Бәйбіше мұңы: Сүйіктімді өзгенің қойнынан таптым!

Oinet.kz 06-06-2022 2010

Мен қазір қатты күйзеліп жүрмін. Есімім – Гүлнұр. Жетісайдан жолданған бір келіншектің тебіренісі деп білгейсіз.

Screenshot_4.jpg

Мені күйеуіммен қайын сіңілім таныстырды. Перзентханада іс-тәжірибеден өтіп жүрген кезім еді. Босанып жатқан қайын сіңілім мінезімді ұнатып қалса керек. Осылайша Мирас екеуміз таныстық. Басында онша ұната қоймадым. Көп қыздар секілді оның маған көңіл бөліп, жатақханаға іздеп келгені ұнайтын. Бір күні оның көлігін ұрлап кетті. Бірақ ол байсалды кейіппен, қобалжымай жүре берді. Маған оның осы мінезі ұнады. Қолындағы барын ұрлап кетсе де, күйзелмеген адамға тағдырымды сеніп тапсыруға болады деп ойладым. Келін болып түскен соң, сүйіп кетермін деп ойлағанмын. Бірақ уақыт өтіп жатты. Одан бір сүйкімді қылық таппай қиналдым. Бала көтердім. Кету үшін баламды түсіретін дәрі іштім. Бірақ балам түспей қойды. Қансырап, ауруханаға түссем де, балам аман қалды. Тек кіналай көрмеңіздерші. Бұл қылығымның дұрыс емес екенін білемін. Тіпті қазіргі тартып жатқан азабым сол әрекеттерімнің кесірінен бе деп те ойлаймын. Күндердің күнінде күйеуімнің тасы өрге домалап, ісі алға жүре бастады. Бизнес ашты. 200 теңгені әрең тауып, маған кездесуге келіп жүрген жігіт іскер азаматқа айналып шыға келді. Оның серіктестері мен қызметтестерін үйде қонақ етіп күтетінмін. Қол астында Ұлжан деген қыз болатын. Хатшы қыз «әпке» деп жаны қалмай отырушы еді.Бірақ сол қыз менің күйеуімнен жүкті болып, менің дастарханымда қонақ болып жүріпті. Оның жүкті екенін естігенде отбасымның шырқы бұзылды. Баламды көтеріп төркінге кеттім. Күйеуім мен абысындарым кешірім сұрап келе берген соң, қайта келдім. Сосын ақылға келдім. Күйеуім Ұлжанның Шымкент қаласында пәтерде тұрып жатқандығын, ата-анасына жағдайы туралы жақ ашпағанын айтты. Атам мен енеме «Ұлжанды ауылға алып келіп, босандырып алайық, ешкімі жоқ екен», – деп едім, енем бұл ақылымды құп көрмеді. Көлденең көк аттыны үйге келін етіп кіргізбейтінін айтты. Осылайша қалаға барып, Ұлжанды босандырып, керек-жарағын алып беріп, бір ай бойы күттім. Баласын шомылдырдым. Бірақ туыттан ширай бастаған соң, ол күйеуіміз екеуімізді шағыстыра бастады. Ақыры соңында күйеуім маған ауыр сөздер айтты. Мені жеті қараңғы түнде далаға қуып шықты. Ұлжанның көксегені де осы болса керек. Мен қараңғыда, қыста далада қалдым. Олар ауылға кетіпті. Осылайша екеуі бірге тұра бастапты. Шаштараздың оқуын оқып, өлмегенге өлі балық деп күн кешіп жүре бердім.

Бір күні күйеуім келіпті. «Мен онымен тұра алмайды екенмін. Ол баласын алып кетіп қалды. Үйге қайтшы, өтінемін», – деп. Мен көндім. Бірақ әкемнен кешірім сұра дедім. Ол үйге кірді, бірақ әкемнен кешірім сұрамады. «Өзімнің қатын-балам, алып кетуге келдім»,– деп кеудесін керіп тұрды. Әкем әрине оның әрекетіне қатты налыды. Мен әкемді ренжіткен қалыппен оның қолынан ұстап кете бардым. Енді міне, осы шаңырақта тұрып жатырмын. Бірақ Ұлжан біржола кетіп қалмады. Күйеуім оған көлік алып беремін деді. Мен оған қарсы емеспін. Маған осы қарашаңырақ та жеткілікті. Сонда маған не жетпей жүр дейсіз бе? Енді күйеуім «мен сені емес, Ұлжанды сүйемін, өтінемін, үйден кетші, сен кетсең ол келер еді осы үйге» дегенді шығарыпты. Мен кетейін десем, ұлымды қалай бағамын? Ата-анамның жағдайы керемет емес. Қатал болса да енемді жақсы көремін. Атам да жақсы адам. Бірақ күйеуімнің апталап үйге келмей, келсе де мені көрсе қабағы салбырап, ұлымен ғана сөйлесіп, менің бар-жоғымды ескермейтіні жанымды жеп барады. Мен оқуымды да бітірмей, оның қолынан ұстап тұрмысқа шығып кете бардым ғой. Ұлым үшін барлығына шыдағым келеді? Бірақ қалай төзіп, осы қиындықты қалай жеңуге болады? Күйеуімді де жақсы көремін. Осы себептен хат жаздым. Жол нұсқаңыздаршы, өтінемін

Назым


Балжан Нұрғалиқызы

Қазақ психология қоғамының мүшесі Психолог-кеңесші:

Сіз сонда да соңғы мүмкіндікті жібермей күйеуіңізге ұнау жолдарын үйренуіңіз тиіс. Азаматыңызға сүйікті жар болу – сіздің міндетіңіз.

«Мен тамаша әйелмін, жақсы анамын», осы сөздерді күніне ішіңізден, немесе сыртқа шығарып айтсаңыз өзіңізге үйлесімді гармонияны оятатын боласыз. Сонымен қатар 5 негізгі қағиданы ұстаныңыз

1. Шұғылалы таң

Таңертең ұяқыдан оянғанда жақсы сөздерді оның құлағына сыбырлап оятыңыз.Таңертеңгілік асын дайындауды әдетке айналдырыңыз.

2. Сабыр сақтаңыз

Ренжіскен жағдайда мазасын ала бермеңіз, үйден қашуға дағдылана түседі.Туыстардың көзінше ренжіспеңіздер. Ашулы болсаңыз одан өшіңізді алмаңыз.

3. Бақыт гормондарын бөліңіз

Балаңызға әкесін мақтай жүріңіз. Жұмыстан келген уақытта күліп қарсы алыңыз. Жүзіңізден күлкі кетпесін. Күліп жүру кімге де болсын жарасады.

4. Күтім құдіреті

Ер азаматтардың көпшілігі әйелдердің хош иісті әтірлеріне қызығады,барынша хош иістеніп жүріңіз. Қолдарыңызға мән беріңіз, ер азаматтың қызығушылығы әйелдің қолдарына да түседі

5. Сенетініңізді білдіріңіз

Құшақтағыңыз келе ме, құшақтаңыз, оны ол қалай қабылдаса да өз еркінде. Сізге сын мен пікір айтса, түзетуге тырысыңыз. Өзіңізді сыйламасаңыз, құрметтемесеңіз сізді ешкім де сыйламайды.

Бұл өмірде бақытты әйел болуға толық құқыңыз бар.

Бақыттың кілті өз жүрегіңізде!

Syrlasu.kz

Сүйгенімді өзгеге өз қолыммен сыйлаппын…
Анам күйеуімді қуып жіберді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу