Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Мен алғашқы күйеуіммен (Бейбіт) Шымкентте университетте оқып жүргенде таныстым. Бейбіт сол қаланың жігіті. Мен Шымкенттің ауылынанмын (кейін ата-анам Ақмола облысына көшіп кетті). Екеуміз де, бір-бірімізді бір көргеннен ұнаттық.
Үш жыл көңіліміз жарасып, қаз-жігіт болып жүрдік. Университет қабырғасында жүргенде жұбымыз еш жазылған емес. Бір-бірімізді ренжіткен кезіміз де болған жоқ. Бір-бірімізді қатты сүйетінбіз. Университет бітірген соң үйлендік. Бейбіт анасының жалғыз баласы екен. Әкесі жоқ. Білетінім Бейбітті анасы жалғызғыз өсірген. Айтуынша баласының жайын ойлап, қайта тұрмысқа шықпаған. Бейбіттің анасымен алғаш күннен-ақ құрбыдай болып кеттік. Отағасы жайлы айтпағанмен, өзге сырын меннен бүкпейтін. Сондықтан да болар мен де ештеңе жасырмайтынмын. Ол кісі мені алақанына салып ұстады десем артық айтқаным емес. Бейбіт те алғашқы үш жыл мен дегенде құрақ ұшып тұратын. Біріқ...
Бірақ, екінші қызымыз дүниеге келген жылы Бейбіттің бойында бір өзгеріс пайда болды. Әрнені сылтауратып, үйге кеш келетінді шығарды. «Жолдастармен бір жерге барамыз» деп, кеш батқанда үйден кетіп қалуы жиіледі. Алғашқы кезде «жолдастарымын жүрген шығар» деп оған аса мән де бермедім. Оған қоса енем екеуміз кішкентаймен әуре болып отырамыз. Бір күні енем «осы Бейбіт кешке қыдыруын жиілетіп кетпеді ме?» деді. «Жолдастарымен жүрген шығар» деп едім, «жолдастармен жүрудің де жөні, мезгілі болады. Байқа, жолдан адасып жүрмесін» деді. Енемнің сол сөзінен кейін ойланып қалдым. Расымен де соңғы кезде Бейбіт түн ортасында, мен ұйықтап қалғанда келеді. Бұрынғыдай, келгенде мені еркелетіп, бетімнен де сүймейтін болған екен. Екеуміздің ерлі-зайыпты болып жақындаспағанымызға да біраз уақыт болып қалыпты. Бейбітпен ашық сөйлесуді ұйғардым.
Ертеңінде кешке Бейбіт тағы бір жаққа кетпекші болып жиналды. Мен әңгімелесуіміз керек деп едім «асығып тұрмын, келгесін сөйлесеміз» деп кетіп қалды. Бейбіттің бұл жүрісінің тек емес екенін ұқтым. Ол келгенше ұйықтамай отырдым. Бейбіт сол күні таңғы төртте келді. «Қайдан келдің» деген сұрағыма «жолдастармен сыра ішіп, бильярд ойнап...» деді. Бірақ Бейбіттен сыраның емес, әйел иіссуының иісі шығып тұрған еді. Соны айтып едім, ашуланды. Сол күні алғаш рет ұрыстық.
Ертеңінде үйдегілер жұмысқа кетіп, кішкентаймен жалғыз қалғанда Бейбіттің соңғы бір жылдағы өміріне, мінез-құлқына өзімше сараптама жасадым. Енемнің алаңдауы да тектен-тек емес екен. Соңғы жылда біз Бейбітпен бірге ешқайда қыдырмаппыз да. Қайда барсам да енеммен барған екем. Бейбіт, тіпті кішкентай қызын соңғы рет қашан қолына алып көтеріп, ойнатқанын да есіме түсіре алмадым. Байқасам, отбасына көңіл бөлуді мүлде қойған екен. Ойы басқа жақта екеніне енді күмәнім қалмады. Бейбіт жұмыстан келген соң ашық әңгіме бастадым. Күдігімді де жасырмай, жайып салдым. Енем де менің сөзімді қоштады. Енем екеуміз екі жақтан сөйлеп отырмыз. Бейбіттен ешқандай жауап болмады. Ұзақ үнсіз отырды да, бір кезде «егер менің бұл жүрісім сендерге ұнамаса, онда біржолата үйден кетем» деді. Мұндай жауап күтпеген мен тосылып қалдым. Енем «балам есіңді жи» деп көз жасына ерік беді.
Енем текке жыламаған екен. Көп ұзамай Бейбіт үйден біржолата кетті. Сөйтсек екі баласы бар бір әйелмен көңіл жарастырып жүрген екен. Соның қолына кетті. Мен шарасыз күйге түстім. Енем де, анам да «сабыр ет, адасқанын түсініп, бір күні қайта келеді, өзінің екі баласын тастап, біреудің балаларын бауырына баспайтын шығар» деп, тоқтау айтты. Өзімде де қайта келер деген үміт болды. Содан үйде енем екеуміз екі баламен қалдық. Кішкентайым жасына толған соң енем басқаратын балабақшаға жұмысқа тұрдым. Сөйтіп жүргенде екі жыл өтіпті. Екі жылдан соң енем мені өз орнына балабақша меңгерушісі етіп ұсынды (тамыр-таныстықпен). Өз мамандығым педогог. Жұмысты тез меңгеріп кеттім. Жұмысымда өзгеріс болғанмен, жеке өмірім өзгермеді. Бейбіт үйге қайтпады. Бір күні енеме Бейбітпен заңды түрде ажырасып, үйіме кететінімді айттым. Енем «мына үй жайдың бәрі сенікі, бәрін сенің атыңа жаздырам, екі баламен қайда барасың, мен өлгенше сенің қасыңда болам» деп жылады. Бірақ олай жасау мүмкін емес қой. Ажырасып, Ақмола облысында тұратын ата-анамның қолына бардым. Балаларыма анам қарап, мен Астанаға келіп жұмысқа тұрдым.
Көп ұзамай өзімнен үш-төрт жас кіші Еркін деген ауылдас жігітті кездестіріп қалдым. Ауыл аймақты, балалақ кездерді айтып біраз әңгімелестік. Одан кейін Еркін мені жиі іздеп келіп тұрды. Бірге қыдырып, киноға барып жүрдік. Бір күні Еркін сезімін білдірді. Мен оған екі балам бар екенін айттым. Ал ол үйленбеген жігіт. Бірақ Еркін соңымнан қалмады. Екі баламды өз атана шығарып алатынын айтып, болмай қойды. Әр келгенде балаларыма ойыншық әкеледі. Бірнеше рет Астанаға балаларымды әкеліп, бірге қыдырдық. Балаларым да Еркінге бауыр баса бастады. Еркін сол әрекеттерімен мені де баурады. Ақыры Еркінге келісімімді бердім.
Ол мені Шымкенке, ауылына әкелді. Алайда, менің екі балам бар екенін естіген Еркіннің ата-анасы мен әпкелері мені қабылдамады. Бірақ Еркін «бәрібір сені тастамаймын» деп отырып алды. Содан екі айдай Шымкентте тұрдық. Бірақ Еркіннің әпкелері қалаға іздеп келіп шу шығарды. «Қояйық» десем, Еркін көнбейді. «Астанаға барып тұрамыз» дейді. Енді Астанаға кеткелі жатырмыз. Бірақ алдымызда не күтіп тұрғанын білмеймін. Болашағымызға алаңдаушылықпен қараймын. Жоқ әлде осы бастан қойғанымыз дұрыс па? Бірақ Еркін қояр емес. Қандай шешім қабылдаған дұрыс деп ойлайсыздыр?
Гүлжан, Шымкент