті. Егер авторын білмегенімде, ол кітапты әйелім жазған екен деп ойлап қалар едім. Өйткені кітаптағы айтылған салиқалы әйелге тән сипаттардың барлығын әйелімнің бойынан көрудемін. Қыздарыңыздың осындай көркем тәрбиесі үшін сіздерге алғысымды білдіремін! Бұл сіздердің салиқалы ұрпақ тәрбиелеудегі үлкен жеңістеріңіз!
Әйелім ұл-қызымыздың болашақта өзгелер үшін өмір сүретін салиқалы ұрпақ боп өсуіне қатты көңіл бөлуде. Осы жолда күндіз-түні тыным таппай еңбек етіп жүр. Балалардың денсаулығын, жүріс-тұрысын, киім-кешегін, демалысын қатты назарда ұстайды. Олар күлсе де, жыласа да, қастарынан табылады. Ол ақирет пен фәни дүние ісін бір-бірінен асырмай, қатар алып жүруді өте шебер меңгерген. Мен қыздарыңызға дән ризамын! Сіздердің де екеуміздің осындай бақытқа толы шаңырағымызды көріп қуанышқа бөленгендеріңізді қалаймын.
Осындай салиқалы жар нәсіп еткені үшін Аллаға шүкіршілік етемін!
Сіздерге мына бір оқиғаны баяндап берейін: "Үйде болған кезімде, маған бір кісі бұйымтайымен келді. Қалтасынан бір бума ақша шығарып, "мынау сыйлығым" деп ұсынды. Негізі, ұсынған ақшасы сыйлық емес, пара болатын. Мұны байқаған әйелім әлгі кісіге: "Егер жұмысқа қатысты мәселең болмағанда, осы ақшаны сыйлық ретінде берер ме едің?" - деді. Әлгі кісі айтарға сөз таппай, тілі күрмелді де қалды. Бір жыл өткен соң әлгі кісі маған (отбасымыздағы адалдық пен әділдікті көрген соң) өзінің бір шаруасын сеніп тапсырған еді.
Хатымды осымен аяқтайын, өйткені аяулы жарымның ізгі қасиеттерін сипаттауда парақтар аздық етеді. Сіздерге тағы да осындай инабатты да ибалы қыз тәрбиелегендеріңіз үшін алғысымды білдіремін!"