Сүйгенімді өзгеге өз қолыммен сыйлаппын…
МЕНІҢ АЯНЫМ
– Кешке «Пирамидада» кездесеміз бе?
– Уақытым жоқ, – дедім.
Жабырқап қалды.
– Кездесу керек еді.
– Басымды қатырмашы, а?!
– Сен қазір мақұл демесең, көшеге жүгіріп шығамын да, көліктің астына түсіп өле саламын.
– Маған бәрібір.
Аян жолға қарай жүгіре жөнелді. Тал арасынан атып шыға келгенде сүліктей қара шетелдік көлік ызғып келіп, тежегішін басып үлгерді. Рөлдегі жігіт түсе сала, жағасына жармасқан. Өң-түсі қалмаған.
– Сотталып кете жаздадым ғой, оңбаған!
Ұрып жатты. Аян қорғанған жоқ. Жұдырық үш-төрт рет жауып өтті. Салғырт тұра берді.
– Ұр, мені өлтіріп тасташы! Неге тоқтадың? Неге басып кетпедің?! Көліктің иесіне қарап көзі шытынай айқай салды. Анау абдырып қалған.
– Егер өлетін болсаң біреуді жаныңа байлап кетпей, өзің өл! Сені өлтіріп алып, сотталып кетіп, бала-шағамды аш қалдырар жағдайым жоқ. У ішіп өл, атылып өл, асылып өл… Інішек, құдай үшін енді жолға қарай жүгірме! Ол жол жиегінде жүрелеп отырып, алақанымен бетін басқан Аян мен әріректе үнсіз тұрған маған кезек-кезек қарап аз тұрды да, көлігіне мініп кете барды.
– Қарашы, мені ажал да керек етпеді.
Ештеңе де айтқым келмеді. Сағатыма көз жүгірттім.
– Маған қайту керек, – дедім.
Қолын көк түсті джинсы шалбарының қалтасына салып, кілтін шығарды.
– Өзім апарым саламын…
Сонау жерде қаңтарулы тұрған машинасына бет алған.
– Бармаймын! Бәрібір мінбеймін! Сені көргім келмейді!
Айқайлап жібердім. Жолай өтіп бара жатқан қыз бен жігіт бізге жалтақ-жалтақ қараған.
– Шын ба?
– Сені жек көремін!
Келе қалған таксиді тоқтатып мініп кеттім.
***
– Бізге енді үйлену керек, – деді ол.
– Жоспарымда жоқ.
– Апамның жазылмайтын ауру екенін білесің. Көп күні де қалған жоқ. Кеше тым құрыса алғашқы келінімнің босаға аттағанын көріп кетейін деді.
– Орындасаңшы енді арманын.
– Келісесің бе?
– Басқа мәселелерді бітіруім керек.
– Мектеп бітіргенше күт дедің, күттім. Университет бітіргенше күт дедің, күттім. Енді аспирантура… Үй ал дедің, алдым. Машина ал дедің, алдым. Күрсінді. Мұнысы ызама тиген.
– Жолыңды бөгеп тұрған кім бар? Алматыда қыз көп!
– Мен саған үйленемін деп өзімді сендіргенмін.
– Ал, мен сендірмегем!
– Әл үстінде жатқан анам үшін…
– Саған басқа қыз іздеген жөн.…Оның хабарсыз кеткеніне бір ай болды. Бастапқы апталарда оған мән берген жоқпын. Соңғы кезде жиі ойлай бастадым. Күнде көз алдымда жүргенге көзім жаттығып, бағаламай келгендеймін. Тым-тырыс кеткеніне мазасыздандым. Оны білетін көп жылдар ішінде тұңғыш рет жақсы ойладым. Еріксіз қағаз бен қалам алып, есімін жаза бердім: Аян, Аян, Аян… жүз рет, бәлкім мың рет жазған шығармын.
Кітапханада отырмын. Терезеден екі даңғылды кесіп жүйіткіген көліктер көлбеңдейді. Талдар арасынан Аян екеуіміз репертуарын жаттап алған орыс театры қарап тұр. Кітапты жаба салдым.
Аянға хабарласуым керек деп ойладым. Әлде… ауруханаға анасының жағдайын сұрап барсам ба? Бір ретте ауруханаға бірге баруды ұсынғанда бас тартқаным үшін өкінемін бе деймін. Кездесуім керек деп шештім. Кітаптарымды тез өткіздім. Сыртқа шықтым. Жазғы кафе көзге жылы ұшырайды. Мұнда Аян екеуміз талай келгенбіз. Түнгі клубтың да есігінде қара құлып. Оның жаны ақшам түсе кіреді. Бұл жерде Аян жақсы төбелесе алатынын дәлелдеген. Аяңдап алаңға да келіп қалыппын. Көлік астына түсіп, көз жұмбақ болатыны да осы тұс еді. Онысының ақымақтық емес, еркелегені екенін қалай аңғармағам?Жол бойында машиналардың қабаттасқан гуілі естіледі. Бұрылдым. Жас жұбайлар. Шаңырақтарың берік болсын дедім ішімнен. Ақ лимузин алдына жүрек формасындағы ақ гүлдер қыстырыпты. Мен жиырмаға толғанда Аян осындай екі мың бір ақ розаны сыйға тартып еді… Ешқашан да Аянды ренжітпеймін деп өзіме уәде бердім. Тас орындықтардың біріне тізе бүктім. Көңілді жастар әрірекке аялдапты. Ақ көйлекті қалыңдыққа көз тіктім. Қуыршақтай бойжеткен. Көйлегі керемет жарасады. Бір шоқ қызыл гүлін қоюға ескерткішке беттеді. Ал жанындағы күйеу жігіт… Өңіріне ақ гүл қыстырған, езуінде маған әбден таныс болған әдемі жымиысы бар күйеу жігіт – менің Аяным еді. Менің Аяным…
Лира ҚОНЫС