Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Туған өлкем Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Майбұлақ совхозы. Ағыбет ауылындағы қара шаңырағым кешегі өткен қызықты күндерімнің куәгері. Әкем дүниеден ертерек озып кетті. Бірақ әкемнің ағасы маған және бауырларыма жетімдікті сездірмеді. Бір шаңырақ астында әкемнің ағасының отбасымен бірге ғұмыр кештік. Екі ананың алақанын сезініп жетілдік. Нағашыларымның және екінші анамның төркіні көрші ауылдарда болатын. Сол үш ауылдың арасын әбден тоздырдым.
Жаздың күндері шөп тасудан, қозы бағудан қол тимейтін. Үйдегілер шаруаға қолғабыс етсін деп Серік және Берік деген жиендерімді шақыртып алатын. Серіктің менен екі жас үлкендігі бар. Үшеуміз таңертең қозы бағуға үйден бірге шығамыз, бірақ қиқар мінезді Серік жол-жөнекей ойын қуып кетеді. Амалдың жоқтығынан екеуміз қозыларды айдап, жайлауға тартып тұрамыз. Бірде кешке қозыларды айдап әбден қалжырап үйге сүйретіліп келгенбіз. Әдеттегідей атам (әкемнің ағасы) малды қораға санап кіргізді. Қырсыққанда бір қозы кем болып шықпасы бар ма. Содан атамыз ашуланып, Берік екеумізді шыбықпен тартып қалды да, «қозысыз үйге кірмейсіңдер» деп, көшеге қуып шықты. Далаға қарасақ күн ұясына батып, түн көрпесін жамылуға таяу қалыпты. Қозының қай қырдың етегінде, қай үйдің қорасында адасып жүргенін кім білсін, әйтеуір қараңғыда оны іздеуге біздің жүрегіміз дауаламады. Сонда Берік қапаланып «осы қақпас қашан өледі екен, тезірек өлсе жақсы болар еді, сонда ешқандай қозыны іздемес едік» деп айтқаны бар еді. Сол таяғын жеп өскен атамыз Берік ержетіп, оқу бітіріп, қызмет жасап жүргенге дейін, жас тоқсаннан асып барып өмірден озды. Жарықтық атамыз өте қатал әрі мықты кісі болатын. Шіліңгір шілдеде ораза тұтып, шөп шауып жүре беретін. Адам қартайған сайын бала секілді көңілшек болып қалады деген сөз рас екен ғой. Жүзінен қаһары есіп тұратын атамыздың кішкентай сағаты болушы еді. Таңертең сағат бесте белгі беріп оятатын. Атам сол сағаттағы оятқыштың сары тілі түнде, ал ұзын тілі күндіз жүреді деп ойлайды екен ғой.
Жоғарыда айтқан Серік ұрлықтың түбін түсіретін. Анам біреудің затын ұрлама, ала жібін аттама деп ұдайы құлағыма құйып жүретін. Бірақ өзгенің бақшасындағы тәтті қауынды көргенде аузымның суы ағып, ауылдағы Серік бастаған «кішкентай қарақшыларға» қосылып, мен де жиі ұрлыққа түстім. Бір қызығы бақшаның егесі ұрлықтан кейін әрдайым Серікті ұстап алатын. Себебі оның бір аяғынының үш саусағы жоқ болатын. Айтқанынан қайтпайтын Серік балалармен ерегісіп, жігіттігін дәлелдеймін деп балтамен үш саусағын шауып алған. Намысшылдығы сондай бір емес үш бірдей саусағынан айырылса да қыңқ етпестен қан сорғалаған аяғына топырақ сеуіп жүре берген ғой. Балалардың барлығы жалаңаяқ жүргендіктен әлгі қожайын Серіктің бақшадағы аяғының ізінен танып қояды екен ғой. Ол кейіннен аяғына етік те киіп ұрлыққа түсіп көрді, матаны да байлап көрді бірақ, бәрібір тұтылатын Серік. Неге екенін қайдам, асық пен ләңгі ойнауға онша икемім болмады. Алайда жоғарғы, төменгі ауылдың жігіттері болып шапқан есек көкпардан жеңіліп көргенім жоқ. Кейде екі ауылдың жігіттері төбелесіп тарқайтын.
Топыраққа аунап өскен ауылдың балдарына қалаға бару арман болушы еді. Жетінші сынып оқып жүргенде бір жігіт сегізінші сыныптан кейін Шымкентке техникумға оқуға түсті. Қаладан оралған оны бәріміз қоршап алып «қала қандай екен, онда не бар?» деп жан-жақтан қаумалап сұрап жатырмыз. Ол болса «қала деген керемет екен, онда троллейбус» бар дейді. Біздің аңқаулығымыз соншалық троллейбустың не екенін білмеппіз сол кезде. Қаладан келген жігіт біз «мәссаған» деп таңырқаған сайын бізді одан әрі қызықтырып «троллейбусқа тек аялдамадан ғана мінеді, басқа жерден тоқтамайды» деп әр келген сайын көрген білгегін айтып келетін.
Айналамның бәрі мейірімді жандар болды. Сонда да әкенің орны үңірейіп тұрады екен. Анам ылғи «әкем қайда?» деп сұрағанда «трактордың оқуына кеткен» дейтін. Бірде ойнап жүргенде балалар «сенің әкең қайда? деп сұрап қалды. Мен «тарктордың оқуына кеткен, ол міндетті түрде қайтып келеді» деген едім, біреу «сенің әкең келмейді, ол өлген» деп айтып салды. Көңіліме тастай болып тиген мына сөзді ести сала үйге жүгіріп, анама «пәленше әкемді өліп қалған деді, рас па?» деп сұрадым аласұрып. Анам байғұс мені алдауратып «кім айтты оны, әкең трактордың оқуына кеткен , олар сені алдаған ғой» деді. Бірақ мен қайта-қайта сұрап, мазасын ала берген соң анам шыдай алмай, жаралы жүрегін тырнай бергеніме қатты ренжіп «әкең өлген, ол енді ешқашан қайтып оралмайды, келмейді» деп көз жасына ерік бергені әлі көз алдымда. Ащы шындықты бала жүрегім көтере алмаған болу керек, қатты өскіп жылағаннан есімнен танып қалыппын. Сол күннен кейін анамнан әкем туралы сұраған емеспін. Жүзін жадымда сақтай алмасам да мен анамның арқасында әкемнің рухымен өстім. «Сенің әкең ғажап адам еді, ол кішкентай адамға да алданып қалатын жаны таза еді» деген анамның сөздерінен кейін әкеме деген сағынышым, құрметім ұлғая берді. Кезінде арба айдаса да мен оны ауданның, республиканың бас хатшысынан да, патшадан да артық санадым.
Өмірден өткен жандардың артында қалған заттары жақындары үшін ескірмейтін естелік болып қалады емес пе? Үйде Дәулет атамыздың тақиясын мен ес білгеннен үйдегілер қадірлеп сақтады. Атамыз заманында ортасына сыйлы, әрі бай болса керек. Кеңес Одағының солақай саясаты кезінде атамыздың бар дүние-мүлкін тәркілеп алған. Сонда ауылдағы ақсақалдардың үйінде Дәулет атамыздың құран кітабы мен самаурыны сақталып қалған екен. Жәдігерлерді кейіннен олар біздің қолымызға табыстады. Қасиетті құран кітап пен самаурын да қазір інім Оразхан тұтқа болып отырған қара шаңырақта әлі сақтаулы тұр.