Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Тура сол күні барша жұрт Қадыр түнін қарсы алып жатқан. Жарас Уәлиев деген курстасым бар еді. Жатақхананың біріне сыныптас досына жолығып келейік деп өтінген соң «студенттердің екінші үйіне» жол тарттық. Келсек досы бөлмесінде жоқ болып шықты. Жанындағы жолдастары «күте тұрыңдар, келіп қалар» деген соң дәлізге шығып тұрдық. Біреуді күткен кезде уақыт шіркін тоқтап қалғандай болады ғой. Екі көзіміз төрт болып тұрғанда дәлізден бір сұлу қыз ары-бері өтіп қоймады. Жанымыздан өте шыққанда мен қырындап, есімін сұрап қоямын. Бірақ ол жақ ашпады. Содан қай есікке кіреді екен деп артынан аңдып тұрдым да, бөлмесін анықтап алдым. Бір кезде ол бөлмесінен қайта шықты да асхана жаққа қарай беттеді. Сөйтсем ол бауырсақ пісіріп жүр екен. Сұлу қызға ойым кеткен соң, ақыры танысып кетейін дедім де, сол сәтті пайдаланып, қыздың бөлмесінің есігін қақтым. Ананы-мынаны сылтауратып, әңгіме айтып қыздардың бөлмесіне кіріп алдым. Әйтеуір қыздармен тез тіл табысып кеттім. Сондағы бар ойым бауырсақ пісіріп жүрген қызбен тағы дидарласып, жақынырақ танысып алу болды. Сөйтіп отырғанда ыстық бауырсағын көтеріп, күттірген аруым да кіріп келді. Мені көргенде бөлмесіндегі қыздардың бірінің танысы деп ойласа керек сөйлеген жоқ. Бірақ мен бөлмедегілердің барлығын әңгімеге ұйытып әкеттім. Сол күні қыздардың бөлмесінде құран оқып, шәй ішіп, бауырсақ жеп қайттым. Осы кештен соң біз жиі-жиі кездесіп тұрдық, бірге фильм тамашалап, өзге ғашық жандар секілді саябақтарда серуендедік. Бұл кездесулер бір-біріміздің жан дүниемізге көбірек үңілуге мүмкіндік беріп, сезімдеріміздің шынайы екенін ұқтырғандай болды. Араға екі жылдай уақыт салып Ләззат екеуміз бір шаңырақ астында өмір сүруге бел байладық.
Отбасыма шаңырақ көтеретінімді айтқан соң, тойдың қамына кірісіп кеттік. Әке-шешем, туыстарым бір басымның екеу болатынына қуанып, болашақ келіндері жайлы бәрін білгісі келіп, менен әр нәрсені бір сұрап жүр. Қыздың әке-шешесі қандай адамдар, нендей қызмет жасайды екен, неше ағайынды? деген секілді сұрақтарды жаудыртып жатыр. «Білмеймін, сұрамаппын» деген едім, туыстарымның барлығы таңқалды. Сонда бір жеңгем «Құдай біледі, сен оның руында білмейтін шығарсың?» деген еді, ойланып қарасам шынымен де тіпті, Ләззаттың руын да сұрамаппын ғой. Ол да менен қазбалап ештеңе сұрамағандықтан той алдында жақындарын мен секілді бір таңқалдырып алыпты. Қазір ойлап қарасам екеуміз де аңғал болған екенбіз ғой немесе заманымыз солай болған шығар.
1997 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Амансай ауылында тойымыз өтті. Ол жылдары тойды үлкен тойхана, мейрамханаларда өткізу деген жоқ еді. Кең аулаға үлкен палатканы тігіп, 400-500 қонақты бір-ақ шақырдық. Төрдегі кілемге сәндеп «Сұлтан Ләззат» деп жазып қойдық. Сол жылдары тойды камераға түсіру енді ғана «мода» болып жатқан. Телеарнада жұмыс істейтін досым бар еді. «Тойыңды қатырып түсіріп беремін» деп камерасын арқалап келген. Одан бөлек қуанышыма ортақтасуға бірге оқыған курстастарым Жанатбек Бәйтеков, Сәбит Әбдіхалықов, Сағаділдә Үсіпәлиев, Жарас Қалдарбаев, Сафуан Шәймерденов секілді қазір ел алдында жүрген азаматтар қатысты. Асабалық қызметті Жанатбек атқарды. Тойымыз әне-міне деп жүріп, түнгі 11-де бір-ақ басталды. Қазіргідей тойға мың бұралып билейтін дайын биші, әншілер қатыспайтын. Әзілқой, көңілді достарымның арқасында қонақтар көтеріңкі көңіл күйде отырды. Тіпті, Жанатбектің әзілдерін тыңдаған жұрт таңға дейін тарқаған жоқ. Әбден билеп, сөз сөйлеген қонақтарға қақиып тұра бергеннен мен қатты шаршап қалдым. Асабаның да діңкесі құрыған болу керек соңында «Құрметті жеңгелер, қорадағы сыйырларды өріске айдайтын уақыт болды, үйлеріңізге қайтыңыздар» деп әрең шығарып салған. Сөйтсек шынымен де таң қылаң беріп атып қалыпты. Жанатбектің сөзін тойға қатысқандар әлі күнге дейін айтып жүреді. Ал тойымыздың кассетасын бүкіл ауыл кезек-кезек екі жылдай көріп шықты ау деймін. Қанша дегенмен ауылдағы таспаға түсіріліген алғашқы тойлардың бірі болды ғой.
Руын да білместен үйлеген Ләззатпен қазір отандасқанымызға 17 жылдың жүзі болып қалыпты. Жалпы әйелдерді түсіну қиын ғой. Бірге ғұмыр кешіп келе жатсақ та оның талғамының қандай екенін әлі күнге дейін ұға алмай келемін. Әсіресе, сыйлық таңдар кезде қиналамын. Сондықтан сыйлықты көбінесе «қалағаныңды сатып аларсың» деп ақшалай беремін. Бірақ жар таңдауда қателескен жоқпын. Ләззат ә дегеннен менің ата-анамның, туыстарымның көңілдерін баурап алған. Олар менен гөрі жарымның көңіліне көбірек қарап, құрмет білдіріп жатады. Мұның барлығы оның көпшілдігінің арқасы деп білемін. Сахнаның адамы болғаннан соң артыңнан дәйексіз сөздер ілесіп жатады. Ол мұндай жел сөздердің ешқайсысына мойнын бұрып қараған емес. Орынсыз жерге араласып кетпейді және кешірімшіл. Кейде іс-сапармен апталап үй бетіп көрмей кететін кездерім болады. Сонда әйеліме қоңырау шалып «Жұрттың әйелдері күйеулерін үш сағат көрмей қалса хабарласып, іздеп жатады. Сен неге мені іздемейсің? Жырақта жүргеніме екі күн болды, әлі бір хабарласып, жағдайымды сұраған жоқсың, саған ренжідім», деп әзілдеп қоямын.
Қасиетті қадыр түні табыстырған жарым екеуміз қазір екі ұл бір қыз тәрбиелеп отырмыз.