Мақсат Толықбай: «Ағасының тойын басқарып, қарындасын алып қайттым»

Oinet.kz 16-10-2014 2823

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде төртінші курс оқып жүргенмін. Барлық студенттер секілді жатақханада тұрдым. Журналистика факультетінде оқитын студенттердің көбісі өнерге, асабалыққа жақын болып келеді ғой. Мен де сабағымды оқып жүріп, әрі тойларда асаба болып нәпақа  таптым. Бұл бір жағынан қызметімізге біртабан жақындай түсуге және қосымша қаражат табуға мүмкіндік береді. Бір күні Бағдат деген жігіттің үйлену тойын басқару үшін Талдықорған қаласына бардым. Әдеттегідей тойды ашып, басқарып жатқанда әдеміше келген бір қызға көзім түсті. Қонақтарға сөз беріп жүріп, арасында әлгі қызды көзбен іздеп қоямын. Ол да маған ара-тұра көз жүгіртіп қояды. Сол сәттен  бастап бір-бірімізді ұнатып қалған секілдіміз. Жақындап барып, танысып, телефон нөмірін сұрайын десем батылым жетпей жүр. Оның үстіне тойымды ойдағыдай өткізіп алайын деп шештім. 

Screenshot_4.jpg

Ойымның бәрі алаң-елең болып, әйтеуір той да тарқады. Сосын бірден бойыма күш-жігерімді жинап алдым да қыздың жанына бардым. Танысып, телефон нөмірін сұрап алдым. Сөйтсем ол үйлену тойын жасаған  жігіттің қарындасы екен. Қыздың телефонын алған соң іштей «ол Талдықорғанда, ал мен Алматыдамын. Арамыз алшақ, кездесуіміз қиын болатын секілді. Осымен бәрі тоқтайтын шығар» деген ойға қалдым. Бірақ бағыма қарай Мәдина Алматыда оқиды екен. Бізді табыстырған тойдан кейін оны кездесуге шақырып,  киноға барып тұрдық. Аңсаған аруыма енді қолымды жеткізгенде қырсыққанда ұялы телефонымды жоғалтып алдым. Оның телефон нөмірін де жаттап алмаппын.  Біраз күндей оған хабарласа алмай жүрдім. Қыздың өзі де іздейтін түрі жоқ. Мәдинаның нақты қай  пәтерде тұратынын білмейтін едім. Сонда да тауып қалармын деп жобалап, барлық үйден, пәтерден оны сұрастырып шықтым. Бірақ таба алмадым. Содан бірнеше қағазға «Толықбаева Мәдина мен телефонымды жоғалтып алдым. Сенің нөміріңді білмегендіктен, саған хабарласа алмай жүрмін. Мына телефонға хабарласшы» деп хабарландыру жаздым. Хабарландыруларды шамамен Мәдинаның тұрады-ау деген барлық үйдің подъезіне жабыстырып шықтым. Енді қыздан хабар күтуден басқа амалым қалмады. Сарғая күтіп жүргенде қыздың өзі хабарласты. Сөйтсем хабарландыруды әпкесі көріп, «сені Мақсат деген жігіт іздеп жатыр» деп, телефонымды беріпті. Сонда Мадина «сені хабарласпай кеткенде жәй жүрген біреу екен деп ойладым» деп ойындағысын жасырмады. Осы оқиғадан кейін оған деген сезімімнің шынайы екеніне көзі жетті. Көп ұзамай екеуміз 2010 жылы отау құрдық. Тойымызға өмірдегі «Қоңыр», «Жігіттер» тобы, «Базар жоқ» театрының біраз әртістері қатысып, әнші Рамазан Стамғазиев ағамыз келіннің бетін ашты.

Енемнің Талдықорғанда той басқарғанда маған ризашылығын білдіріп, «ендігі кезек сенікі, бір басың екеу болсын» деп ақ тілегін білдіріп еді. Ол кісінің тілегін періштелер қабыл алған секілді, ұзамай оның қызына үйлендім. Ол да әлі күнге дейін «менің тілегім қабыл болған екен» деп айтып отырады. Күйеу балалардың ішіндегі ең еркесі менмін. Қайынжұртқа барып, ешқашан қызмет істеп көрмеппін, керісінше олар   мені құдаларындай күтіп, шығарып салып жатады. Мадинаның бойындағы бағалайтын қасиетім менің жақындарыма, туыстарыма үлкен сыйластықпен қарайтыны. Менің әулетімнің мүшелері де екі сөздің бірінде жарымды ауыздарына алып, мақтауын жеткізіп отырады. Жанұя болған соң кейде ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Сондай сәттерде әйелім сырт көзге ешқашан білдірген емес.  Алайда алғаш шаңырақ көтерген жылдары мені  аздап қызғанаты бар еді. Елдің алдына жүрген соң кейде көрермендерден, қыздардан танысайық деген хабарламалар келіп жатады. Сондай кездерде кейде түсініспей қалып жүрдік. Кейін мен мұндай хабарламалар менің де өз көрерменімнің бар екенін, мені іздеп, бағалайтын елдің бар екенін білдіреді деп түсіндірдім. Мадина уақыт өте келе мұндай ұсақ-түйекті елемейтін болды. Барлығына түсіністікпен қарайды. Қазір Алланың берген Іңкәр, Кәусар атты екі қызды тәрбилеп отырмыз.   

Ауыт Мұқибек, ақын: «Бастықтың қызына ғашық болдым»
Олжас Отар: «Ауырмайды жүрек» әні сыныптасыма арналған»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу