Олжас Отар: «Ауырмайды жүрек» әні сыныптасыма арналған»
Әркімнің балалығы өзіне қымбат емес пе?! Менің де тәтті балалығым өзгелерге қызық болмаса да мен үшін қымбат. Жамбыл облысы Талас ауданындағы Бостандық ауылында өткен қызықты күндерді қалай ұмытайын. Ауылдың шаңына аунап, топырағын кешіп өстім. Замандастырмның сол кездегі қас қарайғанға дейін ойнайтын ойындары асық, ләңгі еді ғой. Одан қала берді доптың соңынан қуып жүруші едік. (Мен кейде қазіргі компьютерден, телефоннан бас алмайтын балалардың өтіп жатқан балалық шақтарына қарап біздің балалығымыз әлдеқайда қызығырақ, бақыттырақ болған екен ғой деген ойға қаламын.) Бәрінен де атбегілікке құмар болдым. Қазақ «Ат - ер қанаты» деп бекер айтпаған ғой. Жылқы жануарының ер жігітті өзіне тартып, баурап тұратын сиқыры бардай көрінеді маған. Атқа қонып, ауыл балаларымен көкпар шауып жарысқанда алдыма жан салмаушы едім.
Мектепте тәртіпті әрі жан-жақты оқушы болдым. Іс-шаралардың бірінен қалмадым. Шахматтан, басқа да салалардан талай жарыстарға қатысып, жүлдегер атанып жүрдім. Оныншы сыныпта мектепте «Жігіт сұлтаны» байқауы өтті. Озат оқушы деп мұғалімдер мені қатыстырған. Сахнада сынақтардан сүрінбей өтіп келе жатып, соңғы кезеңде «тәспімнен жаңылып» қалмасым бар ма?! Сахнаға гир тасын көтеру үшін шыққанмын. Әншейінде тасты 10-15 рет еш қиындықсыз көтеретін мен осы жолы намысқа тырысып 20-ға жеткіземін ғой деп өз-өзіме сенімді болып тұр едім. Гирді қолыма алып көтере бергенім сол еді сахнаға қарасам бүкіл жұрттың екі көздері менде екен. Қадалып тұрған мыңдаған көздерді көргенде әп-сәтте өз-өзімді жоғалтып алдым. Сасқанымнан тасты екінші рет көтердім де тарс еткізіп жерге тастай салып, сахнадан шығып кеттім. Сонда ғана барып «есімді жиып», «гирді тым болмаса 10 рет көтермей мені не қара басты?» деп әттеген-айлап қалдым. Әйтпесе күреске қатысып-ақ жүрген бала едім ғой. Сайыстан кейін сыныптастарымның барлығы «өзіңнен кіші сыныптың жігіттері сенен артық көтерді, сенің шамаңның келмегені қалай?» деп те біраз бетімді қызартып жүрді.
Бала күнімнен мен үшін айтыстың орны бөлек еді. Жыр додасына қатысып, тым болмаса алғыс хат алсам сол жеткілікті болар еді деп ойлаушы едім. Арманның жетегінде жүріп алғаш рет 1991 жылы үлкен айтысқа қатысқанымда менен бақытты жан болмаған шығар. Сол айтыста төбе көрсеткенімде жақындарымның барлығы «сен төрт жасыңда қолыңа домбыраны сүйретіп алып, «ауылға ақын келді, жыр тыңдайық» деп жұртты өзіңе қаратып жүруші едің» деп айтқандары бар. Спортқа, басқа да салаға икемім болса да ақындық өнерім бәрібір түбінде жарып шықты ғой.
Есейген соң біздің «бала махаббатымды бағаламаппын» деп жататынымыз бар. Алайда өмірдегі ең алғашқы махаббат тәтті сәттермен адам жүрегінде мәңгі сақталып қалады. Бозбала болып мен де ғашықтық сезімдерді бастан кешірдім. Сол өшпес естеліктерді «Ауырмайды жүрек» атты әнге қосқанымды ел білетін шығар. Басқа ауылдың мектептерінде қайдам, бірақ біздің мектепте ең сұлу қыздар ол мақтау қағазын алған, сабақты беспен оқитын қыздар еді. Бәріміз соларға жағуға тырысып, бәйек болып жүруші едік. Ал сабақты нашар оқитын қыздарға қанша жерден сұлу болса да жігіттер қарай бермейтін. Неліктен екенін білмеймін, біз қыздардың сұлулығын осылай біліммен өлшедік. Біздің кездегі махаббат та өзгеше еді. Ол заманның сезімдердің «тасушысы» қазіргідей смс, әлеуметтік желі емес хаттар болатын. Маған хаттар көбінесе қыздардан келетін. Бүктелген қағаздарды қалтама, сөмкеме қанша тығып жүрсем де әкем қыздан келген бір хатты көріп қойыпты. Ал содан «Олжасқа қыздардың өздері хат жазады. Біздің баламызға тұрмысқа шыққысы келеді екен» деп үй ішінің көзінше қайта-қайта айтып, мені қатты ұялтып жүрді. Маған базбіреулер хат жазғанымен мен бір қызға хат жаза алмай-ақ кеттім. Бір сыныпта оқысақ та оған ғашық екенімді айта алмай қиналдым. Алтын ұя мектеппен қоштасып, студент атанған кезімде де оны жүрегімнен сызып тастай алмадым. Бірде студент кезімде сыныптастармен, достармен бір кеште басымыз қосылып қалды. Кешке мен ұнатқан қыз да келіпті. Ойда жоқта екеуміз ананы-мынаны әңгіме қылып, шүйіркелесіп қалдық. Қанша дегенмен бәріміз балалықты, ынжықтықты артқа тастап, ашыла бастаппыз. Сонда ол менен «қызың бар ма?» деп сұрап қалды. Мен «маған қыздар қарамайды ғой» дедім. Ол бетіме таңырқай қарап «Саған қарамай жүрген қандай қыз, кәне көрсетші маған, шашын жұлып тұрып көндіріп берейін» деді. Мен ойланбастан «Ол қыз сенсің» деген едім, оның көзі шарасынан шығып, тура сол жерде үйіне тұра қашты. Жырыма қосқан ғашығым менің сезімімді осылай қабыл алған.