Мұхтар Шерім, сатирик: «Уа кімсің, Мұхтармын...»
Әкем жетім өскен екен. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданының тумасы. Жас кезінде Бәйдібек ауданына жұмыс бабымен барыпты. Сонда анамды көріп, ұнатып, шаңырақ көтереді. Кіндік кескен ауылында туған-туысы болмағандықтан, нағашы жұртымызда тіршілік кешкен. Менің балалық шағымның барлығы сол нағашы ауылымда өтті.
Мектепке алғаш барғаным есімнен кетпейді. Алғашқы қоңырау соғылар сәтте үйден мектеп формамды киіп, анам екеуміз жолға шықтық. Ауылдың ортасында ағып жатқан өзен бар еді. Екеуміз асығып, өзен үстінен түскен көпірге жақындадық. Сөйтсем кімнің екенін білмеймін, көпірдің дәл ортасына біреу арбасын қойып кетіпті. Сол арбаны айналып өте бергенімде аяғым тайып жығылып, мұздай суға гүмп ете қалдым. Күздің қара суығында шомылып алған мені анам дереу судан шығарып алды. Үйге кері қайтып, киімімді ауыстырып алуға болар еді, бірақ шешем мектептегі салтанатты жиыннан, директордың құттықтауынан құр қалып кетеміз бе деп, әрі қарай жүріп кетттік. Мен суым сорғалаған күйі оқушылардың қатарына тұра қалдым. Мектепті алғаш аттаған оқушылар деп бізді таныстырып жатқан. Бір кезде салтанатты кешті жүргізіп жатқан біреу менен «фамилияң кім?» деп сұрап қалды. Жауап қата алмадым. Себебі тісім-тісіме тиіп, сақылдап, дірілдеп тұрғаным соншалық бір ауыз сөз айтуға шамам келмеді. Менің алғашқы қоңырауым осылай өтті.
Бұрын қыздардың шаштарының барлығы ұзын болушы еді ғой. Қолаң шаштарын қос бұрым етіп әдемілеп өріп қоятын. Мен әдейі қыздардың артына отырып алып, партаның бір шетіне шашын білдіртпей байлап қоюшы едім. Мұғалім «пәленшеева» деп шақырған кезде қыз орнынан тұрып қалмай ма, сол кезде байланған шаштан бастары қақшаң ете қалады. Мына көріністі көріп, мен ішек сілем қатып күліп аламын. Сол үшін ұстаздардан талай рет таяқ жеп, бұрышта тұрдым, енді жасамаймын деп те уәде бердім. Бірде әдебиет сабағында «Уа кімсің, Ыбыраймын» деген өлеңді талқылап жатқанбыз. Мұғалім менен өлеңді жатқа айтып беруімді сұраған кезде мен «Уа кімсің, Ыбыраймын» деудің орнынан «Уа кімсің, Мұхтармын» деп жұртты бір күлдіріп алғанмын. Сатираға деген қызығушылығым сол кезден бастап ояна бастаған секілді.
Әйтеуір, ауыл балалары ойынға тоймайтын. Қас қарайғанша шпион, асық, тиын аудару, ләңгі секілді ойындардың соңынан жүріп, жалықпаушы едік. Мен машина, тракторлардың дөңгелектеріне қатты қызықтым. Шамама қарамай үлкен таркторлардың дөңгелектерін алып, ағаштан руль жасап соны сүйретіп жүрдім. Өзімнен екі есе үлкен дөңгелекті сүйретіп жүріп иегімді қанатып алғаным бар. Сонда әкем (ол кісі мал дәрігері болатын) дәрі-дәрмегі салынған жәшігін босатып, төрт жеріне дөңгелек жалғап берді. «Көлікті» көргенде есім кетіп, үйдегі інілерімді, қарындастарымның барлығын ертіп алдым да ауылдан бірнеше шақырым жердегі қырдың басына арбамен қоса шығардым. Бауырларыма қызық болсын деген оймен арбаға барлығын отырғызып, қырдан еңіске қарай итеріп жібердім. Бір кезде көзім шарасынан шығып кете жаздады. Қырдан төмен қарай құлдилаған арбам жарты жолда шашылып, бауырларым жан-жаққа ұшып кетті. Бірі жылап, бірі жараланып жатыр. Жүгіріп барып, олардың ашуларын әрең басып, әкеме айтпаңдар деп біраз жалынғаным бар. Не жазығым бар екенін қайдам, ауылда екі жас үлкен Абылай деген бала бар еді, сол мені көрсе болды дікеңдеп, үлкендігін көрсетіп, жұдырығын ала жүгіретін. Інілеріммен балық аулап, шелегімізді толтырып қайтып келе жатсақ алдымыздан Абылай бұзық тағы шығып қалды. Шелекке көз қиығын тастап, балықтарды тартып алмақ болып тұр. Мен намысқа тырысып балықтарды бермеймін деген едім, төбелес шығаруға дайын тұр. Сол сәтте Абылаймен құрдас жігіттің «Сен одан қорықпа, егер бірінші болып оны ұрсаң сенен аяқ тартатын болады» деген ақылы есіме түсіп кетті. Көзімді тарс жұмып, бар күшіммен жұдырықты сермеп қалдым. Көзімді ашсам қолым қанап кетіпті, ал Абылай жерде шалқасынан жатыр екен. Мына тосын ерлігіме өзім таңырқап қалдым. Осы оқиғадан кейін Абылай менің жанымда жалтақтап, жылы сөйлейтін болды.
Аздап тентектігім болғанымен, сабақ үлгерімім жақсы болды. Әсіресе, кітапқа деген әуестігім ерекше болды. Алтыншы сыныпта «Аспандағы айқас» деген шығарманы оқыдым. Ұлы Отан соғысы жайлы баяндалған кітапты оқып отырып, өзім сол отты жылдарға сапар шеккендей әсерде болдым. Басқа–басқа сол кітапты өзгелерден қызғанып, ешкімге бермей жүрдім. Бірде үйге келсем анам кітабымды шырақтың астына қойыпты. Оған шырақтың майлары тамып, біраз былғанып үлгеріпті. Сүйікті кітабымды былғаған анама ренжіп, жылап қалдым. Сол кітап үйімде әлі сақтаулы тұр.
Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде химия пәнінен дәріс беруге жаңадан жас мұғалима келді. Ойынды тастап, есейе бастаған кезіміз. Алғашқы сезімдердің ояна бастайтын тұсы да сол жоғары сыныптың кезі қой. Не керек, мен сол жас мұғалімді ұнатып қалдым. Оны көрген сайын ішімнен «өскенде мен осы апайға үйленемін» деп қоямын. Сезімімді бір досыма айтқан едім ол «өзіңнің есің дұрыс па, сен өсемін дегенше апайымыз кемпір болып қалады ғой» деп айтқан еді. Бала көңіл, бала махаббат не істетпейді десеңізші?!