Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Біз бір-бірімізді бала күнімізден танушы едік. Дәлірегі ата-аналарымыз достар болатын. Сол кісілердің достықтарының арқасында оны жиі-жиі көріп, араласып тұрдық. Әрине, ойын баласы болғандықтан басында оған таныс, дос ретінде қарап жүрдім. Ол бойжетіп, мен ержеткен соң арамызда махаббат ұшқыны пайда болды. Бастапқыда үш-төрт жылдай қыз бен жігіт ретіндеқараым-қатынас құрдық. Екеуміздің сезімімізге дәнекер болған тағы да ана-аналарымыз. Бірақ перзенттерін зорлықпен қосқан екен деген ойдан аулақ болыңыздар. Екі жаққа Нұргүлге үйленетінімді айтқанда ескі достар құда болып шыға келгеніне таңырқап, әрі қуанышпен қабыл алды.
Нұргүлге сөз салуым да қызық болды. Сезімімді қыздың бетіне тіке қарап айтуға батылым жетпеген соң кішкентай сақина сатып алдым. Сүйгенімді кездесуге шақырып алып, ұсынысымды қалай айтарымды, неден бастарымды білмей әбден састым, бір жағынан ұялып тұрмын. Сөз таппаған соң бірден қалтамнан жүзікті шығардым да, ғашығыма ұсындым. «Жауабын күтем» дедім. Қыз да ойымды бірден түсінді білем, артық сұрақ қойған жоқ. Жүзіне қарасам ұялғаннан екі беті қызарып қалыпты. Әйтеуір сол күні бір-бірімізге ашыла сөйлеспестен қоштастық. Ал содан қыздың жауабын күтейін. Бір күнім бір ғасырға татығандай болды. Үшінші күн дегенде күттірген жауап келді. Ол жауабын бетпе-бет айтуға ыңғайсызданған болар, хатқа жазып жіберіпті. Ашып оқысам бір ғана «Келісемін» деген жауап тұр екен. Маңдайымнан тер бұрқ етіп, қуаныштан жүрегім жарыла жаздады.
Содан бірден тойдың қамына кірісіп кеттік. Мен үйдің тұңғышымын. Бұрын әке-шешем үлкен той жасап көрмегендіктен, тойдың алдында қатты абыржыды. Отбасымыздағы алғашқы тойдың әрине кем-кетіктері болды. Өзім әртіс болсам да «етікші етікке жарымайды» дегендей, ансамбль жағын қатырмаппын. Бірақ Уәлибек, Жүкең бастаған театр ұжымы тойдың сәнін кіргізіп жіберді. Нұргүл екеуміз әлі күнге дейін айтып отырамыз «сенің мінезің құбылмалы ма, әлде меніңкі ме» деп. Өйткені тойымыз өтетін күні түске дейін күн шайдай ашық болып, түс қайта аспан тесілгендей тоқтаусыз жаңбыр жауып, біраз әбігерге салғаны бар. Бұл 2001 жылы еді.
Нұргүл Түркістан қаласының тумасы. Негізі мамандығы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Әженің тәрбиесін көргендіктен бе, бойында ұяңдық, инабаттылық бар. Әйел адамның бойындағы ең бірінші сезім ол – қызғаныш. Әртіс болып, елді-жерді аралап жүрген соң кейде қызғаншын білдіріп қояды. Бірақ бәрібір бойында қазақилық тәрбие басым, сондықтан онысын сыртқа білдірмей жәймен ғана өзіме айтып қояды. Ешқашан бет алды айғайға басқан емес. Ең бастысы біз-бірімізді сөзсіз түсінісуге үйренгенбіз. Көзімізге, қас-қабағымызға қарап ішкі айтар ойымызды біліп отырамыз.
Қазір Құдайдың берген екі ұл, бір қызын тәрбиелеп отырмыз. Жақын арада төртінші перзентіміз дүниеге келмек. Шаңырақ көтергенімізге биыл 13 жыл болыпты. Жарымды мереке сайын, жай күндері де сыйлық беріп қуантып тұрғанды ұнатамын. Бірақ отбасыммен шетелдің, еліміздің демалыс аймақтарына барып демалуға әлі уақыт таппай жүрмін.