Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Бір жігітті жанымнан артық сүйдім. Ол екеуміз бір көшенің бойында тұратынбыз. 3 жыл жігіт-қыз болып араластық. Сөйтіп шаңырақ көтергіміз келді. Бірақ қандай да бір түсініксіз себептермен оның отбасы біздің осы қарым-қатынасымызға қарсы болды. Амал жоқ, ара қатынасымыз үзілді.
Көп уақыт өтпей Рамазан айынан кейін мен басқа жігітке тұрмысқа шықтым. Менің жақсы көрген жігітім де өз теңін тапты. Бірақ арада көп өтпей мені шайтан азғырды. Уәдемнен тайып, бұрынғы жақсы көрген жігітімді көбірек ойлап, онсыз өмір сүре алмайтындай күй кеше бастадым. Сөйтіп өз күйеуіме деген сезімім бірте-бірте суып, жек көріп, тіпті оны көргім келмейтін деңгейге жеттім. Үйге келсе, жоқ жерден ұрыс-керіс шығарып, жаныма жуытпадым. Онымен бір үйде тұрамын деген ойдың өзі денемді түршіктіріп жіберетін болды.
Ақыры жақсы көрген жігітіммен күйеуіме білдірмей, әйелі бар екенін біле тұра қайта сөйлесе бастадым. Сол уақытта жер бетінде менен артық бақытты жан жоқ еді. Оған деген сезімім бұрынғыдан да арта түсті. Тіпті осы жігітті жақсы көретінімді айтып, түсіндірсем, күйеуім менен ажырасады деген үмітпен сүйген жігітіммен бірге кетіп қалдым.
Сөйтіп, біз 1-2 күннен кейін бірге екенімізді айтып, туыстарымызға xабар бердік. Енді бақытты ғұмыр кешетінімізге сенімді едім. Өкінішке орай, бәрі басқаша болды. Екеуміздің бүкіл туыс-туғанымыз жиналып отырған жерде ата-анасына қарсы келе алмай, тағы да сүйіктім менен бас тартты. Барлығына мені өз күйеуін таңдады деді де, сөзінен тайқып кетті. Сонымен менде өз күйеуіммен бірге кетуден басқа жол қалмады. Ол мені кешіріп, болған жағдайды ұмытамын деді.
Бірақ жараның орнында тыртық қалатыны сияқты, күйеуіміз екеуіміздің арамыз бұрынғыдай болмады. Көп өтпей онымен тұра алмайтынымды біліп, ата-анамның үйіне кеттім. Дегенмен туыстарымның жүзіне қарай алмай, өзімді нашар сезініп жүрген едім. Маған күш берген - сүйіктім бір күні кері оралып, мені алып кетеді деген үмітім ғана еді. Өйткені оның уәдесі бар-ды. Күйеуім бұл жағдайға қырсығып, сүйіктіммен тұруыма келісімін бермейтінін, тіпті ажыраспайтынын айтып, мен тауып бере алмайтын көлемде ақша талап етті. Ең сорақысы, 100 мың доллар бергенде ғана ажырасамын деп шарт қойды.
Мен жақсы көрген жігіттің де ата-анасы күйеуіңнен ажырассаң ғана сендерді үйлендіреміз деген талабы бар еді. Екі оттың ортасында қалған мені ата-анам аяп, бақытым үшін сол ақшаны тауып берді. Сөйтіп күйеуімнен ажырастым. Енді сүйгеніммен бірге болуға еш кедергі жоқ. Бірақ басымдағы барымды бағаламай, одан қалса біреудің отбасын ойрандап, бақытты болғым келген өзімшілдігімнің соңы өкінішпен бітетінін білсемші... Арада болған осыншама жағдайдан кейін өзім жақсы көрген жігіт те менен түбегейлі бас тартып, өзінің әйелімен қайта жарасып кетті. Ал мен екі кеменің құйрығын ұстаған жанның суға кететінін кеш түсініп, қу тіземді құшақтап, жалғыз қалдым. Әйел адамға бұл өмірде тірексіз қалудан асқан қасірет жоқ екен...
Құрметті құрбым мен әпке-сіңілім, менің қатемді қайталамаңдар! Неке қиған күннен бастап-ақ лағынеті шайтанның азғыруынан сақтанып, өз күйеуіңізден басқаға көңіл аудармаңыз. Жүректерді бұрушы да, кімнің кімге тең екенін білуші де - Алла Тағала. Ол сізді өз күйеуіңізге бекерден-бекер қоспағанын естен шығармаңыз. Оның қас-қабағына қарап, бағалап, разылығын тауып, жәннатқа жетудің әрекетін жасап, бастысы қолда барда алтынның қадірін біліңіз!