Ауыт Мұқибек, ақын: «Бастықтың қызына ғашық болдым»

Oinet.kz 15-04-2019 1320

Менің туған жерім-- Қытайдағы кілең қандастарымыз шоғырланған Іле қазақ автономиялық облысы.  29 жасыма дейін, яғни  балалық және бозбала шағымның барлығы сол маңда өтті. Әкем сауаты жоқ, хат танымайтын қойшы болатын. Жайлауда әр сайдың ортасында бес-алты қара үй ғана тігулі тұратын. Сол әр үйдің санаулы ғана балаларының сүйікті ісі-- ат жарыс еді. Жылқы жануарға мінбейтін, шаппайтын бала болмайтын. Үй шаруасынан, сабақтан  қол босаса болды  аттың үстіне қонып, кең жайлауда көкпар шауып, бәйге тартысу  ауыл балалары үшін күнделікті тіршілік. Сол кезеңнің балалары секілді бізде асық атып ойнадық.      

Screenshot_7.jpg

Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдары халық ауыр жағдайларды басынан өткеріп жатқан кезең еді. Ел өкіметтен өлердей қорқып, еркіндікті сезіне алмады. Жоғарыдағы биліктің қойшыларға да қояр талаптары тым қатал болды. Ішерге ас, киерге киім таппай отырса да қойшылар  қой соймақ түгілі бір жапырақ етті жеуге үрейленетін. Қойды сойсаң үлкен қылмыс саналды ғой ол заманда.  Бірде әкем қатты қиналған болу керек, «басымды шауып алса, алсын» деп, жайлаудан бір қойды әкеліп сойып тастады. Анам байғұс шырылдап, ешкім біліп қоймасын деп  бәйек болып жүр. Сол күні үйде ет асылып, ішек-қарнымыз бір майланып қалды. Қалған етті тығып тастадық. Еттің иісін сезгендей сол уақытта жайлауға  араларында  ұйғыр, дүнген, қытайы да  бар бір топ  ауыл басшылары келіпті. Қонақ болған  үйлерінің барлығы құр шаймен шығарып салған болу керек. Майлы тағам бұйырмаған соң басшылар бір төбенің басына барып ақылдаса келе «Ет болса, осы Мұқибектің үйінде болу керек. Сонда тарттық» деп біздің үйге келді. Шақырусыз қонақтардың бірі далада ойнап жүрген мені шақыртып алып: «Үйіңде ет бар ма, балақай?» деп сұрады. Аңғал бала көргенін жасырып қалсын ба, «Кеше әкем қой сойған. Біз тойып ет жеп, сорпа ішіп алғанбыз. Қалған еттерді мында тығып қойдық» деп жасырған жерді де көрсетіп бердім. Мына жаңалықты естіген әлгілер  әкемді мына тірлігі үшін соттап жібереді ме деп кәдімгідей абыржып қалды. Ішінде әкемнің замандасы Қанабек ақсақал да бар еді. Ол әзілдеп «Бәсе, жайлаудағы қой неге азайып кеткен десем, сенің әкең шетінен сойып жеп жатыр екен ғой» деп әзілдегені бар еді. Кешке қонақтарды әкем үйге шақырып, етін асып, жақсылап күтіп жіберді. Сонда барлығы өзара түсіністікпен «қылмысты» әшкере етпей, өз жолдарымен жүріп кетті. Кейіннен апам «Ауыттың көзінше мал союға болмайды екен» деп ылғи айтып жүретін. Келесіде қой соятын кезде мені ұйықтатып тастап жүріпті ғой.              

Мектепте өте жуас оқушы болдым. Адам баласымен төбелескен емеспін. Ешкімге соқтығыспайтын болғандықтан маған да ешкім тиісе қоймайтын. Біз киімге жарыған емеспіз. Бір киімді кем дегенде бес жыл киген шығармын. Мұны менің замандастарым жақсы түсінетін шығар.  Кімнің, қайдан әкелгенін білмеймін үйде бір мата пайда болыпты. Шай үстінде анам матаны алып «осы байғұстың киімі алым-жұлым болып кетті. Матадан Ауытқа бешпент пен шалбар тігіп берейік» деп айтып қалды. Мына сөздерді естіген менде ес қалмады. Анамның көзі нашар көретіндіктен, киім тіге алмайтын. Содан ертесіне киімді Қағазхан құдағидың үйіне барып тіктіретін болдық. Ол кісінің тігін мәшинесі болатын, өзі ісмер тігінші еді.  Ауылға келген кісілердің бірінен төс қалтасы бар шапанды көрген болуым керек, анама бешпентке төс қалта тіктірейік деп жеткенше айтып бардым.  Құдағидың үйіне жеткен соң, амандық-саулық сұрасып, келген жөнімізді айттық. Екі құдағи бір-бірін ұзақ уақыт көрмеген екен, отырып алып дүниенің әңгімесін айтып тастады. Әңгіме айтып отырып, құдағимыз киімді тігіп отыр. Менің екі көзім тігіншінің қолы мен киімде. Анам төс қалтаны қашан айтады екен деп тағатссызданып отырмын. Ал шешемнің айтатын түрі жоқ, өзім айтайын десем құдағидан бата алмай отырмын. Бір кезде ол тігілген бешпентті қолыма ұстата салды. Қарасам төс қалта тікпепті. Ызадан жарылуға шақ қалдым. Бірақ үйден үнсіз шықтым. Шыға салып, анама «төс қалта тігіңіз деп айт дедім ғой сізге, неге айтапдыңыз?» деп жылап жібердім. Сонда ол «Ойбай-ай құрғыр, есімнен шығып кетіпті ғой» деп кері қайттық. Құдағиға келіп «мына была төс қалта тігіп бер деп мазамды алып қоймады. Қалауын орындап бере салшы» деді шешем. Мен есіктің аузында тігінші ұрсып жібере ме деп жанымды шүберекке түйіп тұрмын. Жоқ, мен ойлағандай болмады. Ол дереу тігін мәшинесін іске қосып, матаны қиып алды да тарсылдатып тігіп бере салды. Бірақ онысы кішкене қисықтау болып қалыпты. Сол күні қисық қалтаға да риза болып қайттым. Әлгі киімді біраз жыл үстімнен тастамай киген шығармын.          

Қарап тұрсам өзімше түріме қарамай өңшең бастықтың қыздарына ғашық болыппын ғой. Училищеде оқып жүргенде аудан әкімінің қызымен курстас болдым. Үш жыл бірге оқысақ та момындығымнан сезімімді оған білдіре алмадым. Ашып әңгімелеспесек те бірге тамақтанып, кейде киноға да барып жүрдік. Сөйтіп жүріп оқу бітірдім, жұмыс істедім. Жасым отызға келгенде әлгі қызға барып «Мен саған сол кезде ғашық едім» деп ақыры мойындадым ғой. Бірақ ол уақытта қыз тұрмысқа шығып, бала тәрбиелеп отырған аналардың бірі еді. Кезінде ғашығыма қолым жетпегенмен, кейіннен дос, группалас ретінде араласып тұрдық.              

Бала күнгі арманым дәрігер болу еді. Бірақ ол қиялыма жете алмадым. Әйтсе де қазіргі таңдаған жолыма еш өкініш білдірген емеспін.   

Жарылқасын Дәулет: «Арба айдаған әкемнің рухымен өстім»
Мақсат Толықбай: «Ағасының тойын басқарып, қарындасын алып қайттым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу